Өлеңдер ✍️

  26.05.2022
  161


Автор: Сәндiбек Жұбаниязов

Түнмен сырласу

Түн-өмір,
Түнек-өмір,
Қараңғы өмір,
Жанымда
жазылмастай жараң небір.
Тор болдың қара оймен
қанша жанға,
Айтшы, Түн,
ашылмасаң – бағаң кемір.
Құтқар, – деп құрсауыңнан
құлыншақты,
Сен куә –
қанша тұлпар мұңын шақты.
Қанша сұм
пайдаланып мына сені,
“Бал” деген жазуы бар
уын сатты.
Бір сәтке Күн болуды
аңса, Түнім,
Рухы ырза болсын баршасының –
Жоқтады
жұрағаты жер бауырлап
Жіберіп жер қойнына
қанша ақынын?!
Жамандық жылдан-жылға
желіндей ме?!
Кесер тұс келешегін
көрінбей ме?!
Салқындау орталарға қарағанда
Айтшы сен,
ыстық неге көрің кейде?!
Жанымды шөліркеген
жарытпасаң,
Мен қазір алау жырдан
жарық шашам.
Көгіңді қоршап тұрған –
жасырып көр –
Жұлдыздар әруағынан
қорықпасаң.
...Түн айтты:
“Олар қашан Күн боп кеткен,
Түнекті көрместей боп
тілдеп кеткен.
Жарқырат алауыңды,
жоқ болайын,
Өртеніп –
армансызбын жыр боп төксем!..”
Тарихты парақтауға
жасқанасың,
Жүректе қайғы қалар
жатталатын.
Шүкірлік,
аяулылар құшса да ажал –
Аспанның меншіктепті-ау
“Аспан” атын.
Тағдыры тарландардың
мың езілген,
Мен қорқам заман, сенің
мінезіңнен.
Жарықты аңсап өткен
жандар үшін
Сырластым шарасыздан
Түн, өзіңмен...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу