Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  430


Автор: Әбубәкір Қайран

БОТА МЕН ҚАУЫНШЫ

Сонау бір жылы,
Ауылда,
Жай ойнап тұрған жауында.
Боталы түйе боздағы
Түскен-ді барып қауынға.
Тәтті ме қауын пәлегі,
Нөсердің әлде әлегі.
Ботадай болып боздаған
Бір күнім менің бар еді.
Артынан қудым түйенің,
Жеткізбей қойды киелім.
Он бірге толған бала едім,
Қатпаған әлі сүйегім.
«Түйенің көріп қарасын,
Артынан жосып саласың.
Жауынды күні шаппа», – деп,
Айтатын ылғи анашым.
Қауынға түйе ілікті,
Қауыншы бастар бүлікті.
Иесі жоқтай көреді,
Киесі қайтқан түлікті.
Құр айғай оның салты еді,
Мінезі жаман шалт еді.
Есепсіз сөздің иесі,
Езгені ылғи малта еді.
Әнеки, шықты ақырып,
Баласын қоса шақырып.
 Келенің алдын қайтарды,
Сойылды салды батырып.
Түйенің алды тосылды,
Сойылдан қатты шошынды,
Қара үзіп қалған келеден,
Көрдім мен сонда досымды.
Ол досым – жетім бота еді,
(Жетім боп енді өтеді.
Жетім боп енді өтсе де,
Түйе боп ертең өседі).
Бәкене бойы, тым арық,
Жүретін әрең бұралып.
Келеге қосып кеп-кеше,
Жіберген едік шығарып.
Түйеге жетпей шабаны,
Айғайға сартың салады.
Ботаны келіп сабады,
Елемей мендей баланы.
Табылды тулақ сойылға,
Кірісті керім ойынға.
Түсе қап аттан жалындым,
«Ағатай, көке, қой, ұрма!»
«Кет, – деді, – былай, бөгеме,
Сойылдан түйе өле ме!!!»
«Түйе емес, аға, бала ғой,
Бала емей бота немене?!»
Сабағын қауын санағыш,
Көрмедім мұндай сабағыш.
 Елестеп кетті көзіме,
Балапан бүрген қарақұс.
Ботамды әбден сабады,
Боталап жасым барады.
Шабанын бұрып алды да,
Артына бір-ақ қарады.
Балапан құстан аумаған,
Жаңбырға тоңып жаураған
Ботамды менің сабаған,
Қауыншы неткен жау, надан.
Қара тер жауып жотамды,
Аймалай бердім ботамды.
Қауыншы сынды жандарға
Жүрегім кектен от алды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу