Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  103


Автор: Ибрагим Иса

Арзаншылық

Автобуста.
Қызып алған.
Бүкіл елдің көзінше,
кеше біреу «Қымбатшылық» деп көкіді өзінше.
Сосын әлгі автобустың артқы есігін түсті ұрып,
бейшараның «қымбатшылық» деп тұрғаны – ішкілік.
Ойы да арзан,
сөзі де арзан,
өзі де арзан киінген,
түсіп кетті
арзан тымақ,
арзан аяқ киіммен.
Адамда да қанағат жоқ,
сөзін қара әлгінің,
құлқынының бағасымен есептейді барлығын.
Берекесіз біраз ойлар бүлкілдейді санамда,
шынында да қазір мүлдем қанағат жоқ адамда.
Арзан ойлы әлгі бейбақ
қайтер еді туса егер,
арың қымбат,
жарың қымбат,
әнің қымбат заманда.
Қымбат кезден қалған із ғой,
кей жүректе жүр әжім,
өйтіп-бүйтіп арзандаттық қымбат ойдың біразын.
«Сізді» қойып,
қазір мүлдем көшіп алдық «Сен» деуге,
бар сұрақты шешіп алдық,
ештеңеге сенбеуе
болады енді,
бірақ бізге сенімсіздік жат қылық,
сенімсіздік деген сөзді санамыздан лақтырып,
шыға келдік киіп алып қымбат – төзім – шекпенді,
қазір біздің сеніміміз – нарқы қымбат нақтылық.
Ләйлә – Мәжнүн,
Қозы – Баян,
Қыз Жібек пен Төлеген
Ақымақ-қой десе біреу,
Қазір оған сенер ем.
Қазір біздер бағынбаймыз ол заманға,
ол заңға,
өйтіп-бүйтіп түсірдік-ау махаббатты арзанға.
Ағайындық арзандады, еңсемізді көтердік,
Ұят арзан,
қымбат қазір киім ғана шет елдік.
Өмір ғана сол қалпында қымбат болып тұр әлі,
бұл әзірге тіршіліктің шешілмеген сұрағы.
Қалағанша жұтып жүреміз,
тегін ғой деп ОТТЕГІН,
тегін ауа тығындады тесіктерін өкпенің.
Сияқты бір ертектегі құпиялы мың қақпа,
кейде тіпті қиналасың қолың жетпей қымбатқа.
Көктем өтсін,
өтсін жаз да,
келсін, мейлі, уайым – күз,
аш болсақ та тек қымбатқа қор
жинауға дайынбыз.
Қазір не арзан:
Бақыт арзан,
уақыт арзан,
дос арзан,
ал қымбатқа талпынбаған жігерсіз жан,
осал жан...
Қабылдаушы қажет десе мал соятын мекеме,
«ұятсызбын» деген белгі жапсырып ап шекеңе,
ойланбай бар,
ұяттылар сөзге тартса,
тіл қатпа,
сонда ғана қолың жетер «қасиетті» қымбатқа.
Шындық көрсең өз бетіңді өз қолыңмен қалқалап,
тек жүре бер адам терін,
малдың қанын арқалап.
Ешкімге де жағдай айтпа,
ешкімге де жалынба,
арзан оймен жүрсең болды қымбат малдың жанында.
Кейде іштей құлақ қойсаң –
өз үнің де бөтен үн,
ел айтады қазір жалғыз ШЫНДЫҚ қымбат екенін.
Бірі – арзан,
бірі – қымбат,
қол жетпейді біріне,
ал шынында тегін не бар,
тегін не бар?
Тегін не?
Ми – қапшығың көтере алса...
ал.., алып қал..,
ОЙ тегін!
Бердім ойды,
тегін ойды бермегенде қайтемін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу