Өлеңдер ✍️
Атадан ұл тумайды
Атадан ұл тумайды мендей сабаз,
Түрмеде жатыр екен, ай, өңшең маңғаз.
Алты күн ақ түрмеге қамаған соң1,
Түсірді меруайдан2, ай, маған қағаз.
Ей-ей, ей-ей-ай.
Ақылым бір басыма емес арзан,
Тауаным шағылған жоқ бұл қағаздан.
Қағаздың мен түріне қарап тұрсам,
Жеті жыл кəтіргіге3 мені жазған.
Меруай айдайтынын жаңа білдім,
Ішімнен шығарар деп ойлап жүрдім.
Айдайды деген хабар естіген соң,
Қажымас өзіме өзім қайрат бердім.
1 Басқа бір дереккөзде – «Алты күн ақ түрмеде болдым қонақ».
2 «Мировой судьядан» дегені, яғни патша үкіметінің сотынан.
3 Каторгаға.
Бозбала, мықты болсаң қасты жемір,
Тісіңде қайрат болса, тасты кемір.
Жүрегі қамалғанның шайқалсын деп,
Сегіз көз қабат қылып қаққан темір.
Мен, Шолақ, осындай да көрдім жайды,
Туғалы көрдім бе мен осындайды?
Темірді тіземе сап қозғап көрсем,
Секілді қоғажайдай былқылдайды.
Бойыма күш біткенге еттім шүкір,
Қажысам абақтыға, бетке түкір.
Темірін1 екі итеріп тартқанымда,
Кірпіші жерге түсті күтір-күтір.
Асты ғой бұл арада менің айлам,
Құрғаным бала жастан бəрі сайран.
«Япырым-ай, бұл не қылған зор дажал»2 деп,
Сол жерде орыс-қазақ болды қайран.
Жігітпін тəңірі басқа жаққан шырақ,
Күшіме не тұрады менің шыдап!
Аяқ пен қолымдағы бұғаулардың
Шынжырын сол арада үздім бұрап.
Түрмені бұзғанымды етті ғажап,
Пендеге өзім өлмей болман мазақ.
Қиратып «терезеден шық» дегенде,
Жығылды3 қорғалақтап орыс, қазақ.
Сұрасаң, Қотыр-Шортан – біздің болыс,
Алты күн ақ түрмеде қылдым қоныс.
Қарғып кеп терезеден қақпа барсам,
Күзетші қалғып отыр екі орыс.
Қасқиып қалғығанға күліп тұрдым,
Оларға күш жетерін біліп тұрдым.
1 Тағы бір дереккөзде – есігін.
2 Басқа бір дереккөзде – «Япыр-ай, бұл не қылған зор тажал».
3 Дереккөздердің тағы бірінде – «Шықпады».
Екеуін екі қойып талдырдым да,
Ілгері одан əрі жүріп бердім.
Тəуекел алсын ерді панасына,
Ақылдың қараңдаршы данасына.
Қалдырып кетем бе деп Ақбоз атты,
Меруай кіріп келдім қорасына...1
Ақбоз ат білінбейді біздің сорға,
Жануар, түстің бе əлде жайған торға!
Есігін конюшняның2 бұзып кіріп,
Шығардым бірі – рысак, бірі – жорға.
Ашумен еріндерім күбірледі,
Тыңдаймын, басқа дыбыс білінбеді.
Бір қақпа қара тастан жымдасып тұр,
Ішінде бір зор қабан күрілдеді.
Ойласам, мына дүние жалған екен,
Іздеген мақсатына барған екен.
Ақбоз ат келгенімді менің біліп,
Аузына шойын кілтті салған екен...
Оңдалған бала жастан менің жолым,
Білмедім дүниенің оң мен солын3.
Бойыма осы күшім қалай сыйған,
Кілтті жұлып алды шолақ қолым.
Ақбоз ат алған атым топтан сайлап,
Көп дұшпан соңға түсті одағайлап.
Есігін тас сарайдың бұзып кірсем,
Ішіне қойған екен фонар4 байлап.
Ақбоз ат, айналайын менің қалқам!
Сен үшін талай тасты қылдым талқан.
Жетектеп шылбырынан шығарғанда,
Аяғын басты атым алшаң-алшаң.
1 Басқа бір дереккөзде – «Мировой келіп кірдім қорасына...»
2 Атқора.
3 Дереккөздердің бірінде – «оңын-солын».
4 Шам. Басқа бір дереккөзде – «панар».
Жылқыны неге керек босқа мақтап,
Атты айт, мінген ерін жүрген сақтап.
Тоғыз жыл топқа мінген жануарым,
Иегін салды иығыма екі жақтап.
Ақбоз ат, бұл өнерің болды басым,
Домалар өрге қарай тепкен тасым.
Жасыңнан тіл үйренген тұлпарым-ай!
Көзімнің тыя алмадым аққан жасын.
Атадан ұл тумайды мендей сабаз,
Түрмеде қалды шіркін талай маңғаз.
Мировой қорлығына шыдай алмай,
Түбіне панарының жаздым қағаз:
«Түрмеде алты күн-ақ болдым қонақ,
Сөйлеуге мизамыңды1 тілім олақ.
Жорға мен Ақбоз атты алып кеткен,
Сұрасаң, менің атым – Балуан Шолақ!»2
1 Заң деген мағынада.
2 Дереккөздердің бірінде:
«Түрмеде алты күндей болдым қонақ,
Сөйлеуге мизамыңды тілім олақ.
Жорға, рысак, Ақбозды алып кеткен,
Сұрасаң, менің атым – Балуан Шолақ!»
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter