Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  140


Автор: Серік Әбіл

ҚАНСОНАРДА

Қарашаның қалыңдап қырбақ қары,
Сары күздің жиналды сырмақтары.
Аяз ата ақ тонын жаба салды,
Дала жатты баладай құндақтағы.
Көсіледі кешегі кестелі бел,
Есіреді терістен ескеуіл жел
Саршұнақтар бастарын сояулаған,
Шуылдайды теріскен, сексеуілдер.
Қызыл жонның қол салған талайына,
Қырау тұрған мұртына, самайына.
Қыран алған қарт аңшы қырдан асты,
Дабыл ұрып көз тастап маңайына.
Күні бойы із шалды жалықпады,
Жыра, жылға бəрі де жарытпады.
Томағасын алды да қоя берді,
Бірақ қыран көкте құр қалықтады.
Қасқырдан да тұрған жоқ қорыққалы,
Қорлығы сол қоян да жолықпады.
Тышқан жымы жатқанмен, түлкі ізі жоқ,
Осы болды аңшының торыққаны.
Бұрынғыдан өзгерген өңі мүлде,
Көлдей толқып көп ойлар көңілінде.
Қансонарда құр қайтты бірінші рет,
Сары табан саятшы өмірінде.
Бізден артық аң үшін дұшпан бар ма,
Жүгіргенін ұстаттық ұшқандарға.
Қорғалмаған қоңыр аң ауып кетті,
Қайран дала қор болды тышқандарға.
Шындық үшін шыңғырып шықты дарын,
Қансонардан құр қайтты құттыларың.
Қырандардың ағытып аяқ бауын,
Енді мысық баптаңдар, мықтыларым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу