Өлеңдер ✍️
Жас тұлпары Алтайдың
Мәукенұлы Нұрланның қазасына
Тарқамай кетті-ау тірлікте мынау базарың,
Қайғырып қалды-ау өлеңді сүйер қазағың.
Тындырып кеттің тындырар істің талайын,
Білдіріп кеттің салмағын сұрқай қазаның.
Болмайтын шығар қазаның ауыр, жеңілі,
Жақсының орны толмайтын шығар өмірі.
Абзал жандардың жақыны едің қашанда,
Өз буыныңның ақыны едің сен ірі.
Жарық дүниені айтамыз әр кез жалған деп,
Тірі жүргенде адамда бітпес арман көп.
Езілдің бе екен еліңе түскен салмақтан,
Еліңнің жүгі беліңе түскен нардай боп.
Жан-жарың қалды шыға алмай мұңнан жол тауып,
Қос гүлің менен шыбығың қалды шайқалып.
Адалдық жайлы әңгіме болған ортада,
Ойсырап сенің орының тұрар байқалып.
Жүрегіңнің де әлсірегенін білмеп ек,
Жан едің жүріс, күлісің дағы бір бөлек.
Дұшпаның болса жамандауға да жоқ едің.
Достарыңмен де жүруші ең сараң тілге кеп.
Келмеді ме әлде қиын кезеңде қартайғың,
Шаршатты ма әлде заманы құрғыр айқайдың.
Сан бәйгелерден сыр бермей келді-ау десек те.
Хас тұлпарлары қисая берді-ау Алтайдың.
Қайтеміз енді, тауыса алмай кеттің жолды ұзын,
Көңілге медеу, өзіндік өшпес қалды ізің.
Жүректен уайым кетпейді оңай, амал жоқ,
Жыл өткен сайын жарқырай берер жұлдызың!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter