Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  106


Автор: Ибрагим Иса

Мүсіншінің мүсіні

Біреу кетті өмірден, біреу келді,
Кей жақсының орыны түгенделді.
Риза ғып келеді елін сүйген
Талайлардың рухын Тілеуберді.
Өз халқының өлмейтін намысы үшін,
Тұлғаларды жасады жаны мүсін.
Болашаққа белгі боп қалу үшін,
Құйды өнерге өзінің сағынышын.
Өсіп-өнген осы бір дарынды адам,
Ағымына заманның бағынбаған.
Құйып жатыр құрышқа айналдырып,
Жүректегі өнерін жалындаған.
Әрбір күні бастауы берекенің,
Біткен ісі – ол үшін мереке күн.
Қолтаңбасы арқылы дәлелдеп жүр,
Қазақ деген халықтың бар екенін.
Сырдарияның ағысы алыстағы,
Көңілінің секілді ағыстары,
Туған жері аңыздар мекеніндей,
Мұңлық-Зарлық сияқты Арыстағы.
Қарсы жүзген ағысқа жалғыз қайық
Сияқтанған тұлғалар қалды азайып.
Қалдырыпты мұрасын аманат қып,
Ұлы ұстазы Хакімжан Наурызбаев.
Ұқсайтұғын мінезі қорғасынға,
Нұржамалдай серігі бар қасында.
Жарқырайды оның қол таңбалары,
Өзі құрған өнердің ордасында.
Талай тармақ таратып бір арнадан.
Шыңға шықты талайлар шаға алмаған.
Өнеріне бас иіп Асанәлі,
Тұманбайлар тамсанып жыр арнаған.
Таңсық емес ол үшін қол жетер жер,
Күйден мүсін құяды құй десеңдер.
Өзбекәлі ерекше еркелетіп,
Бата берген данышпан Димекеңдер.
Қабылетін өлшейміз құлаш керіп,
Келе жатыр намысы Алашқа еріп.
Ол жасаған Қажымұқан қасқайып тұр,
Шырқайтындай тас мүсін Күләш болып.
Хас өнерге көз шіркін тоя алмайды,
Амалсыздан жанарың аялдайды.
Әр оюы қазақ боп күрсінеді,
Әр қиюы қазақ боп қиялдайды.
Тірісінде қарайтын босағадан,
Тұғырында жоқ оның осал адам.
Ол қояннан арыстан жасамайды,
Арыстаннан қоян да жасамаған.
Қарапайым, осы бір тыныш жанның,
Өнерімен талайдан туғысқанмын.
Байтақ елде қаншама, ол жасаған,
Тұғырда тұр тұлғасы Арыстардың.
Түсірмейтін халқының еңсесін де,
Құлақ қанық бұл күнде осы есімге.
Әруақтармен тілдесер бір тұлға бар,
Алматының Сидоркин көшесінде!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу