Өлеңдер ✍️

  26.05.2022
  121


Автор: Сәндiбек Жұбаниязов

Үмбетбай ағаға

Бөлейді деп мені ертең
мың алғысқа,
Ұясы үміт артады
қыран құсқа.
Ырғыз биыл
тойлады елден ерек –
Жүз елуге толды өзі,
ұлы алпысқа.
Олқы соғар –
теңей бер көкке неше,
Ондай өлшем өмірде
жоқ немесе.
Бірін-бірі
даңқымен толықтырып,
Құшақтасты осылай
қос мереке.
Жырымменен
Ырғызға жетелейін,
Елдің бағы –
елесе жекені ұйым.
Тойға бару
қазаққа таңсық емес,
Бұлай келу өмірге
өте қиын.
Күтті ұя,
күттім мен,
күтті бәрі,
Бәрі күтсе –
жанарға шық тұнады.
Ағыл-тегіл төгілді
мың сан тілек,
“Тойың тойға ұлассын!”
– түпкі мәні.
Бір-бір алғыс арналды
әр қиялдан,
Әр қиялды тербеді
ән-күй арман.
Ұшып бара жатты олар
көкте бірге,
Бұл өлеңде
биігін қамти алман.
Туған жердің әр тасы,
төбешігі,
Тебіренді
түрткі боп ер есімі.
Тойың тойға ұласты
Алтын ұя,
Сізге де, аға, айтпақ ем
мен осыны!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу