Өлеңдер ✍️
Шұрайлы тіл, шырайлы сөз, тәтті жыр..
Шұрайлы тіл, шырайлы сөз, тәтті жыр,
Арман болып анықталған басты бір.
Гүл, жапырақ, тал, қайыңның иісі,
Басып қалды поэзияның мүйісін.
Пушкин тұрды сәл-пәл өңі қызарып,
Ал, Лермонтов әлі күнге ызалы.
Есениннің есі кетті жұпардан,
Өйткені оның... жүйкесі аздап жұқарған.
Қазекеңнің қара шалы толғанып.
Өз кітабын қайта оқып тұр қолға алып.
Гүлді жырлау, қызды жырлау тым жақсы,
Даланы да жырлап болдық қымбатты.
Ана жайлы, дала жайлы жыр кетті –
Ағытылды арнау өлең құрметті.
Жарымызға жарты кітап арнадық,
Баламызды аймалаудан талмадық.
Жырланбаған өзен, көлшік жоқ бүгін,
Туған жердің бір көтердік шоқтығын.
Бұл, әрине, тақырыптар ең ірі,
Алға асады, жалғасады өмірі.
Тек көңілді тереңірек бөлейік,
Жапырақта тұрған құртты көрейік.
Қалам ұшын батырайық соған біз –
Жапырақты жасартқандай болармыз.
Даламыздың құдіреті шын мықты,
Соққылайық соған келген сұмдықты –
Жасырмайық жаны өртеніп жатқанын,
Кеудесіне көк темірдің батқанын.
Өркепиді деме бүгін өзенім,
Олай емес, көрмесем де сеземін...
Алмас сынды тіліп түсер ащы жыр,
Арман болып анықталар басты бір.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter