Өлеңдер ✍️

  26.05.2022
  105


Автор: Сәндiбек Жұбаниязов

Бұла бейне

Мерез ісі мезі қып
кей пасықтың,
Көңіліңнің төріне
жайғасып Түн.
Қараңғыға сіңдің де
ғайып болдың,
Бұла бейне,
беймезгіл қайда асықтың.
Жоғалтқандай
жақын бір жанашырды,
Жаным менің содан соң
аласұрды.
Күбірлеумен ішімнен
сан атыңды,
Күндер өтті
күй кешпей жарасымды.
Өзгергендей
өмірдің мәні тіпті,
Жолығар ма сендей жан
ары мықты.
Тіміскілеп
тінтемін түн қатпарын,
Табыла ма...
көңілім әлі күпті.
Күлімдейді көп үміт –
көкте күнім,
Елес пе әлде,
елтіген текке мұным.
Көзім жұмып оқимын таң сәріде
Қара түннің қалдырған
естелігін.
Құзырыңа құлдық қып
шын бас ұрдым,
Ғасырға тең түндерге
мұң жасырдым.
Жұлдыз бейнең жарқ етер
күн туар ма
Жарасына шипа боп
бұл ғасырдың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу