Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
26.05.2022
111
Туған жер
Торқалы тойың кеп қалды,
ойымда асқақ ән,
Туған жер,
Жеттім жырдан сый
дайындап саған.
Жалғыз байлығым –
бейнеңді жүрегімдегі,
Көктегі жеті жұмаққа
айырбастаман.
Ақ тілек құшқан арманды
арайға нұсқап,
Қасиеттілігіңді ей, Ырғыз,
қалайда құптат.
Ырғызбай сенде туған-ды,
құт дарыған ұл –
Тағдырың содан тараған
Абайға да ұқсап.
Той қылып жатсың.
Қанша ұл-қыз талапты, дарын,
Өртене жүріп
халқына таратты нәрін.
Туған жер, сенің бағың сол –
Бауырыңда өскен
Ұшыра білдің
ұрпақтың қанаттыларын!
Арнаған жырым
арнаңа қосады ма ағын,
Жағаңнан сенің
арманға жасадым адым.
Мейірхан ағам сияқты
сені ойлап Ырғыз,
Сарғая жаздап жағаңды,
о, сағынамын!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter