Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  149


Автор: Гүлжайнар Қалдина

Жалғасу заңы

Жылулыққа жымиған жүзім барда,
Тағдырымның тамшысы тізілді алға.
Жауһары жанымыздың жанарларда.
«Қыз емес,
Қыздың аты – қызыл алма».
Кере созып атады таң қабағын,
Сұлу сыры Сері мен Салға мәлім.
...Соғылып қалмасын деп бақшада әкем,
Баптап жүр уылжыған алмаларын.
(Көңіл көп. Күн болатын Көсемге еріп,
ән салып қосылсам ба? (...есем берік...)
Суғарып анам отыр суармада,
«Алмалар өсер» – дейді «әсемденіп».
Жалғастық заңын Жаһан ұмытпады,
Тоқтаусыз түсер топқа құрық тағы.
әсемдігі,
әрлісі алмалардың,
Ошағын орманының жылытқаны.
...Өнеге өрістесе өніп өрен,
Ана ақылы, әкенің теріменен.
Аяңдап келдім мен де алма баққа,
Жылдардың жаңылмайтын жолыменен.
Уақыттың уығынан нәр шығыпты,
Бақыттың бақшасында жаршы мықты.
Серігім сапты кетпен ұстағаны,
Баптап жүр буыны жас талшыбықты.
Көңілім кетпесін тек кеселденіп,
Қайтемін боқ дүниені бос өңгеріп?!
Суғарып мен отырмын суармада,
«Алмалар өссе» деймін – «әсемденіп».
Жемістер жылдар жібін сабақтасын,
Қарық қып жарық тірлік әр отбасын.
Өмірде балбыраған алмалардың,
Бағына Бақыт қана қонақтасын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу