Өлеңдер ✍️
Тәуелсіздік бір сен үшін жан құрбан
Халқым көрген қасіреті, мазағы,
Құлаққа кеп зар илеген озаны.
Тарихымды жіпке тізіп отырып,
Сол жауларға ескі кегім қозады.
Бейқам болу, бес қаруды сайламау,
Ессіздік қой, өткеніңді ойламау.
Топыраққа ақтарылған қышқылдай,
Қаным менің талай бұрқ-сарқ қайнады-ау!
Бабаларым ішін нала құр жалап,
Тісін қайрап, төбемізден тұр қарап.
Білесің бе, неге айрылды басынан,
Кенесары, Махамбет пен Құлбарақ?!
Көсеу болды ер серігі көк семсер,
Зая болды Отан үшін төккен тер.
Тыпырлаймын ине жұтқан иттей боп,
Жүрегімде қордаланды кек пен шер.
Бауырлар-ау, тоқтық тартып шайланған,
Ызалы аруақ айналаңда айналған.
Жатса-дағы селт етпейсің бауыздап,
Мал секілді підияға байланған.
Сол ескі жау қасыңда жүр, қалғыма.
Бастан билік кетсе бəрі даңғыра.
«Ох, дүние-ай» деп ұмытыларсың, кеш бірақ ,
Өтіңді алып құйған кезде аузыңа!
Пана болып жарытпайды бет-перде,
Айтып өтем суынғанша от кеуде.
Алай-дүлей жанталасқан сəтте бір,
Мылқаудың да тілі шығып кетпей ме!
Өмірімді жалмады ғой көп күйбің,
Бірақ күнін кеше алмадым тоқ құлдың.
Бірде суып, бірде қайнап жасыдым,
Мына мен де тұқымы едім өткірдің.
P.S: Кəпір зая күндерді ойлап туған ел,
Дабыл қағып бара жатқан жоқшымын...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter