Өлеңдер ✍️
Бақ жұлдызын аяла
Талай түннің
бесігінде тербеген,
Сәби мақсат сәуле шашты –
ада мұң.
Бар тағдыры
байланысқан жерменен
Көкке апарып
бір жұлдызды қададың.
Жанарыңды жәудіретіп
Айға сан,
Жүрдің қанша
жорығынан сыр тыңдап.
Бар биікті
сүю қажет, байқасаң –
Ал, махаббат аспан үшін –
Тым қымбат!
Сәтсіздіктің
кең ашылған араны,
Сор болмағай
Сеніміңе дөп келген.
Шиыр ойлар
шимайлайды сананы
Жұлдызыңа жан бітірген
сәттерден...
Шалдықпастан жетем деме
сөреге,
Сабақ алмай
соқпағыңнан сүрінген.
Қуаныштың таңы атты,
Және де
Шын қасірет басталады
бүгіннен.
...Көкке барды –
Дейді оны “Көк ұлы”.
Бәрі жақсы: қонысы да,
атағы...
Толығады
жұлдыздардың шоғыры,
Тобыр әлі –
пенделердің қатары.
Тауқыметтің
ащы дәмін татады,
Нұр шашады
көтеріліп көңілі.
Көрмейді оны
пенделердің қатары –
Төзбейді оған
жұлдыздардың шоғыры.
Қысастықтан
кейде ертерек солды гүл,
Кейде гүлдің өзінен де
таптық мін.
Қасіреттің кірлемеуі –
Оңды бұл –
Тазалығын сақтау үшін
шаттықтың.
Басқа түсінік қажет емес
түсінсең,
Барлығына
уақыт өзі төреші.
Жұлдыз жанын
ұға алғаның үшін сен,
Өзіңді өзің
қуанышқа бөлеші.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter