file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  204


Автор: Балуан Шолақ

Алаштың алмаушы едім...

Бұл Шөкең қайдан білсін ұрлық жайын,
Алаштың алмаушы едім жалғыз тайын.
Семейден сексен мəстек айдап келіп,
Билерге шайнаттым ғой желін майын.
Мен Шөкең екі дайдан асып жүрген,
Елдегі құрбыласпен ашық жүрген.
Кеудеме құдай өнер бергеннен соң,
Дұшпанды қаудан шөптей басып жүрген.
Жаз мініп Кертөбелді жайлағаным,
Белдеуге үкі тағып байлағаным.
Саудамен Қараөткелден қайтқанымда,
Қырық өгіз Қайрақтыдан айдағаным.
Əуелі сиынғаным бір құдайға,
Одан соң таныс болдым меруайға,
Соңыма қанша дұшпан түссе-дағы,
Үшінші, таныс болдым оязнайға.
Атбасар базарына түйе айдадым,
Біреуін қалдырмастан жия айдадым.
Түйенің он-он бесін бөліп алып,
Нəпсіні мол ашылған тыя алмадым.


Нұрмұхамбет атандым Баймырзаұлы,
Жасымнан əрбір іске болдым қырлы.
Қыран құс қисық ұшып, түзу ілген,
Жақсының естен кетпес əр қылығы.
Кіреді, топшы көрсем, менің жаным,
Көрмесем сұлу қызды болмас сəнім.
Жаманға айтқан сөзің желге кетер,
Білмейді итке салсаң қанттың дəмін.
Жасымнан іске кірдім дамыл таппай,
Бір дуан соңға түсті түгел-жаппай.
Бүлдірген бүлдіргенге болғаннан соң,
Бетіме коя берді тағы қақпай.
Секірген жар басына мен бір құлан,
Байлардың асауындай жүрдім бұлаң.
Өгізді отыз алты айдаймын деп,
Өзіме өзім салдым үлкен ылаң.
Жасымнан атқа міндім оттай жайнап,
Көп дұшпан қамалады одағайлап.
Дұшпандар, аяғымнан алсаң-дағы,
Қаларсың ақырында дəңгіл шайнап.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу