Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  316


Автор: Әбубәкір Қайран

Құрдасқа

Таза бақыт тілейсің бе өмірден,
Онда, досым,
Көңілден сен, көңілден.
Сұлу қыздың сымбатында сиқыр бар,
Кеудесіне барша ләззат көмілген.
Сыйла соны...
Сиқырлан да дуалан,
Қорқа көрме күнәдан да куәдан.
Балтырына шұлық болып киіліп,
Алқымына орамал боп сен оран.
Кеудеңде бір күйік болса кемірген,
Жуып таста, шәрбат сорып еріннен.
Көкірегің көк аспандай кеңейіп,
Дем шығады дертіп тұрған жеріңнен.
Санаңа сен таң қаласың жаңарған,
Садаға боп қала берер сан арман.
Алапат бір күш аласың алыптай
Алау отты алма төстен – анардан.
Күйкі тірлік,
Күйбең өмір бәрі қап,
Жұлдыздарың шыға келер жамырап.
«Қайда жүрсің!?» деп зекісе бәйбішең,
Өтірікті аңырат кеп, аңырат.
Сонда, досым, ашылады жан гүлің,
Төгіледі көмейіңнен ән-жырың...
Шын екен деп ойлап қалма сен мұны,
Бұл, әншейін, қалжыңым ғой, қалжыңым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу