Өлеңдер ✍️

  26.05.2022
  136


Автор: Сәндiбек Жұбаниязов

Арман сапарында

Тағы да артта қалып
тастанды қыр,
Тағы да қайталанып
аққан дүбiр,
Сайланып сонау жылы
сары күзде
Ауылдан Алматыға
аттанды ұл...
Ұл едi тағдырына
көктен қарар,
Ол жақтан бiлiнбей тұр
көптен хабар.
Бiр мiнi тым сенгiштiн...
(кiм бiлiптi?).
Сенiмдi аяқ асты
еткен де бар.
Орман ой талабына
от тiлетер,
Демегей – маңдай терiн
төктi бекер.
Тапты ма iздегенiн
нән қаладан,
Көздеген мақсатына
жеттi ме екен?
Әйтеуiр, ел үмiтi
ескiрмедi,
Әзiрге жаманаты
естiлмедi.
“Керемет тарту етем де –
дейтiн едi –
ойымнан шықпай қойған
ес бiлгелi”.
Жазмыштың жайлы тиген
заңы кiмге,
Самал жел, сарыуайым
сарының не?
Айта сал амандығын –
алаңдатпай,
Тосып жүр кейуана
әлi күнге.
Қашан да ойлылардың
байлығы – мұң,
Көзге ыстық еске алсаң да
қай қылығын.
Көңiлi бостау едi
сол баланың
Қасынан қаша алмайтын
қайғылының.
Қайғының қара тастай
салмағы бар,
Қой, оның бетiн аулақ,
жан бағылар.
Арына кiр жұқтырмай
кетiп едi,
Алдауға үйретпесе
сондағылар.
Жүрегi қуанды ма,
қажалды ма,
Ол ендi басқа әңгiме
өз алдына.
Көп болса, сәл мұңайып
қалған болар,
Анасын елестетiп
көз алдына.
Сипаты ел бiлетiн
ендi өлеңге,
Өзi айтар өзi жайлы
кең көлемде.
“Керемет тартуым бар...”
дейтiн едi,
Сол сөзге сенейiкшi
сен де, мен де!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу