Өлеңдер ✍️
Анамды ойлап, сағына бастағанда...
Анамды ойлап, сағына бастағанда,
Мігір таппай мен жүрем астанамда.
Самай шашы селдіреп селеудей боп,
Саусақтары қисая бастаған ба?
Анам менің – ардағым, аяулы әнім,
Аяулы әнге керек қой аялдауым.
Түртінектеп іздеумен жүрген шығар,
Тірлігінің жоғалған бояуларын.
Алға сүйреп ұрпақтың арман жүгін,
Отын жаққан тұрып ап таңнан бұрын
Қайыспайтын жан еді қайран анам,
Мойындапты қартайып қалғандығын.
Ойлантады анамның армандары,
Арланғаны, немесе алданғаны.
Бұл өмірден не көрді баяны жоқ,
Бала өсірді, мал бақты – бар болғаны.
Мен анамның түрінен шаршау көрем,
Өмірі өтіп барады аңсауменен.
Қара шалдың ниеті дұрыс екен,
“Кемпірімнің алдында алса-ау!” – деген.
Анам бар деп алшаңдап жүріп келем,
Жүріп келем, мәз болып күліп келем.
Немересі жігіт боп қалды емес пе,
Шөбересін көрер деп үміттенем.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter