Өлеңдер ✍️
Кекілік – Сеңгірдегі соғыс. Қаза
Кекілік – Алатаудың бір саласы.
Қырғызбен аққан Шудың оң жағасы.
Тоқпақтың күншығысын жатыр алып,
Бар дейді бауырында қазынасы.
Сеңгір тау Кекіліктің терістігі.
Жоқ мұнда жапан түздің кеңістігі.
Аталған Кекілік – Сеңгір сондықтан да,
Өр төсті, өзге таудан ерек түрі.
Тұнжырап тұрады ылғи Шуға төніп,
Батырдай жатып қалған мұңға шомып.
Бұл жерден бес-ақ аттам Майтөбе тұр,
Кеудесі өткен тарих – сырға толып.
Майтөбе асыраған аш-арықты,
Бұл жерде нелер қырғын жасалыпты.
«Майтөбе» аты жақсы болғанменен,
Қырғызда «қанды жер» деп аталыпты.
Шынында, мекен аздау мұндай жайлы,
Өзенді, қалың нулы, қарағайлы.
Көп соғыс өткен шығар осы жерде
Болған соң шеп құруға тым ыңғайлы.
Ту тіккен Кенесары осы араға,
Тұр қазір «төрге озсам!» деп босағада.
Бауырлас, бастас еді қазақ-қырғыз,
Бір қырғын болмақ енді екі арада.
Тас түйін дайын болды қырғыздар да,
Сұстанып қарап қапты шың-құздар да.
Мың мерген, қос зеңбірек шеп шетінде,
Бір бұзар жау тұмсығын бұл бұзғанда.
Қуантып қырғыздарды, таңдандыртып,
Қоқаннан әкелінді самғал мылтық.
Жиналып бүкіл елден сұр мергендер,
Әрқайсы бір-біреуден алған тұтып.
Кенеге түпкілікті түйіп кекті,
Қоқан да мықты әскерін үйіп-төкті.
Түйеге тіркеп алып қос зеңбірек
Орыстың жасауылы алып кепті.
Тас түйін! Тұрмас енді тартыншақтап,
Биіктен зеңбірегін арсылдатпақ.
Үш елдің қаруына, әскеріне,
Қалайша Кенесары қарсы шаппақ?!
Манаптар масайрасып, балпаңдап жүр.
Бусанып, бұтқа толып, талтаңдап жүр.
Әйтсе де, қоқан, орыс ортасында,
Жалтаңдап, жағымсынып, жалпаңдап жүр.
Құрыған құлқын үшін ар-намыстан,
Орман мен Жантай манап Сарбағыштан.
Бұғыдан Боранбай мен Әжібай жүр,
Үрлеумен үміттерін қарманысқан.
Бетіне қарамаған жан баласы,
Солтыдан Есқожаның Жанғарашы.
Кененің тісі тиген барлығына,
Кеудеде сыздап тұрған бар жарасы.
Бәріне бас болып жүр Орман манап,
Әр нені оңнан қарап, солдан қарап.
Түн түсе бүкіл бетке от жаққызды,
Қорықсын деп Кенесары тұрған қарап.
Шынында шіміркеніп бұл бір лепке,
Хан Кене шын сиынды құдіретке.
Деп қойды күліп тұрып Ағыбайға:
«Құдай-ау, қырғыз көп пе, жұлдыз көп пе?»
Күн шыға Кенесары қақты дабыл,
«Ал енді, баһадүрлер, бақ сына бір!»
Алдымен лап қойысқан ұран салып –
Кілең ер, кілең ұшқыр аттылар бұл.
Қырғыздар асу аузын бітеп алған,
Бірінен кейін бірі күтеді алдан.
Кененің батырлары іс қыла алмай,
Ызадан жарылардай түтеп алған.
Асуға найза ұшымен ендер деген
Көп әскер тау соғысын меңгермеген.
Бұл жердің тауы да жат, тасы да жат,
Кененің өкпесі өшті өңмендеумен.
Зеңбірек дүлей үнін төкті айбарлы,
Добынан алдыңғы шеп өртке айналды.
Асудың аузын алсам деп барғандар
Оғына мергендердің көп байланды.
Қырғыз жоқ қорқып, үркіп, қорғалаған.
Асудан ажал оғы сорғалаған.
Бар еді бір зеңбірек Кенеде де
Орыстың әскерінен олжалаған.
Бір емес, бірнешеуін олжа қылған,
Қайысар арба белі салмағынан.
Және де жауға жұмсар доптары жоқ,
Қажетсіз болып қалған сол жағынан.
Он доппен бір зеңбірек алып шыққан,
Түк пайда тимей қойды жарықтықтан.
Дүрсілдеп тауға барып тиіп жатты
Доптары көмейінен қаңғып ұшқан.
Батырлар бармақ шайнап, күйіністі.
Дәл мұндай көрмеп еді қиын істі.
Әрбір қол асу жаққа бет алғанда,
«Алла!» деп, аруақтарға сиынысты.
Қырғыздың айла-амалы басым келді,
Қазақтың бір екпіні басылды енді.
«Бұғыбай бір амалын таппас па?» деп,
Наурызбай сөз тартуға жақын келді.
Бұғыбай Наурызбайды тыңдап болды,
Ойменен осы тауды шарлап көрді.
Есіне енді түсті – біледі екен
Ұрылар жүретұғын тармақ жолды.
«Ұры жол» қиын таудың қиясында,
Сынайтын аттың тұяқ, тұрасын да.
Бұғыбай деді: «Науан, бастап жүрсем,
Сол жолмен маған еріп шығасың ба?»
Науанның көзі сонда бір жарқ етті,
«Жансың ғой, Бұқа ағам, – деп, – сұңқар текті!»
Асуға іліндірші әуелі», – деп,
Көңілі жас батырдың шырқап кетті.
Жүрегі «Дүрс-дүрс» етіп, тоқтамастан,
Кенеге жетіп барды қоста жатқан.
«Жол таптық асуға!» деп алаулап тұр,
Қызарып алмастай боп шоқта жатқан.
Орнынан атып тұрды хан қуанып,
Бір қоста отыр еді жалғыз налып.
«Бер маған отыз жігіт, – деді Науан,
Бұзатын жаудың шебін келді уақыт».
– Науанжан, отызың аз, – деді Кене, –
Аз қолмен жауға қарай екіленбе.
– Тисе егер тау ішінде отыз батыр,
Қайтпасын қалың жаудың беті неге?! –
Деп Науан ағасына қарай қалды.
Таңдай боп уыз беті арайланды.
Көрмепті осындай ер өмірінде,
Білсе де батыр туған талайларды...
«Алла!» деп Бұғыбайдың соңына ерген
Отыз ер жүріп кетті «ұры жолмен».
Бұғыбай барымташы, аңшы да еді –
Жолдарды ұмытпайтын көзі көрген.
Бұғыбай алда жүрді құлжадай боп,
Тіркелді отыз батыр тырнадай боп.
Тар жолдың асты да құз, үсті де құз,
Теңселіп тұрған сынды жер менен көк.
Батырлар ілбіп басып жол қашыртты.
Өртеніп, өршеленіп өрге асықты.
Асқардың асу бермес биігіне
Болғанда бие сауым зорға шықты.
Дем алып, соғыс жайын біраз ойлап,
Жер мен жау жағдайын тым абайлап,
Қапыда қалың қолдың бүйірінен
Ат қойды қалың қолға «Абылайлап».
Тигенде алғы шепке екпіндей кеп,
Көрінді таудан түскен көшкіндей боп.
Кескілеп жаяу-жалпы мергендерді,
Шалма сап зеңбірегін кетті сүйреп.
Әп-сәтте асу үсті шаң боп кетті.
Бастары қырғыздардың даң боп кетті.
Асудың үсті де тар лап қоюға,
Не істерін білмей сасып, ербеңдесті.
Салуда Орман датқа байбаламды,
Асуда қолы еріксіз байланады.
Бір кезде шыға келіп батыр Бедер:
«Ей, қазақ, жекпе-жек!» – деп айғайлады.
Атақты бет бақтырмас Бедер батыр
Найзасын білеп ұстап келе жатыр.
«Жекпе-жек» деген соң-ақ тоқтау керек, –
Атадан мұра болған көне дәстүр.
Қазақтар ошарылып бөгелуде,
«Қайсымыз шығамыз?» деп түнеруде.
Наурызбай шарт түйініп, атып шықты,
Өзінің тұрған шағы кемелінде.
Бейне бір жайдың оғы секілденді,
Жауына «ажал!» деген кесім берді.
Жер құшып Наурызбайдың найзасынан,
Бақытсыз батыр Бедер көсілді енді.
Кісінеп күрең қасқа ат шыға берді,
Солтының хас батыры құлады енді.
Қырғыздар лап қойысты сүйегіне,
Шаппастан намысына тұра ма енді!
Батырлық Бұқарбайды билеп кетті,
Артынан тас қиыршық түйдектетті.
Бедердің сүйегіне бұрын жетіп,
Көкпар ғып Көкшолақпен сүйреп кетті.
Шаңменен күннің жүзі құрсауланған.
Наурызбай «жекпе-жек» деп шырқ айналған.
Қырғыздың бір батыры Ораз шығып,
Ол дағы ұшып кетті бір сайғаннан.
Ағыбай осы сәтті күткен еді –
Жазылды қылыштай боп бүктемелі.
Ораздың зіл сүйегін өңгергенде,
Саңылақ Сандыққоңыр «мыңқ» демеді.
Ағыбай ағып-ұшып ол да кетті,
Қоңыр ат жер-дүниені дөңгелетті.
Еңіске салып шапқан қиын тиіп,
Алдына хан Кененің зорға жетті...
* * *
Наурызбай ойран салды жау үстінде,
Ұмытты қатерді де, қауіпті де.
Оққа ұшып, найза құшып шейіт кетті
Шетінеп он бір жігіт тау үстінде.
Шегінбей қалғандары арпалысты,
Асуды тазалауға жан салысты.
Тоймай тұр бірақ асу көмекейі,
Жұтса да екі жақтан қанша арысты.
Барады қан кеберсіп, жан ауырлап,
Жұқарып жұлын-жүйке, сана сыздап.
Наурызбай бір ашыққа шыққан кезде,
Оқ тиіп мұрттай ұшты Ақауыз ат.
Қазақ та, қырғыз дағы мұны көрді,
Жас Науан шыбын жаннан түңіледі.
Бұқарбай шауып жетіп, сол бір сәтте
Төресін ат үстінен іліп еді.
Қиқулап қырғыз шапты соңдарынан,
Ағыбай шыға келді алдарынан.
Соңында Шәкір, Қабан, Меңдібайлар,
Шабысты шыққандай боп бір арманынан.
Асуға Ержанның да қолы жетті,
Ыза-шу кернеп кетті төңіректі.
Жалғыз сәт – қас пен көздің арасында
Жан алып, жан берісу болып өтті.
Қырғыздар сезді мықтап жайпалғанын,
Қазақтар сезді жауды қайтарғанын.
Ержанның жігіттері алып келді
Науанның өз төл аты – Кертайлағын.
Қол жетті қол артынан тау басына,
Жау қашты сұрай алмай сауғасын да.
Қасқырдай қойға тиген шапты қазақ –
Осылай кеткен кегін алмасын ба?!
Қойылды қос зеңбірек тартып алған,
Шығатын уақыт келді бір құмардан.
Доп түсіп ойран-топан болып кетті
Орманның ордасы жақ қалтыраған.
Бұл кезде күн де батты алау басып,
Қып-қызыл қан шапағын жалаулатып.
Қылыштар қынға түсіп, ал батырлар
Тоқтатты тұлпарларын танауратып.
Білмекке бет алысты – кім бар, кім жоқ?
Алу шарт қас қараймай бір түгендеп.
Бір шетте қойдай болып иіріліп,
Жаралы тұтқындар тұр бүрселеңдеп.
Аузында көп қырылып бұл асудың,
Астында қалған қазақ ұлар шудың.
Кетсе де талай боздақ арманда боп,
Бұл жерде реті жоқ жыласудың.
Бір қатер – Ержан жоқ боп, табылмады,
Кененің жүрегі от боп жалындады.
Саржаннан қалған көзден айырылса,
Сансырап, сарсаң кешіп, сабылғаны.
Қарайып, қайғы көшіп санасынан,
Іздетті өліктердің арасынан.
Тым құрса табылмады мінген аты,
Көрінді қолға түскен шамасынан.
Наурызбай: «Қырғыз жаққа барам, – деді, –
Ержанды тез құтқарып алам!» – деді.
Хан Кене: «Күн шыққанын күту керек,
Әзірше бұл әңгіме тамам!» – деді.
* * *
Жаман боп Орман, Жантай у ішкеннен,
Жасыды, жеңілдім деп тірескеннен.
Көздерін жарқ еткізіп сол бір шақта,
Хат жетті Сыпатай мен Рүстемнен.
Тұр екен хат мазмұны шуақ төгіп,
Қаталап құлағанға суат болып.
Бойларын шымырлатты манаптардың,
Сиқырдай бір-ақ сәтте қуат беріп.
Ол хатта: «Достығымыз анық, – депті, –
Ұстайық әр қашанда жарық бетті.
Кенені сан соқтырып, бүгін түнде
Кетеміз бүкіл қолды алып! – депті.
– Кетеміз Кекіліктен орын беріп,
Сендерге дұшпан болып көрінбелік.
Таң ата «жау қаштылап» ұран салып,
Кенені басып қалсын қолың келіп»...
Бұл жоспар орындалды!.. Солай болды!
Қырғызға, Үйсінге де қолай болды.
Тар жерде тастап кетіп туысқаны,
Кененің зарлағанын Құдай көрді!
Тағдыр ғой, әрбір нәрсе кезегімен,
Кім асқан жазымыштың кезеңінен.
Хан Кене ойда жоқта зарлап қалды
Өзінің қазағынан, өз елінен!
Ол тұрды қаны қатып, жаны суып,
Тастады тағдыр мұны тағы ысырып.
Қашқанда, жолы болмай, қолға түсті
Өте алмай өзенінен Қарасуық.
Көздеген бір арманға нақ кім жетті?
Кім білсін – жаман, әлде жақсың жетті.
Соңына он екі мың әскерін ап,
Әнеки, бір түкіріп сатқын кетті.
Кім нала айта алады құйын, желге?
Құдайды қарғайды адам күйінгенде.
Жалғанда шын опасыз деуші еді ғой –
Жолдасын сатып кеткен қиын жерде.
Алдамай, алса жақсы-ау күші мықты,
Кенені алдап отқа түсіріпті.
Аспанға қарап тұрып «тәуба!» деді –
Наурызбай жау қолынан сытылыпты.
Ол енді жолын да аңдап, жоғын да аңдап,
Болар-ау ағалардың кегін де алмақ.
Әйтеуір, аман жетсін ел шетіне,
Оған да орыс, қоқан торын жаймақ.
Келеді Кене, міне, тас қоршауда,
Болмайды бұдан былай жоқты аңсауға.
Өз басы өткен кекке өтеу болар,
Қырғыздан сұрамайды жанға сауға!
Нілдей боп бұзылуда жан әлемі –
Аз ғана бұл сапардан дәмелі еді.
Алтынға, атаққа да қызыққан жоқ,
Күресті намысы үшін Қазақ елі!
Кешегі ер де қазақ, өр де қазақ –
Бүгіндер бүкірейіп, жорғаламақ.
Пенде боп орыс, қоқан арасында,
Жасқанып, жетімдей боп қорғаламақ.
Жетті бұл Жетісуға қаңғырумен,
Кезінде Абылай салған «шаңды жолмен».
Мінеки, қанжығада келе жатыр,
Тұтылып Майтөбедей «қанды жерден».
Бұл келді осы жерге арнай басып,
Қазақты сілкінтсем деп қалған жасып.
Дариға-ай, тым болмаса қалмады ғой
Өлерде өз жұртымен армандасып!
Он бесте жолдас болып аттың жалы,
Бойында күш-қуаты тасқындады.
«Алашты адақтасам!» – деген еді,
Сол мақсат жеткізбеді, бас бұрмады.
Енді кеш көсесе де арман отын,
Енді жоқ, бұрар сәті таңға бетін.
Тұтастай қайтаратын болды қырғыз
Кешегі Абылайдан қалған өшін.
Сыпырып бауыр тері – үйегін де,
Итіне тастар ма екен сүйегін де!?
Сөйтсе де нұр жалынды өшіре алмас,
Лапылдап лаулап тұрған жүрегінде!
Сол нұры көк аспанға тарар ма екен,
Ауалап алашына барар ма екен?!
Бесігін тербетісіп бейбіт елдің,
От болып ошақтарда жанар ма екен?!
Білмейді-ау! Білмей кетер! Күмәні көп.
Бұлыңғыр бұл жалғанның тұрағы жоқ.
Есімі ел есінде қалар ма екен
Дәуірдің шешілмейтін сұрағы боп?!
Туғалы тыныш өмір бір таппады.
Аулақта ащы жасы бұршақтады.
Жүре ме қас дұшпанның құлы болып
«Ұлым» деп үміт күткен ұрпақтары?
Күн сайын бір өнерді бастап қасы,
Олардың бұл қорлықтан аспас басы.
Шынында, бекер емес, бекер емес,
Бопайдың түске кірген аппақ шашы!
Сүрініп босағада жығылғаны –
Кеткені бұл фәниден мұның дағы.
Басынып, басқа шығып той жасайды-ау
Заманның зымыстан мен зұлымдары!..
«Түс аттан!» Дауыс ұрды құлағына.
Жел тиді сөнер-сөнбес шырағына.
Естіді тұңғыш рет мұндай сөзді,
Дақ түсті деген осы, міне, арына!
Қырық бес жыл болыпты туғанына,
Жасынан ата жолын қумады ма?!
«Түс аттан!» деп зекіді бір қара құл,
Шынымен, түп тамыры қурады ма?
Хан Кене деп күрсінді: «ой, Аллам-ай!»
Түсінен бейне шошып оянғандай.
Алдына ақ орданың кеп тұр екен,
Кіргізді бір топ қырғыз аялдамай.
Бұл үйге жиналыпты тамам қасы,
Ешқайсы қол созбады амандасып.
Есіне түсе қалды ең алғашқы
Өзіне арнап тіккен хан ордасы.
Оған да ой кешумен жетіп еді.
Кеңейіп, кеңіп еді көкірегі.
Мынау бір ақ ордаға кірді, міне,
Қазақтың сияқты бір жетімегі.
Хан Кене босағадан қозғалмады,
Деп еді: «Төрлет, төре!», төрге озбады.
Жиылған көпшіліктің арасынан
Жымсиып Жантай манап сөз қозғады.
«Хан Кене, төре Кене, қалай қалың?
Анықтап маңайыңа қарайлағын.
Қыржиып, қыржаң шайнап қалғандайсың,
Қырғыздың аламын деп бар аймағын.
Құтырып құдай берген несібіңе,
Еліріп елге сыймай есіріп ең.
Қазақтың төрін былғап, мұнда келіп,
Кіре алмай тұрсың ба енді есігімнен?
Айтшы өзің қырғыз саған не қылғанын.
Дейсің бе дәл қасымнан табылмадың?
Орыспен соғысам деп ел жылаттың,
Халқыңа қастық па еді сағынғаның?
Орыспен ойнайтұғын баласың ба?
Одан да келмедің бе жарасымға?
Иесі от қарудың орыс деген –
Ол сенің көк найзаңа қарасын ба?!
Еліне ептестіріп болар пана,
Бейімдеу келмес пе еді хан ортаға.
Сен болсаң, мұнда келіп, мені шаптың,
Мен сенің барып па едім Сарыарқаңа?!
Орындай алмаған соң кесіміңді,
Бұртаңдап, бұзбақ болдың есігімді,
Жақсы жан болмас па еді кешірімді,
Сен неге найзаға ілдің бесігімді?!
Кінәңді ойлай алсаң, бәрін ойла.
Сен мұнда хан емессің, шадырайма.
Атамды Әтекедей қан қаптырған,
Сәлем айт, барғаныңда, Абылайға!
Кеп мұнда Үйсіндерді көтеріпсің,
Найзамен жұртты айдауға төселіпсің.
Қырғызды білмейсің-ау таста ойнаған
Келсе де бой бермейтін неше мықтың.
Ханы боп бүкіл қазақ қауымының,
Шетінен ұстамадың ауырының.
Рүстем, Сыпатайың бірдей сатып,
Көрсетіп кетті, әне, жауырынын!
Тым қораш жан екенсің, алып десек,
Сөнбеген шоқты жүрсің тауып көсеп.
Сөз бітті, енді барып деміңді алғын,
Өзіңе салып қойдық мамық төсек!»
Кенені алып жүрді жасауылдар,
Кілкілдеп жүрек айнып, бас ауырлар.
Жантайдың сөзі жетті сүйегіне,
Болды ғой ішкізгендей атауын зәр.
Жетелеп бір боз үйге алып кірді,
Тағы да басы айналып, талып тұрды.
Ешкімге тіс жармады, сыр бермеді,
Сұм өмір әбден мұны жалықтырды.
Шынында, үйдің іші шырайлы екен,
Деп еді – зынданына құлай кетем.
Үй жайлы, қызметші жүгіріп жүр,
Осылай әлде мұны сынай ма екен?
Саба тұр босағада мелдектеген.
Қазақты қашан қымыз шөлдетпеген!
Бір аяқ ішіп еді, ұнамады,
Осы ғой «жаудың асы – кермек» деген.
Азырақ татып көрді жаядан да.
Мұндайда ас батады қай адамға!
Мамыққа Жантай айтқан сұлай кетті,
Кірпікке ұйқы ұятсыз таяғанда...
Түсіне түк қорқыныш кірмеп еді,
Сезгендей ұшып тұрды бірдеңені.
Қараса, Орман манап қалшиып тұр,
Айтқаны: «Батыр інің бізге келді!»
Хан Кене «Не дедің?» – деп бір ақырды,
Көрмепті манап мұндай сұрапылды.
Көздері жап-жасыл боп шаншылғанда,
Бұл жерден қашқысы кеп... тұра тұрды.
«Наурызбай... Наурызбай...» деп тұтығып тұр,
Қозғалып жұтқыншағы, жұтынып тұр.
Жалтақтап күзетшіге, ой ойлады:
«Өлтіріп жібермесін құтырып бұл!»
Бір сәтте бойын жиып алды манап,
Алдында хан Кененің сән құрамақ.
Сырбазсып, сыздап сөйлеп жауап берді:
«Өзі кеп қолға түсті қандыбалақ!
Өзінің сізбен бірге өлгісі бар,
Өлмесе, өз қолымен көмгісі бар.
Шығардық үш төреге үкім бүгін,
Бізде де қал қалмады енді шыдар».
Бұл хабар шыбын жанын шын шығарды –
«Қап! Қап!» – деп, бас бармағын қыршып алды.
«Көрсет!» деп айтуға да тілі келмей,
Кептеліп кеңірдегі, тұншығады.
Бір кезде «Көрсет!» – деді, тағы ақырды.
Тордағы арыстандай аласұрды.
Орман тұр басын шайқап, «Болмайды» – деп,
Қорлап тұр қолға түскен шарасызды.
«Үш күндей біз сақтаймыз үш төрені, –
Деп манап мазақ етіп, тістенеді.
– Дем алып, ет жеңіздер, қымыз ішіп,
Басқадай сұрамай-ақ ештеңені.
Айтпақшы, мына төрді білесің бе?
Естісең – жылайсың ба, күлесің бе?
Үйі бұл Қалша бидің ағасының,
Оны өзің байлап едің күресінге.
Батқанша мамық көрпе көтеніңе,
Аунай бер аунағанша төсегіне.
Біліп қой бірақ тағы, сен жүресің
Кегінің Қалша бидің өтеуіне.
Наурызбай өзі келді, аңғалақ па?
Жармасып болмап еді жау-жараққа.
Біз оны батыр Бедер өтеуі деп,
Береміз ағасына – Жанғарашқа.
Бұл сөзім барды ма енді ар жағыңа,
Осылай жеттің, төре, арманыңа.
Оң қолың екен сенің Ержан сұлтан
Сондықтан үй тіктірдік оң жағыңа.
Төр менен көр лақатын жалғастырып,
Дәл мұндай күнің көкте тұрмас күліп.
Ертеңсіз сұлтандарды, әйтсе дағы,
Қайтеміз бір-бірімен сырластырып».
Мұны айтып Орман манап кете барды.
Кененің қасіреттен шашы ағарды.
«Көзімнің жасын ешкім көрмесін», – деп,
Төсекке тас бүркеніп жата қалды.
«Науаным, – деп өксіді, – неге келдің?
Дәл қазір ел-жұртыңа керек едің.
Сан түрлі тығырықтан алып шығып,
Көкеңді қолтығынан демеп едің!
Тағы да «демейін» деп келіп пе едің?
Балалық қиялыңа еріп пе едің?
Қан қатқан жүрегіне қас дұшпанның
Мүсіркеп, аяғанын көріп пе едің?
Үзіліп қалдым ба енді тамырымнан?
Көз жазып қалдым ба енді жарығымнан?
Бақ кетті-ау маңдайымнан, қарап тұрсам,
Ат кетті-ау ат байлайтын қазығымнан!
Науанжан, сен едің ғой сәулетіміз.
Науанжан, сен едің ғой дәулетіміз!
Құдайдың жазып қойған жазуы ма –
Тек қана жаудан өлер әулетіміз?
Басымды түнек бар ма торламаған.
Көкеңнің жасы, міне, сорғалаған.
Қан жұтып, қасіретпен арпалысып,
Қапаста жатыр, әне, Ержан ағаң!..»
Қырғыздар көрсетпей-ақ күш, білекті,
Кененің жағдайын мүшкіл етті.
Тоздырып жұлын-жүйке, сана, миды,
Тозақтың тура өзіндей үш күн өтті.
Үшеуін үш топ атпен алып жүрді,
Тұп-тұйық бір аңғарға барып кірді.
Тілдесіп, ымдасуға таппай амал,
Үш сұлтан бір-бірінен алыс тұрды.
Алдымен Наурызбайды аттан алды.
Батырдың көзі жайнап, шоқтанады.
Өрекпіп, өр кеудесін тауға беріп,
Сүзіліп көк аспанға көп қарады.
Саңқ етті сонан кейін: «Ей, манаптар,
Мен емес қиын сәтте тайғанақтар.
Сендерде мен ұстайтын найза бар ма,
Сендерде мен мінетін қандай ат бар?
Бар болса, бас батырың шықсын маған.
Батыр ма ата жауын тықсырмаған?!
Мен едім батыр Науан – қан майданда
Қырғызды құйырыққа қыстырмаған!
Қас батыр шықсын маған қарсы келіп,
Өнерін осы жерде бір көрелік.
Мен жеңсем, хан Кенені босатыңдар,
Өзімнің обалым жоқ, қалсам өліп!»
Қырғыздар тұрып қалды ошарылып,
Наурызбай манаптардан тосады үміт.
Кенеттен Орман манап қарқ-қарқ күлді,
Барлығы жатыр және қоса күліп.
Деді Орман көкірегін паң көтеріп:
«Ей, сұлтан, жан екенсің қанға жерік.
Төренің қаны тәтті деуші еді ғой,
Ішкізіп соны саған көрсетелік!
Алыңдар басын Ержан ағасының,
Ойыңдар аңғалақтан қарашығын.
Көз етін жесін дағы, қанын ішсін,
Бір тойсын қарны Абылай баласының!»
Байлады Наурызбайдың қол-аяғын,
Біреулер айтып жатыр «тобаларын».
Бір жендет Ержан басын шауып түсті,
«Өзіңе болды ғой, – деп, – өз обалың!»
Ержанның қызыл қаны бұрқырады,
Кененің шыбын жаны шырқырады.
Байлаулы қол-аяғы батыр Науан
Өкіріп, «Ержекелеп» бұлқынады.
Науанды шалқасынан салды келіп,
Уыстап құйды аузына қанды келіп.
Шыңғырып кісінеді жылқы біткен,
Қып-қызыл ағып жатқан қанды көріп.
Болды ма мұндай қорлау бұрындары?
Қырғыздың сұмдық екен ырымдары –
Ержанның екі көзін ойып алып,
Аузына Наурызбайдың тығындады.
Тұрғызды Наурызбайды беті қан-қан,
Бір қырғыз қылдан ескен әкелді арқан.
Кейбіреу «бұған енді не істемек?» деп,
Қызықтап қарап қалды болып аң-таң.
Науанды қос ағашқа керді байлап,
Қасқырдай қас батыр тұр көзі жайнап.
Тағы да шыға келіп әлгі жендет,
Науанға таяп барды қару сайлап.
«Бар күші бұл батырдың оң қолында,
Найзасы мүлт кетпейтін созғанында.
Алдымен шауып таста оң жақ қолын,
Содан соң шауып таста сол қолын да!» –
Деп Жантай жендетіне берді пәрмен,
Бас жендет Наурызбайға келді сәнмен.
Әп-сәтте екі қолын шапқанында,
Қалмады жас батырда енді дәрмен.
Тік тұрып құламастан шөгіп қалды,
Кейбіреу аяп та тұр арыстанды.
«Басын шап!» деп ақырды Жантай манап,
Қылышқа өз қолы да барып қалды.
Домалап жас батырдың түсті басы,
Қан-қан боп жендет кетті үсті-басы.
Аспанға Кенесары қарап қапты,
Жап-жасыл көздерінен ұшқын атып.
«Бақұл бол, бауырым!» – деп күбірледі, –
Пейішке сен жетесің бүгін!» – деді
Қарады асқар тауға содан кейін,
Бетінен білінбеді түңілгені...
Осы бір сұрапылды халық көрді,
Ісіне манаптардың қанық болды.
Өлтірмей хан Кенені бұл арада,
Жантайдың ордасына алып келді.
Орда тұр бой көтеріп, ой көтеріп,
Жеңістің шаттығына той көтеріп.
Жігіттер кілемді алып ортадағы,
Өгіздің бір терісін жайды әкеліп.
Кенені сол теріге отырғызды,
Күлкі мен кекесіннің оты қызды.
«Ал, Кене, біз аламыз басыңызды,
Мәңгілік өшіреміз отыңызды!
Құдайдың қалауымен, шама жетсе,
Бір зауал болар деп ек қарабетке», –
Деп Жантай, қылыш сайлап дайын тұрған
Ым қақты өз туысы Қожабекке.
Қылышқа хан Кененің түсті көзі,
Жүзінен суық ажал үскіреді.
Баяғы Тастанбектің алмасы екен,
Жоқ одан енді қорқып, тіксінері.
«Бұл елдің біреуі осы ырысының,
Бұл елдің құрышы осы құрышының.
Адаспай алтын басты табатыны-ай
Қырғыздың қасиетті қылышының!» –
Деп күлді рахаттанып Кенесары.
Жым болды ел бұл күлкісін көре салып.
Қожабек қатты боқтап, тісін қайрап,
Кененің басын қақты келе салып.
Бастағы жасыл жанар ашық қалды,
Көргендер жыпылықтап, жасып қалды.
Отырған жүресінен ұлы дене
Сол күйі тіп-тігінен қатып қалды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter