Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  142


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Інім табылды Досымовқа

Бір сағыныш жылт етті тереңдегі,
Бөлді жылдар əйтеуір сенен мені.
Тар бөлмеде жатушы ек қойындасып,
Қиюласқан тақтайдай едендегі.
Бір қисайсаң тағдырың жүндер демде,
Сені іздедім денсаулық сыр бергенде.
Аман-есен жүр дейді ұзынқұлақ,
Мың естіген татымас бір көргенге.
Күтуші едім түнімен таңды асыға,
Ажал деген бой бермей алдашыға.
Айналсоқтап жүрдің-ау, қарағым-ай,
Тесілгенде тары сап жамбасыма.
Жасымыз Сағыз, Жайық арасындай,
Сонда да қатар тұттым баласынбай.
Не жазсаң да тұрушы ең айқындалып,
Жаңа туған төлдердің аласындай.
Қанат қақтың Қаройдан, текті ұядан,
Мен сені күтуші едім көп қиядан.
Бордай езер, егілтер естігенді,
Туғызар деп азбайтын ақсүйек əн.
Қаққан шығар талай түн басың даңғыр,
Сілте қолды бəріне... ашыл, жаңғыр.
Қасиетті мылтықтан құлдыр-мамай,
Сен де жаным, жалғыз оқ атылған бір.
Артымызда жақсылық, жаманат қап,
Біз де өтерміз, заманнан заман аспақ.
Аша алмаған көздерін аз мұрамды,
Саған ғана кетермін аманаттап...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу