Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  482


Автор: Саят Қамшыгер

Алып ағаш

(Мұқағалиға)
Жүрегімді жылытқан нұрсың маған,
Ой – кемесін сен жаққа бұрсын балаң.
Көңіл – құсым
Музаңнан қанат қағып,
Тұмасынан жырыңның сусындағам.
Өлеңдерің тұп-тұнық бұлақтан да,
Қаламыңнан сия емес,
жыр аққан ба?
Поэзияң жаныма серік болды,
Жүрегімде сезімдер гүл атқанда.
Сен іздеген ақиқат бары мәлім,
Мен де күнде жамаймын жарыма мұң.
Дәл өзіңдей анама жыр жаза алмай,
Әкемді де нақ сендей сағынамын.
Таулықсың сен,
мен ұлы «полигонның»,
Сен – бақи, мен өткінші фәни болдым.
Періштедей пәктікті аңсағанда,
«Сәби болғым келеді, сәби болғым!»
Жыр жазбаса ақ жолдан тайған балаң,
Жүрмін әзір тіршілік – майданда аман.
Жаратқанға жалынар жанды сүйем,
Жазды сүйем жайлауда жайнаңдаған.
Жырларыңды оқимын таңдай қағып,
Сөздеріңнен тұрады сән байқалып.
Еркесі боп халқының дәл өзіңдей,
Нағыз ақын кетеді әнге айналып.
Сен арқылы қазақты танып Алаш,
Мұраң қалды халықпен мағыналас.
Қарасазға қадалған шыбық едің,
Мұқағали бүгінде – алып ағаш!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу