Өлеңдер ✍️
Түнгі өлеңге құмартып таң білінді...
Түнгі өлеңге құмартып таң білінді,
Көгінде күн шуағымен мәңгі күлді.
Қарайды баурап мені сәулесіне
Айтардай жорып өмір тағдырымды.
Арманыма жетсем-ау шуақпенен,
Өзегімде тербеліп қуатты өлең.
Бірден-ақ мәңгі өзіне қаратқандай
Сезімнің күйін шертіп жұбатты өлең.
Көңілім кейде разы, кейде өкпелі,
Ашылмай өлеңімнің кей беттері.
Түнгі ұйқымды ұрлаған ақ жырларым
Бұрмалап тастағандай күйлеп мені.
Отырмын, міне, енді сыр ақтарып,
Жүректе өлең жатқандай шуақтанып.
Бабам қазақ ежелден ақын сүйген,
Сол ақындар келеді шырақтанып.
Өлеңімнің ақ кептерін ұшырайын,
Ұша берсін көгінде құсым лайым.
Өмір деген бұрқанып дариядай,
Жұлдыздардың төрінде күлсін айым.
Ақ батамен ел көгерткен жанашырлар,
Ақсақалдар, сендер бізге данасыңдар.
Көздеріңнен жас парлатып тіл қатпастан,
Дүниеден жиі өтіп барасыңдар…
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter