Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  180


Автор: Ибрагим Иса

Есіңде ме... Жастау шақ....

Есіңде ме...
Жастау шақ,
Аяулы арман,
Ақ махаббат тұратын құшақта еріп.
Көптен күткен бақытты,
Таяу қалған
Өкінішке, жөнелдің, тұсап беріп.
«Бітті» дедің,
«Бәрі де бітті» дедің,
Кете бардың және де «өкінбе» деп,
Сенгім келмей бұл сөзге тіпті менің
Үміттендім әзілдеп отыр ма деп.
Шын айтыпсың
Бәрін де кеш ұғындым,
Ғашық жанды кетіпсің шындап атып.
Тұрып-тұрып алдында есігіңнің
Оралушы ем үй жаққа мұңға батып.
Шықпай қойдың,
Содан соң бір шықпадың.
Ренжідім сан рет күліп келіп.
Үміт солай үзілді,
Тұншықты әнім,
Кеттің сен бір «пысықтау» жігітке еріп.
Білесің бе, уақыт – зеңбіректен
Содан бері қаншама жыл атылды.
Білесің бе, қанша рет келді көктем,
Ынтықтырып бір қызға бір ақынды.
Өшіре алмай кеудеден есіміңді
Дөңбекшідім.
(Мұны жұрт шын ұқпайды.)
Сүйген жүрек қашан да кешірімді,
Сүйген жүрек ешқашан ұмытпайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу