Өлеңдер ✍️
Ғашықтар сыры
Жігіт сөзі:
Сені ойлай-ойлай өмірден, жаным, түңілдім,
Жүргендеймін ашылмай бүрі гүлімнің.
Табынып күнде құдайдан сұрап өзіңді,
Тағдырға мынау басымды иіп жүгіндім.
Қыз сөзі:
Кешірші мені, кеттім-ау жолдан адасып,
Жүруші ек бірге қос аққудай жарасып.
Кешірші мені, басқаны сүйіп жар болдым,
Жүрмін ғой енді сен келер деп бал ашып.
Жігіт сөзі:
Біз жүрміз енді арманның дара жолында,
Қонбадың, жаным, қонбадың неге қолыма?
Тағдырдың салған жолымен мәңгі жүрем деп
Түстің бе, жаным, өзгенің салған торына?
Қыз сөзі:
Көрсем деп сені армандап күнде асықтым,
Әлі де саған нұрындай күннің ғашықпын.
Аңсарым ауып, өзегім өртке айналып,
Келер деп сені жолыңа жүрмін шашып гүл.
Жігіт сөзі:
Көктемнің қайтып келгенін, жаным, аңғармай,
Жалғанда мынау кеттік пе мәңгі жар болмай?
Көңілім мұңлы болса да, сені көргенде
Сезімнің оты шарпыла қайтып жанғандай.
Қыз сөзі:
Не істерсің, жаным, тағдырдың салған жолына,
Тағдырдың өзі Тәңірдің жалғыз қолында.
Өмірдің шамы сөнсе де, аңсап жүремін,
Аяулым, тек сен қуарып босқа солма.
Қайырмасы:
Біреулер жетер, біреулер жетпес арманға,
Қосылар біреу, қосылмас мынау жалғанда.
Байланып тілім, көзіңмен көзің тілдесті
Өзіңмен өзім оңаша жалғыз қалғанда.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter