Өлеңдер ✍️
ҒАСЫР ТОЛҒАУЫ
Келер уақыт- болашақта өткен уақыт тарих,
Ал, ендеше, тарихқа жол алайын, қал ұйып.
Қожыр-қожыр тастарда бар ғасырлардың таңбасы,
Тентек ұрпақ сол таңбадан тегімізді таниық.
Ай-жылдардың артық-кемін саусақпенен санайық,
Елде де емес, сенде де емес бар бақыт пен бар айып.
Тұрған шақта жер шарындай алып анаң тарайып,
Екі ғасыр қадамына екі көзбен қарайық.
Бабамызға, баламызға болмайық біз ұятты,
Жалғандықтан жанарлардың жасы-дағы жиі ақты.
Кешегі мен бүгінгінің келбетіне қарасақ,
Қара таудың күнгейі мен теріскейі сияқты.
Қарттарыңа мынау тынбай жылжып атқан таң қайғы,
Жастарыңа дəл қазірше болғаны жоқ нақ қайғы.
Бірақ қарыны ашпағандар қандай айтсаң нанбайды,
Қаршыға да, қарға-дағы өз əлінше самғайды.
Уақыт - өмір, өмір - уақыт бəрі-бəрін өлшеді,
Ғасыр деген міне осы ғаламаттың бөлшегі.
Сəбиіңді əлдименен ержеткізіп, ерсалып,
Келмес ғұмыр керуеніне тізбектейді ол сені.
Я, ғұмыр керуені тынбай алға көшеді,
Атам айтқан «жарлы байып, жас ержетіп өседі».
Кер заманның кескіндерін еске алсақ кешегі,
Уақыт жəне жауап беріп барлығын да шешеді.
Кеше біздер қандай едік, кеше біздер кім едік?
Қарлы қыста, қара қоста, қара белге түнедік.
Талғамсыздық бұлты торлап төбемізден түнеріп,
Кең даланың кереметін түсіне алмай жүдедік.
Сондықтан да бұл күндері тесілеміз тастарға,
Бабам əйтеу атқа мініп мал баққан деп асқарда.
Менің өкпем тарамайды, дастарқаны даладай,
Қымыз ішіп, қызып алып, қызын сатқан мастарға.
Ендеше мен бұл ғасырды қақ екіге бөлемін,
Екі елуге арналады егіз ойлы өлеңім.
Алдыңғы елу ғасыр басы шерімді бір төгемін,
Қалғандары ғасыр соңы сетер сезім себемін.
Бүгінгі ұрпақ кешесіне ойлы көзбен қарайды,
Аққа тойған аталарын ақ ниетті санайды.
Бұл ғасырдың басында біз сан алыптан айырылып,
Ал, соңында қайта танып тірілттік-ау талайды.
Ғасыр басы біз ұшаққа шалма тастап мақтандық,
Жаудан емес жау шығатын жардан əрең сақтандық.
Ғасыр соңы теңдік алып заманаға үн қосып,
Алғы буын ағалардың тек арманын ап қалдық.
Ғасыр басы біз қыранға қызыл көзбен қарадық,
Ал, жыланға ақ тамызып жаутаңдадық қадалып.
Ғасыр соңы ақ таяқты «А» деген бір əріп деп,
Түсінгенге өзімізді сəл саналы санадық.
Ғасыр басы демесек те қарнымыз тоқ еді,
Ғасыр соңы сияқтанған қарнымыз жоқ еді.
«Ей, ағайын, алдыменен тер шығарып көрші бір»,
Көптен бері көңіліңе алған бір айтарым сол еді.
Ғасыр басы демесек-тағы айналмайды мақтанға,
Аталарым жол бермепті арын елге сатқанға.
Бұрынғылар бір күн өтсе жылайды екен деуші еді,
Бір ғасыр да өте шықты біз мимырттап жатқанда.
Өлең ойы қайшылықты бейне нағыз өмірдей,
Көңіл шері тарқамайды көздің жасы төгілмей.
Селт ететін кезің келді, сезімге бай серілер,
Кеңсің деген керегі жоқ кері сөзге семірмей.
Ауыз күште жүректерге түк бітірер батырмыз,
Аққа тойып, атқа мінсек шетімізден ақынбыз.
Біздер толық оянбадық, ұйқысырап жүріп тек,
Оянғанның ойынын ойнап, тамағын жеп жатырмыз.
Өзгеге ұқсас өзіңде де болғаннан соң сай тұлға,
Дəуір даңғыл жол көрсетті далалықты байытуға.
Бірақ, бүгін ғасыр соңы ұят болып тұрғаны-ай,
Миллионнан миллионер шыққан жоқ деп айтуға.
Атақ салған қоржынымыз сыйған жоқ деп қақпаға,
Маңғазсынып масайрадық, өлең жазып мақтана.
Біз келмеске кетіп бара жатқан жолда сақтана,
Жүргеніміз жөн-ау шіркін, шалқи бермей шаттана.
Жалқаулығың жан төзбейтін кезге келді бұл күнде,
Шаш-тырнақты алу-дағы қиын ғой біз шіркінге.
Өз кимін өзі тігіп киеді екен ағайын,
Ғасыр басы бабаларың жүрсе-дағы үркінде.
Ғасыр соңы, тамақ дайын, киім дайын бəрі бар,
Айран ішпей арақ ішіп ауырғанға дəрі бар.
Əр пенденің əліне сай салатұғын əні бар...
Бірақ біздің арамызда арамзалар əлі бар.
Ғасыр, міне, ғаламат кез, алтын дəуір арайлы,
Салтқа көшер ел ұрпағы салдырды сан сарайды.
Толық біле бермесе де бүгінгілер үш жұртын,
Ал, үш жүзге бөлінгенде бөрі жеді талайды.
Қос ғасырдың қос қадамын біздер қайта көрмейміз,
Сан соққыдан аман қалдық, енді бəлкім сөнбейміз.
Ғасыр басы деген Абай «жарамызды емдейміз»,
Ендеше біз ендігі ұрпақ соқырларға ермейміз.
Ғасыр- альбом жырға толы жиынтығы жылдардың,
Бəрі толық айтылуы мүмкін емес сырлардың.
Қоңыр белде қоңыр ұлдың үні ұласты қобызға,
Қоңыр қалта елім сені қоңыр үнмен жырладым.
Тіршілігің табиғатпен, тарихпен тамырлас,
Ел ертеңі бүгінгі жас ұрпақтармен тағдырлас.
Мен білгенде халқым сенің аңқаулығың ақ еділ,
Мынау біздің ғасырлармен шығар бəлкім даң құрдас.
Тарамдалған тарихтан сабақ алсақ тек кілең,
Жүректерге жүк етпеуге болар еді кекті үнем.
Берекесіз бейнесі мен жалқаулыққа қош айтсам,
Менің елім ешкімге де есе бермес деп білем.
Қандай ғажап сыр сыйлайды келер ғасыр ендігі,
Əйтеу менің бір тілегім адамдардың теңдігі.
Кемістігін көре білген əрқандай бір қауымның,
Жеңіс туын айғай салып айтпаса да белгілі.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter