Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  107


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Күздің соңғы күндері

Елең қылмай даланың тасқын үнін,
Қартаң қойшы санайды тасбиығын.
Сол тасбиық сияқты тізіліп ап,
Төбелерден тырналар асты бүгін.
Жыл құстары бағытқа ұшты алуан,
Дала жатты көз алмай құштарынан.
Көкжиекке сіңгенде қоштасады,
Қанатының бір сүйіп ұштарынан.
Алыстарға шақырып бозаң ғалам,
Жандарды ойлап бір кезде көз арбаған.
Əлем кезгің келеді қойды тастап,
Жан дүниең болады азан-қазан.
Келеді ойлар жаныңды найзалаған,
Кешір далам, жасымнан аймалаған.
Ата-баба серігі малды тастап,
Сені тастап туған жер қайда барам?
Қандай қиын тағдырдың жолы мына,
Мұхит арман көлдердің балығына.
Суға салған көсеудей шыж-быж етіп,
Қайта келіп түсесің қалыбыңа.
Жүрген адам байқайды кіл, далада
Ең соңғы рет денесін нұрға мала
Өрмекшілер кішкене парашютпен,
Ұзақ-үзақ қалқиды күзгі ауада.
Кім біледі... тағдыр-ай, көп қой бəлең,
Ылғи осы асығам көктемге мен.
Туған елдің үстімен тамашалап,
Əйтеуір бір қалықтап өтсем деп ем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу