Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  192


Автор: Балуан Шолақ

Айқайлап жылқы айдадым

Айқайлап жылқы айдадым Сыр жағынан,
Дұшпан ит аңдып жүр ғой бір жағымнан.
Жеті жыл Қайрақтымен дау дауласып,
Келмеді Сырдың суы сирағымнан.


Əртүрлі ой ойлаймын пара-пара,
Мен сорлы елден шыққан жеке-дара.
Өшігіп сол қалаға алғаннан соң,
Көшеге қалдырмадым жалғыз қара.
Мен, Шолақ, атқа мініп жалындадым,
Орысқа, қазақ түгіл, жалынбадым.
Мəстекті мен отыздан айдасам да,
Бір тиын ақша салып жарымадым.
Қараса, жан тояр ма ажарыма,
Дұшпан ит, қарамайсың адалыма.
Бір қиял үйде жатып ойладым да,
Атбасар өзім келдім базарына.
Пəтер ап Атбасарда жатқаным-ай,
Дəл жиырма, қызығыңа батқаным-ай!
Сол кезде мəстек иттен картоп қымбат,
Тұяғын жеті сомнан сатқаным-ай.
Молданың оқығаны он екі албап,
Қасыма жетіп келді екі жəллап.
Бір ойран Қайрақтыға салайын деп,
Атымен екі Найман алдым жалдап...
Сол кезде оттай қаулап жайнап жүрмін,
Күшімді Қайрақтыға сайлап жүрмін.
Шылбырын Ақбоз аттың белге байлап,
Қақпадан ондап өгіз айдап жүрмін.
Жұлдыздың мен жаңылдым нешесінен,
Ақбоздың мен айналам мүшесінен.
Білмеймін хайуандардың мен нешеуін,
Түнде айдап əрең шықтым көшесінен.
Құдай-ау, құдіретіңе қайран қалам,
Ішінде жиырма бестің сайран салам.
Жолыққан асығысқа деген дейін,
Манағы кездеседі екі Найман.


Айдадым сексен өгіз, міне, қайдан,
«Тиіп тұр» Қайрақтыға менің пайдам.
Əкеліп бай-батшасы бергеннен соң,
Айдады жолға салып екі Найман.
Ер Шолақ өнер қылар осындайда,
Жігіттен өнер шықпас жүрген жайға.
Таң атып, ұлы сəске болған кезде,
Түсірдім əрең айдап терең сайға.
Алақтап жан-жағыма қарап жүрмін,
Күшімді Қайрақтыға балап жүрмін.
Бұл шіркін расходқа1 жете ме деп,
Жинап ап сексен өгіз санап жүрмін.
Ақылым – бір басыма ұшан теңіз,
Көзі жоқ көкірекке мүше сегіз.
Аралап аттан түсіп санап тұрсам,
Кем де емес, артық та емес – сексен өгіз
Айдадым сексен өгіз əлде қайдан,
Нашарға ғаріп пенен тиген пайдам.
Өгізді алдына сап бергеннен соң,
Айдады жолға салып сорлы Найман.
Құдай, аһ, құдіретіңе қайран қалам,
Ішінде жиырма бестің сайран салам.
Найманды өгізбенен жолға салып,
Артынан түрлі-түрлі əнге салам.
Қарасам, жан танымас ажарыма,
Дүниенің көзім салдым назарына.
Екі күн, екі түндей суыт жүріп,
Тайыншаның кеп түсірдім базарына.
Айдаған сексен өгіз мен бір батыр,
Қасымнан талай керуен көшіп жатыр.
Екі күн, екі түндей айдау көрген,
Мамырлап сартабан боп өгіз жатыр.


Бейшара екі Найман сөз айтады,
Ақырын бір-біріне еп айтады:
– Екі күн əм екі түн ас ішпедік,
Бай-батша, қарын ашты, – деп айтады.
Қарайды қазақ байғұс тамашаға,
Кім түсер, жанжал болса, арашаға?
Қотанына бір ауылдың кіріп барсам,
Қой қуып ойнап жүрген бала-шаға.
Қария бір ақсақал сөз айтады,
Сөздерін ақырында еп айтады:
– Қойға қойың қосылса, жаяу қара,
Атың қойды баспасын, – деп айтады.
Сол шалдың айтқанына күле бердім,
Қазақтың аңқаулығын біле бердім.
Осы да үш кісіге мол жетер деп,
Көтеріп бір бағланды ап жүре бердім.
Ақбоз ат, айналайын менің қалқам,
Сен үшін талай қамал қылдым талқан.
Ауырды жеңіл менен елемейтін,
Аяғын басты сонда алшаң-алшаң.
Əкелдім осы қойды, міне, қайдан,
«Тиіп тұр» Қайрақтыға менің пайдам.
Əкеліп бай-батшасы бергеннен соң,
Тоқтыны сойып жатыр екі Найман.
Мен, Шолақ, ажал жетіп өлгенім жоқ,
Теңдікті дұшпаныма бергенім жоқ.
Əкеліп бір тоқтыны бергенменен,
Бұлардың асып жеуге қазаны жоқ.
Шолаққа өнер берген құдіретім,
Тыңдаңыз, жамағаттар, міне, керім:
Сыр бермей наймандарға жүрейін деп,
Сол елге қайта кеттім арсыз бетім.


Қасқиып күрек тісім күліп келдім,
Қазақтың аңқаулығын біліп келдім.
Жоғары оқшау тұрған ақбоз үйге,
Жатқан соң есік ашып кіріп келдім.
Сол үйге кіріп келіп сөз айтамын,
Сөзімді ақырындап еп айтамын:
– Мына үйде қонып жатқан мейман едік,
Болып тұр балта қажет, – деп айтамын.
Қария бір ақсақал сөз айтады,
Сөздерін ақырындап еп айтады:
– Астында кереуеттің балта жатыр,
Болған соң, орнына қой, – деп айтады.
Алмасын артық құдай ердің бағын,
Патшаның да мен көрдім алтын тағын.
Əйтсе де екі сөтке нəр татпаған,
Соғып жүр Балуан Шолақ қаймақ жағын.
Ішінде қараңғы үйдің күле бердім,
Қазақтың аңқаулығын біле бердім.
Іргеге құйған сүтін төге тастап,
Бір қазан, бір шелекті ап жүре бердім.
Ауылға Найман үшін барып келдім,
Қызығын сол жалғанның шалып келдім.
Тағы да ет асуға отын керек,
Төртаяқ, белге салып алып келдім.
Найманға Шолақ болды үлкен нəсіп,
Тоқтыны жатыр екен сойып асып.
Түгелдеп мен сайманын бергеннен соң,
От жағып жатыр сонда қазан асып.
Ісіме істеп жүрген қайран қалдым,
Ішінде дəл жиырманың сайран салдым.
Шаршаған аттай желіп ғазиз басым,
Тынығып алайын деп ұйықтап қалдым.


Бейшара екі Найман сөз айтады,
Сөздерін ақырындап еп айтады:
– Бай-батша, асың пісті, түрегел, – деп, –
Оятшы, – бір-біріне деп айтады.
Қой етін тауысқанға адам нанбас,
Адамнан туады екен талай қандас.
Екеуі тағы бір күн жесінші деп,
Қалдырдым байғұстарға жарты жамбас.
Қараса жан тояр ма ажарыма,
Дұшпан ит, қарамайсың адалыма.
Найманды көп өгізбен қосып алып,
Айдаттым енді Тайынша базарына.
Болғанда бойым қысқа, қасым көрік,
Ойласам, тұла бойға ақыл серік.
Сол кезде мен ешкімнен жасқанбаймын,
Ақ шапан, үкі таққан камшат бөрік.
Шөкеңдей алма, құдай, ердің бағын,
Патшаның көрдім талай алтын тағын.
Салып ап ер үстіне екі аяқты,
Ұшырдым жердің қолмен топырағын.
Жігітке атқа мініп неге керек,
Жігітке атқа мінсе өнер керек.
Ақбоз ат айналата шапқанымда,
Айналған бауырында – мен дөңгелек.
Сұрасаң, Қотыр-Шортан – біздің болыс,
Жайлауы Сарысуда қылған қоныс.
Аралап базарында қарап тұрсам,
Таңбалап мал алып жүр бір-екі орыс.
Орысқа жақын келіп еп айтамын,
Көңілден бір аз ғана кеп айтамын:
– Жинаған Қояндыдан біраз мал бар,
Алсаңыз көріп жібер, – деп айтамын.


Сұрасаң, Қотыр-Шортан – біздің болыс,
Жайлауы Сарысуда қылған қоныс.
Айтқанға, өтірікке нанады ғой,
Алуға келе жатыр ол екі орыс.
Сол жерде екі көпес сөз айтады,
Сөздерін ақырындап еп айтады:
– Қоянды малы болса, біз аламыз,
Малыңды бізге көрсет, – деп айтады.
Айдаған сексен өгіз біз бір батыр,
Қызық іс біздің бастан өтіп жатыр.
Қоянды малы болса, аламыз деп,
Екеуі пəуескемен келе жатыр.
Сол жерде екі көпес сөз айтады,
Сөздерін ақырындап еп айтады.
Жүрісін Ақбоз аттың көргеннен соң,
– Атыңды сатпаймысың? – деп айтады.
Ақбоз ат əрі жүйрік, жорға емес пе,
Ер Шолақ үстіндегі молда емес пе?
Пар ат пен қара сөмкең аман кетсе,
Ит көпес, о да саған олжа емес пе?
Айдаған сексен өгіз біз бір батыр,
Қызық іс біздің бастан өтіп жатыр.
Төрт сөтке күндіз-түні қуғын көрген,
Мамырлап сартабан боп өгіз жатыр.
Таниды мал ажарын сиығынан,
Бəйгеден қосса келер құла құнан.
Малымның ажарлысы сол емес пе?
Береді қырық бес сом тұяғынан.
Көпеске сонда тұрып сөз айтамын,
Сөзімді ақырындап еп айтамын.
– Елуден жалғыз тиын кем сатпаймын,
Сонда да зияным мол, – деп айтамын.


Тайыншада пəтер алып жатқаным-ай,
Өнердің қызығына батқаным-ай.
Қазақта ата малын мендей сатпас,
Тұяғын елу сомнан сатқаным-ай.
Ер Шолақ неден қорықсын енді сасып,
Тұрдым ғой, сүйтсе-дағы, түсім қашып.
Жинап ап қу тезекті от қып жағып,
Қызартып жатыр сонда таңба басып.
Келтірер Шөкең солай істің хотын1,
Көрмедім бит шаққандай болыс сотын.
Тайыншаға малымды айдап келгені үшін,
Найманның санап бердім расшотын2.
Бейшара екі Найман еп айтады,
Көңілде бір аз ғана кеп айтады.
Қолына елу сомнан алғаннан соң,
– Малыңыз енді жоқ па? – деп айтады.
Наймандар, көре алмадым сендей дорақ,
Тануға мендей ерді болдың олақ.
Бейшара, жаның барда қасымнан кет,
Білмесең, менің атым – Балуан Шолақ.
Мен, Шолақ, ажал жетіп өлгенім жоқ,
Теңдікті тірі жанға бергенім жоқ.
Аузымнан мен Шолақ деп сөз шыққан соң,
Кеткенін қайда кіріп білгенім жоқ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу