Өлеңдер ✍️

  26.05.2022
  168


Автор: Сәндiбек Жұбаниязов

Анаға хат

Ана, өзіңді сағындым
бүгін ерек,
Тосын уайым тоғысты
түніме кеп.
Бар дүниеге жан-дүнием
бетін басты,
Көктей солып
көңілдің гүлі кенет.
Жатқан кім бар
биікті төрлеп тегін,
Татып біраз ащыны
көрмекші едім.
Сағыныштың семсері
сұғылды да,
Өз бояуын жоғалтты
өрнек сезім.
Кереметтер кезікпей
қиялдағы,
Нұрсыз күндер ұлыңды
жиі алдады.
Кәусарынан жұтса да
кей сәттердің,
Құтысына еркінше
құя алмады.
Үміт бар-ды арманды
айдан тоспақ,
Құлыпталды қайтесің,
Қайран соқпақ,
Кілтін тауып ашқанша –
Кереметтер
Іріп кетті ит те ішпес
айранға ұқсап.
Іңгәлаған уақытты
текке өлтіріп,
Сеніміңе алдым ба
шек келтіріп.
Тәліміңді тәрк етсем
шектен шығып,
Теңе ағашқа –
Діңгегі кеткен шіріп.
О, құдірет, үміттен
айықтырма,
Соқыр сезім сенімді
майып қылма.
Арман деген сөз боп па –
Өзің бар да,
Теңіз деген сөз боп па –
Қайықты ұлға.
Табаныма өкініш
шоқ төсейді,
Келер күнді өткен күн
етсе сыйлы...
Секундтармен жарысқан
сансыз ойлар
Сағатымды сындырып
кетпесе игі...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу