Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  140


Автор: Әбубәкір Қайран

Ой. Орда. Нысанбай

«Жар бол!» деп жер таянып түрегелді,
Сұрланып ашаң жүзі сүлеленді.
Сабынан қылышының қысып ұстап,
Алқалап тұрған жұртқа жүре берді.
Көп болған жүректерге қан қатқалы,
Түнеріп түн кетпеді, таң да атпады.
Қазаққа хан қыламыз Кенені деп,
Жиналған Алты Алаштың саңлақтары.
 Зар заман сарнаса да ызыңдаған,
Қазақтың салты ешқашан бұзылмаған.
Хандықтың ту тіктейтін тұсы осы деп,
Күмбезін Алаша хан ырымдаған.
Қыркүйек қыржиып тұр, дала сары,
Ұлытау көкжиекпен таласады.
Мың сегіз жүз қырық бір – сиыр жылы –
Хан болған сәті осы еді Кенесары.
Бойына байсал берген шошығанның,
Бар еді қасиеті осы маңның.
«Қайда – деп – қайқы қылыш түмендерім?!»
Сұстанып мазары тұр Жошы ханның.
Бас иіп, құран оқып моласына,
Тәу етті Кенесары бабасына.
Мұнысы мыс та болды, сұс та болды
Сұлтан, би, төлеңгіт пен қарашыға.
Бүк түсіп, бүріскендей дала мен қыр,
Қарқылдап қарға, құзғын алар дегбір.
Қамығып, қара көздің жасындай боп,
Мөлдіреп ағып жатыр Қаракеңгір.
Мінеки, таяу қалған күн батуға,
Жүректі шер-шемендер сыздатуда.
Түйе жүн сұр шекпенін серпіп тастап,
«Алла!» деп Кенесары мінді атына.
Бұл кезде бір жыл болды тыншығалы,
Күрсінсе, көкіректен мұң шығады.
Уақытша Орынбормен бітім жасап,
Уланып, дем ала алмай тұншығады.
 Сөйтсе де осы бір жыл оңды болды,
Аз ғана тыншу тапты ел жүрегі.
Басына хан көтерген жұртын ойлап,
Кененің іші жылып, елжіреді.
Кеудесі ойға батса кетеді ұлып,
Бүгіндер жат қолында кешегі жұрт.
Ертеңі не болады есіл елдің
Артынан еріп шыққан көтеріліп.
«Қазақ-ай, неткен бақсыз ел едің сен!
Сонда да тірегім – сен,сенерім – сен.
Қазақтық намысыңды қалғытпаймын,
Артымнан ұран салып ере білсең!»
Осылай толғанады Кенесары,
Ішінен ниет етіп, жол ашады.
Білмейді, әлі бұлдыр бұл қазақтың
Орысқа бодан болған болашағы.
Не шығар құр бекерге ашынғаннан,
Кек алар уақыт жетті басынғаннан.
Ел үшін барын салып, басын тігу –
Аманат Абылай мен Қасымдардан.
Атасы хан Абылай нағыз батыр,
Соңында үлгі болар сан із жатыр.
Қазақтың басын қосып кетті емес пе
Шоқ шайнап, жалын жұтып Әбілмансұр!
Шошыды ол болашақтың тұманынан,
Шошыды ол Ресейдің тұзағынан.
Тырнағы самұрықтың бір тиген соң,
Қайран ел айырылар тұрағынан.
 Қуса да қу сүйек қып жау қалмақты,
Дариға-ай, тағдыр тағы сазға аунатты!
Иықтап ішке кіріп, бекініс сап,
Жазықсыз жатқан елді талмауратты.
Әкесі Қасым сұлтан арпалысты,
«Бекініс салдырман!» деп қанша алысты.
Қазақтың қасиетті жерұйығын
Бермеуге өле-өлгенше жан салыпты.
Сұлтанды сұм сұғанақ алыстырды,
Адымын кең аштырмай, қарыс қылды.
Ақыры Көкшетаудан түп көтеріп,
Қоқанның хандығына барып тұрды.
Қырық мың шаңырақпен Қоқан барды,
Артында атамекен, Отан қалды.
Ділі бір діні бірдің еместігін
Өкініп, бармақ шайнап, кеш аңғарды.
Қоқанның жолы неткен қатерлі еді –
Бір бақыт сордан басқа әкелмеді.
Тәшкеннің құшбегісі алдауымен
Мерт болды Саржан менен Есенгелді.
Ойлаған Қасым сұлтан қол жиям деп,
Қазақтан Қоқандағы мол жиям деп.
Ақыры ажал тапты сол сапардан
Тигендей дәл маңдайдан қаңғыған оқ.
Кененің естен кетпес сол кездері,
Айқасса, алысқанын жеңген еді.
Саржанның қасына еріп, майдан ашып,
Есінде мәңгі қалды көргендері.
 Ажалы ағалардың «достан» келді,
Қасірет кернеп кетті аспан-жерді.
Жалыны ішіндегі өртке айналып,
Жүректе бір алапат басталды енді.
Осы кек бейбіт жолды таңдатпады,
Оянды асау көшкін ар жақтағы.
Бұл кезде дін оқуын оқып жүрген
Рахман Ишан қарттан Қарнақтағы.
Сұлтанды тебірентті кеткен кектер –
Екен ғой қоқандықтар нақ жендеттер.
Қарнақтан ұстап алып Кенені де,
Зынданға салып қойды тәшкендіктер.
Сансырап жұтып еді аза-мұңын,
Қайғысын тұтып еді қазағының.
Зынданда бір жыл жатып босап еді,
Қолынан Қоқан ханы Мәдәлінің.
Сыр еді айтылмаған бір жасырын –
Кез еді жолбарыстай тұлғасының.
Шақырып Шу бойына, қырып салды
Әскерін Созақтағы жүзбасының.
Қайтарды аздап кегін қан боп қатқан,
Жарқ етті аумай жүзі алдаспаннан.
Қоқанның қанды қолды жүз әскерін
Сол жолы оңдырмай-ақ алдап соққан.
Көрсе де талай өмір өткелегін,
Тілегін берді Құдай көксегеннің.
Жөнелді жігіттерін ертіп алып,
Артынан Ұлытауға көшкен елдің...
 Сан рет көк бөрідей ұлып қалған,
Сан рет қолын созып күліпті арман...
Тіреді аттың басын Кенесары
Арнайы ақ ордаға тігіп қойған.
* * *
Алпыс жыл хан Абылай қайтқанына,
Жанында Әзірет Сұлтан жатқанына.
Мұң мен шер, қаза, қайғы, ұрыс, соғыс
Жарқ еткен жай секілді қас қағымда.
Мың жеті жүз сексен бір – ұлу жылы,
Қазақты қатты соғып, сүріндірді.
Абылай ақ ту тіккен ақ орданы
Қайтадан тіктелместей бүліндірді.
Зеңбірек кең далаға сұғынғалы,
Қазақтың шырылдады шыбын жаны.
Тағдыры тастай қатып тарпаң елдің,
Дауысы шыққан кезі құлындағы.
Алпыс жыл – алас-қапас, ию-қию,
Ел болу мүмкін емес, есті жию.
Бұрғанша аттың басын дендеп кірді,
Рақымсыз Ресейдей сесті дию.
Мұң болды кең жайлауға көшпек деген,
Бурадай шөкті қазақ кескектеген.
Қаймана қара халық былай тұрсын,
Хандыққа сұлтан, төре «хош, хош!» деген.
Топырлап туған ұлдар Абылайдан,
Көздері орыс көрсе бажырайған.
 Мәз болып шенді шекпен кигеніне,
Патшаға, қолдан келсе, жағына алған.
Тек қана дараланып Қасым шыққан,
Жан еді мұз шайнаған, жасын жұтқан.
Қалмақ қыз Топшы анадан жалғыз туып,
Танбаған сұлтандықтан, батырлықтан.
Туыпты ол қан шеңгелдеп жатырынан,
Ат жалын тартып мінген батыр ұлан.
Ордасын Абылайдың тіктер ме еді,
Қаптаған қолдау көрсе жақынынан?!
Қайран ер қара қапас шермен кетті,
Қартайған қарт бурадай елден кетті.
Оның да көз алдында өле-өлгенше
Ақ туы Абылайдың көлбеңдепті.
Сордан сор үсті-үстіне жамалғасын,
Ер Қасым тіге алмады хан ордасын.
Аяныш, таяныш та таппай кетті,
Анадан жалғыз болып жаралғасын.
Жетсе де даңқы Күнге, айбыны Айға,
Сол Қасым көп көрінді бір Құдайға.
Жолбарыс кетті өмірден аманаттап,
Арманын Кенесары, Наурызбайға...
Аманат – ұрпаққа сын, адамға сын,
Күйлемек жаман ғана заманға шын.
Қасымның көкжал ұлы Кенесары
Тіктеді, міне, бүгін хан ордасын!
 Бұл орда – ордасы екен Абылайдың,
Қазаққа тұрған зәулім болып айбын.
Жаңартып туырлығын тұтасымен,
Алдыртқан сәті кеше ер Бопайдың.
Керемет Бопай ханым іс қылыпты,
Тектінің тектілігін ұқтырыпты.
Сүйегін бұл орданың Көкшетаудан
Алдырып, інісі үшін тіктіріпті.
Бұл орда атақ-даңқын сан асырған,
Сүйегі Көкшетаудың ағашынан.
Көктепті бір жыл бойы керегесін
Шын шебер шыққан көптің арасынан.
Бақаны алтындалған сан құбылар,
Шабылған күмісінде таң нұры бар.
Тігіліп Көкшетауда алғаш рет,
Тірелген Түркістанға тағдыры бар.
Бау-шуы мың өрнекпен әдіптелген,
Бұл орда жыр тілінде дәріптелген.
Әкесі өлгеннен соң Қасым сұлтан
Көкшеге Түркістаннан алып келген.
Бұл сүйек сол тұрғаннан тұрып қалған,
Қазақтай қара жұртта ұлып қалған.
Қалайда осы орданы көтерем деп,
Қасымдай өтіп кетті үміткер жан.
Текті адам тиек көрмес аласаны,
Бекзатқа белді буған жарасады.
Алпыс жыл өткеннен соң ақ ордаға,
Тұр, міне, бас сұққалы Кенесары.
 Көрмеген даңққұмарлық тіпті меңдеп,
Айқасып аты шықты күштімен көп.
Шынында, Кенесары ойламаған,
Әкеліп осы орданы тіктірем деп.
Сөндірмес кеудедегі жарық күнін,
Ер Бопай намыстысы намыстының.
Әлдісі, әйел заттың ақылдысы,
Сөйлесер құстың дағы тауып тілін.
«Болмайды тақсыз патша, ордасыз хан,
Ордасыз – ол дағы бір қорғансыз хан» –
Деп ойлап, құпиялап тез алдырып,
Тіктіріп қойғанынша сөз жасырған.
Бопайдың айтқаны – серт, сөзі – пәрмен,
Соғыстың сан түрлісін және көрген.
«Кенені қолдамадың, қатынсың!» – деп,
Кетіскен күйеуінен – Сәмекеден.
Сәмеке – шолақ ақыл, шолжаң сұлтан,
Ұлтарақ ұлықтарға болған сұлтан.
Кектеніп Бопай сондай қылығына,
Ауылын неше шауып, салған шұрқан!
Көкесі сол емес пе келекенің,
Көшкені сол емес пе берекенің –
Қолынан кесе түсіп кетеді екен,
Бопайдың аты естілсе Сәмекенің.
Қорлады Бопай байын «көн, шірік! – деп.
Шіркін-ай жіберер ме ем өлтіріп!» – деп.
Сәмеке Бопайға ерген Нұрқан ұлын
Қарғады «қанға бөккір бөлтірік!» – деп.
 Сол Нұрқан батыр болды жастан асқан,
Дұшпанын дәл жүректен, бастан атқан.
Орыстың тұтқынынан сытылыпты,
Жолдасын қасындағы тастамастан.
Ондайлар сирек туар елден мүлдем,
Тағдырдың ерте уланған кермегінен.
Әкеге намысы жоқ бір түкіріп,
Кетіпті көтеріліс дүрмегімен.
Бопайдың көрмегені, көргені не –
Жау көрсе қан толатын көздеріне.
Қылышпен сайысуды ат үстінде
Жасынан айналдырған ермегіне.
Адамның бөлмей зорын, аласасын,
Кеудесі биік шыңмен таласатын.
Қол бастап кетер еді, түйіп тастап,
Қылындай ту биенің қара шашын.
Тұрпаты жолбарыстың қаншырындай.
Сипаты – сарқыраған тау суындай.
Қылпыған көк қылышы жарқ еткенде,
Дұшпанға көрінетін жан шыбындай.
Кім көрген «қыңқ» еткенін, ауырғанын,
Қырандай кеуде тосты дауылға мың.
«Орысқа артын сатқан ел емес!» – деп,
Қақсатқан Уәли хан ауылдарын...
Жігіттер атқа мінген ылғи мықты,
Көтеріп ақ орданы зорға тікті.
Қасына халқын ертіп хан келгенше,
Бұл іс те тынған екен тыңғылықты...
 Көп ойдан басы айналып, даңғыра боп,
Орданың хан тоқтады алдына кеп.
Ішінен сәл ренжіп, қабақ шытты:
«Бұлары артығырақ болды ма?» деп.
Осы жұрт алдын, артын ойламай ма,
Баяғы заман қайда, орда қайда?!
Іргесін хандығының қымтап алса,
Ордасы өз-өзінен орнамай ма?
Сіңгенше хан атағы қашан миға,
Көк қару, азамат пен атан жина!
Хандығын мойындай ма ең әуелі
Тапсынған Русия, Қоқан, Хиуа.
Тентіреп телімденген жұрты мынау,
Тұралап қалған аттай тұрқы мынау.
Ақ орда аспан тіреп тұра ала ма,
Болған соң іші де жау, сырты да жау.
Кеудесі баяғыдай асқақ емес,
Жүрегін жеп-ақ жатыр ащы ерегес.
Тіктіріп ақ орданы, сұлу жайлап,
Хансынып, қаһарсынып жатпақ емес.
Жата алмас бұл арада орда тігіп,
Кетеді күн ертең-ақ жолға шығып.
Алтын тақ ат үстінің өзі емес пе,
Арман не атақ алсаң жау қашырып!
Ел үшін ту көтеріп өтпегі – заң,
Иілмей қас дұшпанға кетпегі – заң.
Жеткенше басы жерге соғыс салып,
Атанар ат жалында «көшпелі хан».
 Ұққан бар, ұқпаған бар зарын, мұңын.
Көп көрді үстем елдің залымдығын.
Қазақтың ел боларын біліп кетсе,
Алса да дән риза Тәңір бүгін!
Білсе де залымдықты жеңе алмасын,
Тауға да, тасқа дағы соғар басын.
Қалса да қайран жерден айырылып,
Халқының мәрт сенімі жоғалмасын!
«Қазағым, қайғым сенсің, қарағым-ай,
Оң жақтан соғар қашан самалың-ай!»
Деп өксіп, есін жиса, табынып тұр,
«Кенеке, аттан түс», – деп ер Ағыбай.
Батыры сүйеп-демеп аттан алды,
Адамның ең зоры осы асқаралы.
Атақты Шұбыртпалы Ағыбай бұл –
Өзінің оқ қағары, тас қамалы.
«Ал енді ақ тілеумен қадамдаңыз.
Артқа да, оңға, солға қаранбаңыз.
Алты Алаш бас қосатын алтын үй ғой,
Орнықты болсын дәйім ақ ордаңыз!»
Осындай айтып тілеу қоршағандар,
Ақ көңіл, ақ тілеумен арсалаңдар.
«Қалайда Кенесары хан болсын!» деп,
Ниет қып, осы күнді аңсағандар.
Хан Кене босағадан аттай берді,
Жеп-жеңіл, өзін мүлдем жастай көрді.
Жорысын жақсы ырымға мұның бәрін,
Қаяулы қам көңілді тастайды енді.
 Кенені қарсы алды орда асқақ түрмен,
Жанарын жалт-жұлт әлем жасқап бірден.
Көз тартып оймышталған дөдегесі,
Уығы бастырылған ақ басқұрмен.
Қошқарат, шынжаралы, терме басқұр
Уық пен керегені жалғап жатыр.
Салбырап алуан-алуан салпыншағы,
Уықбау, шаңырақ қоршау тіпті сал тұр.
Көз тартып ақ жолақты үзіктері,
Жарасқан айналма құр жүгірткені.
Қаптаған орама ши керегенің,
Өн бойы шекпеленген күмістеліп.
Орданың жер едені тақтайланған,
Кілемдер түрлі түсті оттай жанған.
Осынша көп әшекей, жалтылдағы
Тағы да хан Кенеге жақпай қалған.
Шынында ханның жүзі кейісті еді,
Мұншама тыраштыққа келіспеді.
– Әй, көсе, осында әкеп қойған ба өзі
Сән менен салтанатты пейіштегі? –
Деп Кене Ағыбайға бұрды мойын,
Деген жоқ әзіл айтып, күлдірейін.
«Хан басы хан болмайды салтанатпен», –
Жеткізсем деген еді сол бір ойын.
Алдымен берді Бопай сөзге негіз:
– Алдияр, бөтен ойды көздемеңіз.
Қылатын дұшпан көзі осы орда ғой,
Бар еді белгі-бедер өзге неңіз?
 Бұл ордаң сырт көздердің мысын басар,
Даңққұмар, дүниеқордың құты қашар.
Хандықтың барлық шартын ұстансаңыз,
Бықсыған ішмерездер тіпті сасар!
Кенеге осы бір сөз ұнап қалды,
Сыртынан келіспеген сияқтанды.
«Ер тұрып, әйел сөйлеу не жосық!?» – деп,
Бопайды іштей мұқап, сынап та алды.
– Бұл дүние тар болса да ат айналым,
Байқарсыз қанатыңыз қатайғанын.
Орданың салтанаты – ел мерейі,
Жауға – сұс, дұрыс айтты Бопай ханым!
Үйренген халықпыз ғой көшкенге біз,
Қонармыз ойпаңға да, төскейге біз.
Қазаққа алпыс жылда бір тігілген
Қастерлі ақ орданы көп көрмеңіз.
Биші мен сайқымазақ ойнатпай-ақ,
Алыңыз жасауылды сайлап-сайлап.
Жап-жасыл жанып тұрған жасын оттай
Қойыңыз орда үстіне байрақ байлап...
Айтарын айтып шығып айналсоқтап,
Нысанбай тез арада қалды тоқтап.
Кененің қабағына қарай қалды,
Тұр ма деп Абылай тұтқан туды жоқтап.
Жалт етті өткір көзі хан Кененің,
Ұштығын ұстағандай әлдененің.
– Неліктен жасыл түсті таңдап тұрсың,
Сол түсте не қасиет бар деп едің?
 – Тұрғам жоқ мен өзімше сыр ашам деп,
Немесе өзіңізбен санасам деп.
Есімде анау жылы айтқаныңыз –
«Жалғанда жасыл түсті ұнатам» деп.
Жымиып, Кене сонда қасын керді,
Кеудесі көтеріліп, басылды енді.
Шынында ұнататын бала жастан
Жасыл көл, жасыл шалғын, жасыл белді.
Масан би жасы үлкені осы арада,
Аялдап тұрып қалған босағада.
Батаға, бәтуаға қатысам деп,
Сабылып жетіп еді кеше ғана.
– Иншалла, айтқаны жөн ақылшының,
Мен дағы осы сөзге мақұлшымын.
Ғадауат майданында пайғамбарым
Ұстаған дүрілдеуік жасыл туын.
Айналдым ел иесі азаматтан,
Өзің де үлгі аларсың ғадауаттан, –
Деп сөйлеп, шариғаттан біраз соқты,
Діндар шал алды-артына қарамастан.
– Хан ием тұрып қалды неге бұлай?
Іркілткен шариғаттың себебін-ай! –
Деп күліп, хан иесін төрге оздырып,
Бұл сөзді бұзып кетті ер Ағыбай...
* * *
Отырыс мұндай кезде түнді асатын,
Үлкендер заман жайлы сырласатын.
 Болған соң ет желініп, қол жуылып,
Масан би қайырды енді бір батасын.
Баршасы «Әумин» десіп бет сипады,
Ауырлап, маужыратып тоқ құрсағы.
Тұғжиып, тіс шұқысып, түнерісіп,
Бейне бір жоқ секілді басқа айтары.
Қисайып тақиялар төбелерде,
Құнарлы ет сіңбей жатыр денелерге.
Жатқан жұрт ыңыранып, селт етісті,
Тамағын Кенесары кенегенде.
Бұл кезде келіп қалған қымыз дағы,
Күтіп тұр енді алдыда түн ұзағы.
– Нысанжан, домбыра алшы, – деді Кене, –
Тарихты айт өтіп кеткен бұрындары.
Жатқан жұрт бас көтерді шынтақтасып,
Барлығы бір адамдай бұл шаққа асық.
Нысанбай домбыра алса кетуші еді,
Асқынып, аруақтанып, шырқап, тасып.
Нысанбай домбыраға қолын созды,
Жан еді жағы қушық, қыран көзді.
– Хан ием, Жошы ханнан бері қарай,
Толғайын, пәрмен болса, біраз сөзді. –
Деді де домбырасын дүрілдетті,
Шайқалтып ақ орданы, дірілдетті.
Бастады ұзақ жырын біраздан соң,
Қай құлақ бұл шіркінге тігілмес-ті!
Көсіліп қас тұлпардай жырау кетті,
Сілейтіп, сілкіп, жыртып мынау көпті.
 Елес боп сары даланың үстіменен
Шаңдатып құлан көшті, жылан көшті.
Жошы екен соның бәрін айдаған хан,
Бойында Шыңғыс қаны қайнаған хан.
Екі өзен – Ертіс пенен Еділдейін
Арасын жалпақ жатқан жайлаған хан.
Шыңғыстың жол-жорасын ол ұстанған,
Қағанмен тізе қосып соғыс салған.
Қазіргі қазақ жерін билеп-төстеп,
Көкшетау, Ұлытауды қоныстанған.
Болмаған тірлігінде жаңылысы,
Жошы да өлген екен – Тәңір ісі.
Сонан соң Батыс және Шығыс болып
Екіге бөлініпті Жошы ұлысы.
Хан болды батысына Бату ұлы –
Адамның ақ берені, ақиығы.
Батуға Еділ бойы тұтас көніп,
Солтүстік Хорезм де бас иіпті.
Тұрғандай толқып күні, толқып түні,
Батудың орыс елін қорқытты үні.
Қырымды тұтасымен түгел алып,
Қараған Қап тауының сол тұстығы...
Орда Ежен билік құрды шығысына,
Құдірет қуат берген қылышына.
Арасын Алтай, Арал мекен етіп,
Төрт тарап құлақ түрген дабысына.
Ертіс пен Ақ Жайықтың жағалауы,
Балқаш пен Аралдың да пана, бауы,
 Теп-тегіс қарап тұрған Орда Еженге,
Тарихтың дәл осылай шамалауы...
Теңізін тербеп жырау замандардың,
Үстінен қарап отыр тәмам жанның.
Орда Ежен билік құрған осы аумақтар
Қаланған негізі екен Ақ Орданың.
Бұл аумақ Алты Алаштың қос кемері,
Бабалар жауға бермей ұстап еді.
Бар қазақ Ақ Орданың аясында
Атанған сол кездерде Қыпшақ елі.
Жаулары жағаласып, көзін сүзген,
Ақ Орда екі жүз жыл өмір сүрген.
Қазақтың хандығының басы сол деп,
Ғұлама шежіреші сөзін тізген.
Ақ Орда құласа да, хандық қалды,
Замана тоғыстырды сан жұрттарды.
Хандығы Әбілқайыр қырық жылдай
Өзгеден өрен шығып, саңлақтанды.
Әулетін Орда Еженнің бұл ысырған,
Қан төгіп, қаһар сеуіп қылышынан.
Тұқымы Шайбанидың сол хандықты
Қырық жыл шығармаған уысынан.
Бұл хандық Ақ Орданың мұрасы еді,
Қазақтың тұмасы еді, тұрасы еді.
Сол алап, алтын алап, ардақты алап,
Болғаны біздің мекен рас еді.
Дүниеде аума-төкпе не тұрақ бар,
Құйылар әрбір көзге топырақ бар.
 Тағдырдың тезі жетіп, құлап тынған
Хандығы Әбілқайыр осы уақтар.
Одан соң ойпыл-тойпыл өмір өтті,
Сан соғыс сан халықты еңіретті.
Көшпелі өзбектердің бұл өңірден
Бөлініп кететұғын кезі жетті.
Апшыған Әбілқайыр немересі –
Мұхаммед Шайбанидың кезеңі – осы.
Өзбекті ап, Мауараннахр асып кетті ол,
«Шатағы Шайбанидың» деген – осы.
Өр қазақ басқа жолды таңдамастан,
Найза мен қылышына қан жалатқан.
Бас болды Керей менен Жәнібек хан,
Ту ұстап, тулап туған хан Барақтан.
Баласы Қасым хан да Жәнібектің
Ұстанған мақсатына кәміл жетті.
Хақназар одан кейін ең ұлы хан,
Халқының өле-өлгенше қамын жепті.
Бұл тұста қазақ халқы жайды өркенін,
Түйіліп, талай жаудың алған шебін.
Тұсында қазақ елі қатты өрлеген
Тәуекел, Есім менен Әз Тәукенің.
Жайы осы бұл қазақтың хандығының,
Естіген төрт құбыла жаңғырығын.
Қатайып қабырғасы қалған кезде,
Жау жоңғар бүрке келді қанды жынын.
«Ақ табан шұбырынды, сұламадан»
Қаңғырып, қазақ бар ма жыламаған?!
 Тек қана ту көтеріп Әбілмансұр,
Сол сордан жұртын аман шығара алған.
Алысты ол қытаймен де арыстандай,
Біресе бола қалып табысқандай.
Орыстың ойын біліп, тілін тапты,
Алайда бас иген жоқ ғаріп жандай...
Өр ақын өрлей түсті асау жанды,
Ол енді Абылайдан Қасымға ауды.
Құдай-ау, неткен дарын, неткен арын,
Сыйдырған уысына ғасырларды!
Міз бақпай тыңдап отыр мелшигендер,
Жасынан күй сүйгендер, жыр сүйгендер.
Аралап жұлын-жүйке, жүректерді,
Оттай боп қызыл жалын тіл сүйреңдер.
Елес боп өткен өмір қараңдаған,
Жайдай боп жалаң қылыш жалаңдаған.
Қай ғасыр, қай хандықты жырласа да,
Дейді ақын: «Заман жаман, заман жаман!»
Адамның дір-дір етер құс жүрегі.
Бір ызғар ту сыртынан үскіреді.
Қоқаннан қопаң атты қылт-қылт етсе,
Үйсіннің тұла бойы тіксінеді.
Орта жүз жылқы ішінде теңбіл еді,
Кіші жүз түйе ішінде зеңгір еді.
Теңбіл де, зеңгір дағы бұғып қалды,
Орыстың «арс-арс» етсе зеңбірегі.
Қоқанға беріп тынды Сырдың бойын,
Жетісу, Түркістан мен Шудың бойын.
 Баяғы балпаң басқан заман қайда,
Жалт етіп өте шыққан бір күндейін.
Орыстың билік құрған жандаралы
Қайдасың, Есіл, Нұра, Қарқаралы?!
Қайдасың, қайғы жұтқан Ақтау, Ортау,
Жерұйық, жер төресі Арқадағы.
Естілген қасіретті сарын, үнің,
Қайдасың, қара жұртым – Қазылығым.
Құсмұрын, құсаланып тұр ма екенсің,
Қазақтың бірі едің ғой қазығының!
Айрылып Жарқайың мен Обағаннан,
Жасыңды тыя алмайсың сораланған.
Тобылдың топырағы еске түссе,
Жетім ел жер бауырлап, домаланған!..
Келгенде осы тұсқа Нысан ақын,
Шабыттың Кенесары тұсады атын.
Езілген еңселерді көзбен түйреп,
Жасады «тоқтат!» деген ишаратын.
Нысанбай домбырасын баяулатты.
Бұл кезде таң да атуға таяу қапты.
Күн ертең мәслихат құрмақ болып,
Жатуға жөн-жөніне аяңдасты.
* * *
Кірпік ілмей Нысанбай ұзақ жатты,
Сыртты күйіп, ал іші жылап жатты.
Талмаусырап, талықсып ет жүрегі,
Кеудесінен басқандай бір албасты.
 Қалай өзі, жырлаудан шаршаған ба?
Бақыт сыйлап жүруші ед барша жанға.
Жаны жасып, жабырқап қалушы еді,
Кең заманды кешегі аңсағанда.
Жиырмадан жаңа асыпты жасы мұның,
Ернін өбіп көрмепті ғашығының.
Төрелерге ілесіп, білмей кетті
Амандығын бір туған жақынының.
Сарнаушы еді Нысанбай бала жастан,
«Тек, тегіне» әкенің қарамастан.
Ақындармен тістесіп, жағаласқан,
Шежіреші шалдармен араласқан.
Мұнда әкелді бір Алла дедектетіп,
Желеп-жебеп періште көмектесіп.
Еркесі боп осы елдің қалып қойды,
Бас жырауын Қасымның жеңіп кетіп.
Ардақ тұтып, аялап асыл ерді,
Қаншама жыл Қасымның қасына ерді.
Абылайдан отыз ұл тараса да,
Барлығынан сол Қасым басым еді.
Тапқаны анау жұрт мұңын мұңдағанда,
Түсіп кетті түбі жоқ шырғалаңға.
Жүрер ме еді аман-сау күні бүгін,
Қоқан жаққа мойынын бұрмағанда!..
Өтіп кеткен, дариға-ай, қанша дәурен,
Таңды күтіп, жол таппай түн ішінен!
Кім біледі – кім кетіп, кімдер қалар,
Айырғанша күрмекті күрішінен.
 Хан көтерді Кенені кеше ғана,
Енді қазақ беткейге бет ала ма?..
Шыр айналып Нысанбай тұрып қалар,
Келген кезде шырмалып осы араға.
Қалың тұман тарай ма төне келген,
Кірген жылан кетер ме керегеңнен?
Қарапайым қалың ел демес пе екен:
«Арқалайды тоқымын төреге ерген».
Солмайды ғой үміттің гүлі бірақ,
Ой ойласам дейді ақын тұнығырақ.
Тарих жырын жырлаған Қасымға да,
Қалып еді бір кезде тым-ақ ұнап.
Онда бірақ бастаған Шыңғыс ханнан,
Құсты тістеп аузымен, күнді ұстаған.
Уәлиді «соңғы хан» деп соққанда,
Қасым сұлтан реңі түнге ұқсаған.
«Уәлиді, әй, Нысан, хан дегенің –
Ата салтты көзіңе ілмегенің.
Қазақ емес, хан етіп орыс қойған
Ол кәпірдің орынын білмегенің!»
Деп қабарып, орнынан тұрып кеткен,
Уәлиге ызасын ірікпестен.
Содан бері Нысанбай өкінулі –
Сол бір сөзді неге айтты құрып кеткен!
Уәлиге ұзын кек тарқамаған,
Екі жаққа екеуі шалқалаған.
Қасым сұлтан әулеті қасқыр жүрек,
Аманаттай сол кекті арқалаған.
 Есенгелді, Саржан ер жалындады,
Күшік сұлтан бұл жолға салынбады.
Тартып туды қанына Мұса сұлтан,
Кенесары, Наурызбай, Әбілғазы.
Кенесары жан тартып көбіне-көп,
Тыңдайтұғын қашанда сөзін елеп –
Бауырлары – Наурызбай, Әбілғазы,
Осы екеуі ұнайтын өзіне ерек.
Сұңғақ бойлы Наурызбай – сымбатты жан,
Ат үстінен түспейтін күнқақты жан.
Сайыпқыран сарсадақ, сайгез атқан,
Сілтеп те ұрған найзасын, ырғап та ұрған.
Жүрген батыр ағасы жүрген жолмен,
Шырқ үйіріп найзасын жалғыз қолмен.
Жайма-шуақ жас жігіт жайшылықта
Баладайын ақ көңіл күлмеңдеген.
Қос мүшелге бұл Науан жаңа жетті,
Жүрді кеше ойнатып қара көкті.
Хандығына Кененің байғазым деп,
Бір наркескен соқтырып ала кепті.
Жұмсақ жүрек, сабырлы, нәті берік,
Нұр жүзінен иманы жатыр өріп.
Құлын-тайдай ойнақтап бозбалалар,
Жүреді ылғи Науанның қасына еріп.
Атастырған жоқ әлі қалыңдығы,
Сұлу біткен сыртынан таныр мұны.
Біріне де солардың құрық салмай,
Жүргені сол барлығын сарылдырып.
 Бір інісі Кененің – Әбілғазы,
Хатшысы осы сенетін жанындағы.
Орысшаға жүйрік, тым сауатты,
Тыныштығы жұртының – сағынғаны.
«Білім, ғылым орыстан үйренсек, – деп,
Оқу оқып, бір ғажап түрге енсек», – деп,
Армандарын айтады Нысанбайға,
Кейбір ойын құпия ыммен шектеп.
Таниды оны Нысанбай тәлімінен,
Әділетсіз істерге жаны күйген.
Орысшаны үйренген бір татардан,
Сабақ алып жүргенде «әліп-биден».
Тілін біліп, үйренген жазуын да,
Бір дарыны бар мұның тануында.
Ғалым болар жігіт қой, амал қанша,
Қор болады-ау заманның ағымында!..
Күрсінді де Нысанбай аунап түсті,
Таң дағы атып келеді қаймақ түсті.
Бағанағы өзі айтқан ұзақ жырдан
Шаршап қалған секілді аймақ құтты.
Ит үрмейді, жылқы да пысқырмайды,
Аздан кейін құбылтып құс сайрайды.
Шаңырақтан қараса, екі-үш жұлдыз
Сөнер оттай болымсыз ұшқындайды.
Ойланбайын десең-ақ ой қуады,
Ойдың өзі жирентіп, тойдырады.
Бастың іші жатқандай улап-шулап,
Міне, тағы шулады қай құлағы?
 Елес бере бастады кіл төрелер,
«Төре» десе қу жүрек үрке берер.
Бірі былжыр болғанда, бірі – тұнжыр,
Боқ-сідігін төресіп бүркемелер.
Бірі асқақсып, біреуі маңғазданар,
Ит жеместі асауға барған да бар.
Бұт көрсету үшін тек қалған ба екен
Шыңғыс ханнан тұқым боп қалғанда олар?!
Қайсысынан қазақы шырай көрді,
Еңсені езіп, құздай боп құлай берді...
Тұра қалды ақынның көз алдына
Қоңырқұлжа ... баласы Құдайменді.
Жарқанат көз, сирек қас, салпы ерінді,
Ел ішінде есірсе, ерке, жынды.
Қарсы келсең, сол жерде қаныңды ішіп,
Алуға бар сыпырып жон теріңді.
Арғы атасы Сәмеке хан да болған,
Орта жүздің бетіне таңба болған.
Қырық мыңдай жылқыны айдап жүріп,
Есіл-дерті дүние мен малда болған.
Елден бұрын ес таппай едіреңдеп,
Ақ патшаға хат жазған «берілем» деп.
Дәл сол кезде кенеттен өліп кетті,
Ойламапты ол шіркін көмілем деп...
Құдайменді бай болған өз әкесі,
Мал жиюмен шектелген әрекеті.
Отыз мыңдай жылқы айдап, қонған екен
Қоңырқұлжа ұлына «берекесі».
 Қоңырқұлжа – ең байы сұлтандардың,
Есепке алып отырар бір тамғанын.
Алты арғымақ жіберіп сыяпатқа,
Аузын алған Бірінші Николайдың.
Жаға түсті патшаға мұнан кейін,
Кең ашылды араны құлға бейім.
Босатылды салықтан оның елі
Мың сегіз жүз қырқыншы жылға дейін.
Аға сұлтан осылай күш тастырған,
Ақылы мен қулығын ұштастырған.
Түкірігі түкірген жерге түспей,
Дуанын Ақмоланың ұстап тұрған.
Қарай алмай бетіне жан баласы,
Асып-тасып тұр еді мейманасы.
Бұрқ етті де күтпеген көтеріліс,
Қалған жандай бұл күні дауда басы.
Азу тісін кезі жоқ қайрамаған,
Бес қаруын жастанып сайламаған.
Үш жыл бұрын осыдан Кенесары
Он екі мың жылқысын айдап алған.
Қоңырқұлжа құлшынды кек алмаққа,
Мақсаты да болмады онан басқа.
Старшын Карбышев пен бес жүз солдат
Бастап шыққан кек алып оралмаққа.
Жолы болмай, Кенені таба алмаған,
Кек алудың жолдарын амалдаған.
Жау ауылды басам деп әне-міне,
Көшке ілескен күшіктей салаңдаған.
 Найзасына іле алмай нағыз жауын,
Қайтпайық деп қандамай қаруларын,
Айыртауда отырған қырды келіп,
Күшік пенен Сейдақтың ауылдарын.
Кісіліктен ол солай кеткен адам,
Бұзықтығы шегіне жеткен адам.
Ер-әйелді алпыстай жер жастантып,
Алып қайтты тұтқынға сексен адам.
Қырды солай қазағын жазығы жоқ,
«Ұрпағы ғой Қасымның – бәрібір!» деп.
Ақмоланы алғанда Кенесары,
Кетті-ау, әттең, құтылып қара жүрек!
Кенесары сол жолы бастан алды,
Қаһар сепкен жер етті Ақмоланы.
Қоңырқұлжа, Карбышев жан сауғалап,
Қашып кеткен сәті осы масқаралы!..
Нысанбай елестетіп төрелерді,
Ойынан ой туындап келе берді.
Ылғи аға сұлтандар шеттерінен
Кененің дегеніне көне ме енді!..
Атадан асыл шекпен – мұра киген
Сұлтандар бір Кенеге күнәні үйген.
Бұлардың көпшілігі тарағандар –
Сәмеке, Бөкей менен Уәлиден.
Кенеге бұлар қанша қарыспады,
Бас қосып, ант ішісіп, нан ұстады.
Ішінде Уәлидің Шыңғысы бар,
Жантөренің Ахмет, Арыстаны.
 Нысанбай Ахметті талай көрген,
Міндерін бойындағы санай берген.
Бадырақ баспақ көзді, талыс танау,
Жан еді бойшаң бойлы, жарау келген.
Жасында Орынбордан оқып келген,
Сондықтан орысшаны жетік білген.
Шен алып, шекпен киген шоңның бірі,
Қазақты қан қақсатып, өшіктірген.
Атасы Айшуақ та хан болған жан,
Ол дағы ақ патшаға арбалған жан.
Жантөре оның ұлы жауыз болып,
Қан менен жүрген жері зар болған жан.
Азуын қайраса да ол айға жанып,
Ажалдан құтылмады айла тауып.
Өзінің жасауылы еріп жүрген
Өлтірді арқасынан найза салып.
Баласы сол Жантөре осы Ахмет
Біледі ел барып тұрған тозақы деп.
Торғайды билеп тұрған аға сұлтан,
Кененің көзін құртпай мазасы жоқ...
Төре ме?!. Төбеттер көп қарадан да –
Намыстан жұрдай болған, санадан да.
Анау бір Есенейлер төбе би боп,
Өз елін мал орнына санаған ба!?
Жатса да бала жылап, ана жылап,
Кеудесі күннен-күнге жоғарырақ.
Шынтақтас, тізелес боп Шыңғыстармен,
Заңына зар жылайды Керей – Уақ.
 Патшадан Керей – Уақ жүдеген ел,
Бес болыс белін буса – түрегелер!
Тізеге салып бітті Есенейлер –
Діңкені құртып бітті со немелер!
Есеней – жылан сынды қара шұбар,
Қулығын қолы жетсе, сан асырар.
Жүйрік ат, сұлу қызды көрсе болды,
Жан таппай, алып болмай аласұрар!
Керей мен Уақта көп асау жанды –
Найза іліп, қылыш ұстап жасанған-ды.
Есеней сол ерлердің көбін айдап,
Ұлыққа «ең жақсы би» атанған-ды.
Құтылмай бодандықтан, борыштан да,
Айырылып жатса жұрты қоныстан да,
Жүрегі шімірікпей байлап берді-ау
Ер туған бауырларын орыстарға!..
Уай, дүние-ай, ой дегенің ойға асады –
Жуанның көзі малға тоймас әлі!
Қазақтың қанын ішіп жатыр бәрі,
«Тойдым!» деп қашан енді жайласады?!
Бір аспан, бір Тәңірге өтініш көп.
Осы ғой жатқан түрім көсіліп кеп.
Дүр ұлдар туар ма екен, тумас па екен,
Дұшпанын тастайтұғын екі бүктеп!..
Елінің естен танған көрген күнін,
Осылай ел ішінде соғысты кім?
Кенеге кенеу болған жылқысы ғой
Нар шөккен Найман менен Тобықтының
 Соғысты кім салыпты санамызға,
Кеденді кім тұрғызған арамызға.
Кенеге қолын созған, құпиялап,
Ар болсын Құнанбай мен Тана мырза.
...Бұл кезде жұлдыз сөніп, таң да атқан.
Бір бала түсіп жатыр арғымақтан.
Бір бала мініп кетті таңға шауып,
Дөй дала тұлымдарын салбыратқан...
А, Кене, жалғызсың ғой, арлысың ғой, –
Нысанның санасында қаңғысын ой.
«Қазақты қалғытпаймын!» десең дағы,
Өн бойды жайлап алды үрей-сүрей!»
Асқынып, адал жолды таңдамастан,
Сұлтандар осылайша қан жаласқан.
Нысанбай ыңырсыды көзін жұмып,
Ауырлап азапты ойдан жанға батқан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу