Өлеңдер ✍️
Алматы
Жалаңаш жалаулар, ұрда-жық ұрандар,
Жəне де тұмандар,
Тұмандар – Күмəндар.
Шаң басқан балағын шəкене Қазақтар,
Ғаламның сиқырын білетін Сығандар.
Кірленген Кіндіктер, ісінген Кеуделер,
Лыпасыз əсемдік көшеде сенделер.
Қиқулы ғаламның, тойымсыз құшақтың,
Рахатын мастана жырлайтын Теңгелер.
Қол жайған Бөбектер, иесіз Төбеттер,
Жарқын күн! Бір саған апарар жоқ өткел.
Атақты ақынның көшесі бойында,
Бір тілім нан үшін өртенген Өзектер.
Қатыгез қарлы шың, тасбауыр белестер,
Кемеңгер Ойлар мен кемелі жоқ Естер.
Кеңсайда айқайлап жататын Əруақтар,
Кештерде əйнекті қағатын Елестер.
Қаңғырған Бұлақтар, қартайған Емендер,
Еменге асылып өлетін Өлеңдер.
Қайғының шарасын шайқаған Шайырлар,
Шайырлар – Жүректер,
Жүректер – Шемендер...
Жазылмас жараңның тапсам деп бір емін,
Мойныма бұршақ сап Алладан тіледім.
Булыққан төсімде бүлк етіп жатырсың,
Алматым – О менің жаралы жүрегім.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter