Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  119


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Сан өртейтін шыққанша бір дерегі...

Сан өртейтін шыққанша бір дерегі,
Қол жетпесті көрмеген оң асылы.
Қарсы алдымда билеп басып келеді,
Хауа ананың ғажап сұлу нəсілі.
Күрсінесің, қарайсың да тайсақтай,
Көп қарама, құмыр болып өлерсіз.
Дала аруы нұрға бөгіп байқатпай,
Бой жетеді шөл қарбыздай елеусіз.
Солмаса екен келатқанда қылтиып,
Қандай арыс болар екен панасы.
Тұр əнеки, омырауда бұлтиып,
Ертең келер сəбиінің мамасы.
Қолжаулық боп есіл сезім ғашықтық,
Жер бетінде қаншама əбжіл құзғын жүр.
Сені маған қосып қойса нəсіп қып,
Тамұқта да жатар едім жүз мың жыл.
Ғафу етсең қысып тұрып қойынға,
Былқылдақты гүлдеріне орар ем,
Көз суырар абайсызда мойынға,
Тамып кеткен қимайыдай қара мең.
Осы жерде сен тұрар ма ең жайтаңдап,
Қайран Ақан, жігіттіктің жойқыны.
Қайтсін мені, өте берді қайқаңдап,
Ой қуалап, түн күзеткен шайхыны.
Жаратқанның тыңдамайтын бұйрығын,
Кім бар дейсің қартаймайтын тұрақты.
Мəңгі – бақи ұстатпайтын құйрығын,
Сол бойжеткен шəйтан – дүние сияқты...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу