Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
24.05.2022
267
Наурызым
Ақбоз үйді үлпілдеткен,
Боз даланы бүлкілдеткен.
Қуанышты күлкің – көктем,
Әсем едің, шіркін, неткен,
Наурызым!
Құлпырады сәнді бақтар,
Жұлқынады арғымақтар,
Сылқылдайды бал бұлақтар,
Мерекемсің мәңгі мақтар,
Наурызым!
Жарқыраттың шығыс Күнін,
Бар адамдар туыс бүгін.
Тілеп елдің тыныштығын,
Жүректерде жүр ұшқының,
Наурызым!
Аңсап жүрсең осы күнді,
Ашып таста есігіңді.
Болайықшы кешірімді,
Ән тербетсін бесігіңді.
Наурызым!
Бүкіл әлем қалғығандай,
Ұшты көкке ән қырандай,
Наурызкөже дәмді балдай,
Сенің көшің сәнді қандай,
Наурызым!
Аталардың – Қара Нардың,
Ақ жаулықты Аналардың,
Бас иетін саған әр күн,
Қасиетін ала барғын,
Наурызым!
Ғашықтардың түр-түсінде,
Сәбилердің күлкісінде,
Ел үшін де, жұрт үшін де,
Қара Жерге кір түсірме,
Наурызым!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter