Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  804


Автор: Саят Қамшыгер

Қызыма

Өзіңнен тәтті иіс жоқ мынау ғаламда,
Тұлымын желпіп еркелік жүр ғой санаңда.
Сәби, пәк жаның гүлдердің сұлу алқабы,
Құлпырып жүр ғой көңілде – дархан далада.
Аруым менің!
Түрленткен мені көктемсің,
Күлімдеп келіп нұрымды бізге төккенсің.
Бетіңнен иіскеп,
Шашыңнан сипап ақын жан
Әкелік бақыт сезімін тағы өткерсін.
Періштем менің!
Қылығың-шекер, тілің-бал,
Ұлым мен қызым –
Біреуің бақша, бірің бау.
Өзіңмен бірге шаңырағымызға Қыдыр кеп,
Шаттықтың көші бізге де енді бұрылды-ау.
Тәп-тәттім менің!
Бекзада болмыс алтыным,
Жырларымменен қаймағын ойдың қалқыдым.
Жетелеп жүрсін Аллаға деген сенімің,
Мойыма мұңға,
Өмірдің көрме салқынын!
Сендермен бірге арайлап атқан таңдаймын,
Әке боп жүріп атаның жолын жалғаймын.
Өлеңнің бәрін анаңа ғана жазушы ем,
Ендігі жырды өзіңе ылғи арнаймын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу