Өлеңдер ✍️

  27.05.2022
  204


Автор: Сәндiбек Жұбаниязов

Көкжиек

Алматы,
Көркің әсем,
даңқың биік,
Дегендей келген адам
қалсын сүйіп...
Қарайтын әсемдіктің
жан сүйсініп,
Қалайсың танытпауын
салқын кейіп.
Түндерде өлең өрдім
саған арнап,
Таңдарға тілек қосты ол
ағараңдап.
Төсіңде өлең қудым,
Тәлім алдым,
Табылды бойыңнан бар
қалаған бақ.
КазГУ-де өтті сәттер
таңдай қаққан,
КазГУ-де тұтанды шоқ
жанбай жатқан.
КазГУ-де талай ару
жұбын тауып,
КазГУ-де сан жігітке
той тойлатқан!
КазГУ бұл – бойдақтарға
майдай жаққан,
КазГУ бұл – тыныштықта
айқайлатқан.
КазГУ бұл – шамы өшпес
ешқашанда,
Батып күн,
атсын мейлі, таң қай жақтан.
Сұлулық бұл мекенде
көп қаншама,
Секілді Алатаудан
соққан амал.
Медеуден күліп аққан
мөлдір судан
Жан шөлі басылардай –
жоқты аңсаған.
Шегініп бірте-бірте
көктем кеші,
Теңге ұстап
қарашаның жетті он бесі.
Шақ еді топан ақша
демі біткен,
Әкенің салар және
жоқ теңгесі.
Нұр шашып
егемендік шырақтары,
Жүрекке үміт-сенім
тұрақтады.
Жанарың боталайтын кейде рас,
Ананы сағынғанда
жырақтағы.
Көп қарап
көк аспанның жұлдызына,
Көп қарап қызғалдаққа,
қырмызыға.
Желпілдеп
желік қуып жүргенімде
Еліттім елік мінез
Сыр қызына.
Жібектей еркелеген
Төлегенге
Жүректі
шат сезімге бөлегенде
Кезікті
кінә артқан мезет те рас,
Өзімдей құмарта алмай
ол өлеңге.
Түк таппай дүкеннен дос
сөресі бос,
Жастықты шынтақтайтын
сәл есінеп.
Тоюшы ек тоқашқа емес,
Мақтағанға:
“Ойпырмай,
жігіттің бұл төресі” деп.
Замандас бірі осал,
бірі мықты,
Айтқызбай
дәуір сырын ұғыныпты.
Осалы
мықтыларға ұқсап бағып,
Мықтысы
көрсетіпті ірілікті.
Өткенді осындай бір
заман бастан,
Өткір-ді оның сыны
ақ алмастан.
Бабалар рухының жебеуімен,
Жеттік біз осы күнге
жоғалмастан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу