Өлеңдер ✍️
Шаршау
Ай жарық,
Отырмын ояу,
Қараңғы түспегендіктен.
Қаламым жылжиды баяу,
Ойларым піспегендіктен.
Қиялым қарсы аққан кезде,
Көңілде дауыл басталды.
Жалғыздық шаршатқан кезде,
Ойлаймын ауылдастарды.
Үміт те жалғыз-ақ тұтам,
Арман-ай, дамыл бермедің!
Қиналып амалсыз жұтам,
Ауасын шағын бөлменің.
Тағдырмен тағы ұғыспадым,
Көргенмін төбелесін де.
Тұр жүдеу сағыныштарым,
Жүректің терезесінде.
Кімдерден сұрап білемін,
Шаршайды жігіттер неге?
Үмітпен құлақ түремін,
Үзілген үміттерге де.
Кей достың тілегі бұлдыр,
Әйтеуір қарайлайды өлең.
Шаншады жүрегі құрғыр.
Рахат таба алмай менен.
Байлыққа батыл өзгерді,
Кей достың ұсқыны бөтен.
Қайырымсыз қатігездердің
Қасынан ысқырып өтем.
Ешкіммен ақылдаспадым,
Не деген жарықтық едім.
Көп істің басын бастадым,
Аяқсыз қалыпты көбі.
Көңілде ұрықтанады,
Реніш білінбей келіп.
Қуаныш құрып барады,
Қуаң жер гүліндей болып.
Жөн сұрап сыр ашсам дедім,
Серік жоқ таяу қапталда.
Тағы бір қыр ассам дедім,
Жол ұзақ жаяулатқанда.
Бақыт бір жұтым-ақ еді,
Жүретін асырап көптен.
Болмысым бүтін-ақ еді,
Қалайша шашырап кеткем.
Өткенін сағынбас па адам,
Қиял – құс тізбекке еремін.
Өмірге айырбастаған
Өзімді іздеп келемін.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter