Өлеңдер ✍️
Азамат апа
Бiлетiн жан
азамат дер сiздi, Апа,
Бiрге тоңар
ел деп бiреу мұздаса.
Сiз секiлдi
биiктерден сөз алған
Әйел заты көп те емес
бiзде аса.
Топ көбейтiп жүре бермей
құр сапта,
Жасыл шам боп
жол аштыңыз ұрпаққа.
Сiздей тұлға
шыңға өрлеген кейiнгi
Қыз бен ұлға
сүйеу болды сын шақта.
Күн кештiңiз
ұлттың жаны – Тiлде деп,
Тiлдiң бағы
сiздей жанмен гүлдемек.
Мектеп халi
мазаны алар бүгiнде,
Ауыл жайы оныменен
бiрге кеп.
Базбiреуден бұрынырақ
Арды ұға,
Қызмет емес,
парыз шығып алдыға,
Әдiлетке жақ болдыңыз
әрқашан
Адалдықты айналдырып
дағдыға.
Жемiсiмен
әрдайым да жақсы күз,
Жақсы күзге баламасыз
нақты сiз.
Еңбекпенен
шығарып сап әр күндi,
Еңбекпенен келген дәмдi
таттыңыз.
Бүгiнгi асқан асуыңыз
бiр белес,
Бұл белеспен
тек iзгiлiк iргелес.
Ұлт ұл-қызын баулыр
ұстаз қауымы,
Болғай сiзге тiлектес
һәм мүдделес.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter