Өлеңдер ✍️
Күлбілте күндер күлдірмек мені қытықтап....
Күлбілте күндер күлдірмек мені қытықтап,
Мазамды тырнап болмайды тағы мысық-бақ.
Қумақшы менің қап-қара жыным, бәлемді,
Батар күн анау өкпемен қағып, ұшықтап.
Жақсылық ойлап жатыр ғой бәрі... ұғамын,
Кәрі көл әкеп төсемек маған құрағын.
Күзгі жел менің күп-күрең күндей бетімнен,
Сүймекші болды... Ол емес бірақ құмарым.
“Ауна– деп– қарға» ақша тау болмас қол бұлғап,
Шырша да шыңды саусағыменен қалды ымдап.
Мәшине біткен мәз болып, ән сап өткенде,
Аңырып тұрам, астымда арбам салдырлап.
Қытықшыл бір өн естілмей кетті қыр – беттен,
Кеткен бе, тәйірі, кешегі гүл-гүл дүрмекпен.
Менмен кеудемді менсіне де алмай мен тұрмын,
Безердей болып беделсіз ылғи құрметтен.
Селеудей толқып секемшіл көңіл шошыды-ай,
Құлдилап келем құланды қуған Жошыдай...
Қайтара алмайсың қайқайып кеткен бұл істі,
Өтеміз, қарғам, өтеміз біздер осылай.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter