Поэмалар ✍️
Көкала үйрек
І
Ойласам оқиғаны өткен-кеткен,
Қайнайды көкірегім кек тербеткен.
Мен-дағы біраз күндік жолаушымын,
Шапқылап олай-бұлай ат терлеткен.
Астана, Алматыға алаңдамай,
Ат басын бұрдым, Семей, саған қарай.
Қайдасың, Көкала үйрек – сөз киесі,
Өзіңді бұл жалғаннан табам қалай?
Кім білсін көктесің бе, жердесің бе,
Сәулең жүр ақындардың зердесінде.
Бұлбұлдай ұзақ таңға сайраушы едің,
Бір кезде Кемпірбайдың кеудесінде.
Елестің адам қалай түсін білсін,
Сусылдап, сағым болып ұшып жүрсің.
Өзіме өзім жұмбақ көрінгенде,
Кім сенің тағдырыңды түсіндірсін?
Сен ашсаң құпияңды, мен де ашайын,
Сезімнің тұнығынан шөл басайын.
Аққудай бауыр төсеп жүзем десең,
Өлеңнен айдын шалқар көл жасайын.
Айналып аман жүрсең бір соғарсың,
Көрсетпей келбетіңді тұмшаларсың.
Таба алмай Кемпірбайдың топырағын,
Маңайға меңірейген мұң шағарсың.
Аспанға шығып кетсең түсші бері,
Жанымның жарқылдасын күш-жігері.
Деуші еді алмағайып тылсым сырын,
Адамнан бұрын сірә құс біледі.
Сен бірақ құс емессің шындығында,
Түйінсің шешілмейтін бұл ғұмырда.
Жалғызсың жаралғалы білетінім,
Әлемнің алты бірдей құрлығында.
Бермейін қиялыма қайтіп ерік,
Тұйыққа қамалғанда ой тіреліп.
Мүмкін сен дәл қасымда күрсінесің,
Үкілі домбыраның кейпіне еніп.
Жайыңды, асыл құсым, мен түсінем,
Шықпайсың сағынғанның сен түсінен.
Маған да анда-санда аян беріп,
Алланың құр қалдырма еншісінен!
Уайымсыз ғұмыр кешер қандай кісі,
Ақынға біткен қайғы – ел қайғысы.
Жарқ етіп, шақпақ жанып, от тимесе,
Білтенің өздігінен жанбайды ұшы.
Қашаннан жағы сембес сарнағанның,
Тұсында бір Сұрқылтай әр заманның.
Қанындай қасқалдақтың қасиетім,
Кетер ме уысында қармағанның.
Белгілі баста дәурен көп тұрмасы,
Кім білсін іздегенім жоқтың қасы.
Бар еді менің де бір бозторғайым,
Кезіксең қанаттыға қақтырмашы.
Жаз келсе гүл көйлегін дала кимек,
Құбылтып кемпірқосақ садақ имек.
Шүйгіші көлден-көлге, судан-суға,
Көзіме бір көрініп, Көкала үйрек?!
ІІ
Қайнатқан қасіреттің тайқазанын,
Семейге құлағың сал, ей, қазағым!
Астында қасапхана күңіренген,
Дауысын естимісің беймазаның?
Өмірдің сәуле төккен сарайына,
Бір мезет аруақтарды ал ойыңа.
Семейге жолың түсіп келе қалсаң,
Соға кет қасапхана маңайына.
Мезгілсіз сары уайым шақырдым ба,
Батырса кінәлама ақын мұңға.
Айырылған моласынан Кемпірбайдың
Аруағы арпалысып жатыр мұнда.
Кетті ғой қияпатты қиын заман,
Сапырып қара шаңды құйындаған.
«Дұға қыл Кемпірбайдай бишараға»,
Өзіне өз қабыры бұйырмаған.
Жан еді өнерсізді дос етпеген,
Өлеңсіз тамағынан ас өтпеген.
«Семейде топырағым болар білем,» -
Деп еді арыздасып Әсетпенен.
Азабын екі дүние арасының,
Бермесін басына адам баласының.
Амал не таптырмай тұр сол топырақ,
Орны жоқ Кемпірбайдың моласының.
Сөйлесе тоқтататын соққан желді,
Көзі еді Бұхар жырау, Ақтанберді.
Тып-типыл еткендерді қарғыс атсын,
Ол мәңгі мекен етіп жатқан жерді.
Біреулер бұйрық беріп масаттана,
Бір кезде салыныпты қасапхана.
Сол үшін талқандалған қалың зират,
Халықтың білетіні осы-ақ қана.
Аруақтың көрден шығып қаңқа басы,
Бақидың басталыпты жанталасы.
Жалғасып келе жатыр содан бері,
Өлі мен тірілердің жер таласы.
Тажалдың күні шықса шалқып алдан,
Жұқ болмас жұмырына жарты жалған.
Беттері тірілердің бүлк етпепті,
Тұрағын өлілердің тартып алған.
Әйтеуір көргеніне мәз күндерін,
Жасапты қасапшылар өз білгенін.
Бірақ та білмейді олар мекенінен,
Киесін Кемпірбайдың бездіргенін.
Аруақтар аласұрып тыншымайды,
Обалын шіркіндердің кім сұрайды?
Моласын мұңдасының қайта таппай,
Жалғыз-ақ Көкала үйрек шырқырайды...
ІІІ
Бүгінде қасапхана қаңырап тұр,
Есік жоқ, терезе жоқ аңырап тұр.
Түрмесі қырып-жойған қызыл майдан,
Қоғамды салады ойға Тәңір атқыр.
Қапыда қылыш тисе желкесіне,
Ғұмырдың кім кезікпес келтесіне?
Жалт берген қалың қойды қанға бастап,
Түседі арандатқыш серке есіңе.
Талайлар сол серкедей жалаң қаққан,
Өз елін өзі сатып арандатқан.
Жем болған ит пен құсқа ақырында,
Хайуандай айдалада арам қатқан.
Қасаптың ордасына қан сасыған,
Қазағым қора-қора мал тасыған.
Моласын Кемпірбайдың іздеп жүріп,
Бұл жерден Көкала үйрек сан шошыған.
Шошынып Көкла үйрек ұшып кеткен,
Қорқады қонақтауға түсіп көктен.
Қайғырып қайдан оны есіне алсын,
Көркеуде кесір заман ісіп-кепкен.
Құйттай құс көп нәрсені ұғынбайды,
Зар жылап зеңгір көкте шырылдайды.
Қаңсыған қасапхана үрей шашып,
Түн болса жердің асты шуылдайды.
Естілер аруақ үні тыңдағанға,
Түкпір жоқ зар жетпейтін бұл ғаламда.
Сүліктей су түбіне кім кетпеді,
Дүние толқын атып тулағанда.
Қорланып күн кешкенбіз сірә қандай?
Тәңірге жалбарынып жылағандай.
Атқанда арыстарды қойдай тізіп,
Қайда деп сүйегін де сұрай алмай.
Зұлымға ойрандаттық ортамызды,
Үндемей суырса да қолқамызды.
Таптатсақ намысыңды кешір, баба,
Жандағы жоғалтып ап балтамызды.
Дүркіреп өте шықты дүрбелеңі,
Тарихтың қанға бөгіп бір белеңі.
Көрмесе алдыменен құдай өзі,
Көз жасын қалың елдің кім көреді?
Сағымдай мұнарланып шілдедегі,
Алаңсыз ағады Ертіс іргедегі.
Жүр ме екен Көкала үйрек шырайналып,
Семейдің түнгі аспанын мұң көмеді.
Тигенде Жаратқанның шын көмегі,
Тылсымға тұтқиылдан тіл береді.
Қасында қасапхана тұрмын жалғыз,
Ғайыптан қасіретті үн келеді.
Япыр-ау, аруақ па екен шыныменен,
Зарлайтын ауық-ауық түніменен.
Қапалы Көкала үйрек шығар мүмкін,
Үн қатқан Кемпірбайдың тіліменен?
Көмекке мұңлы дауыс шақырады,
Біресе ашуланып ақырады:
- Еске алар кім бар, - дейді - Кемпірбайды,
Тоналып, типыл болған топырағы?
Адамың, албастың бар, шайтаның бар,
Көрімнің тыныштығын шайқадыңдар.
Болмаса жеті атамда алашағың,
Бақилық баспанамды қайтарыңдар?!
Алдайды жалған дүние бүгін жолдас,
Аруағын зарлатқан ел түбінде оңбас.
Ей, қазақ бүйте берсең, аз ұрпағың
Торғайдай тозып бітер, түгің қалмас.
Көтеріп қорлығын да, мазағын да,
Қиналдық қасіреттің азабында.
Аруақтар аза тұтып жатқаннан соң,
Болмайды енді ешқашан маза мұнда!
Бұл сөзден төбе құйқам шымырлады,
Құлағым одан сайын шыңылдады.
Бірдеңе айтпайсың ба дегендейін,
Өзіме өз жүрегім сыбырлады.
Сөйледім сасқалақтап мен жай тұрмай,
Қала ма іштегі сөз енді айтылмай:
- Атыңды атағанға кешірерсіз,
Ассалаумағалайкум, нар Кемпірбай!
Жасыңнан сиқырлы әлем сырын бақтың,
Көрінсе Көкала үйрек күлім қақтың.
Қоянды жәрмеңкесі өз алдына,
Өлеңнің жәрмеңкесін дуылдаттың.
Тектінің тұқымы едің түбің мықты,
Екпінің егескеннің туын жықты.
Қасқадан төбел туған тұлпар едің,
Қазақта мұқым киіз туырлықты.
Сөзіңнен көк семсердей суырылған,
Апшысы айтысқанның қуырылған.
Шұбырды тыңдағанның сілекейі,
Баладай аузын ашып тілі уылған.
Намысын қорғаймын деп алты Алаштың,
Сөзбенен сойылдастың, балталастың.
Артына ат айналмас тар кезеңде,
Жауыңмен жағаласып жанталастың.
Пендені алды-артына қаратпаған,
Жалғанның жазымы көп жалақтаған.
Обалың өткендердің мойынында,
Берейін енді жауап не деп саған?
Шашқанда сүйегіңді саудыраған,
Білемін көл жылаған, тау жылаған.
Қалмады-ау саусағыңның ұнтағы да,
Құлағын домбыраның сан бұраған.
Пенденің келмегенмен танығысы,
Көрінер айдан анық Тәңір ісі.
Тіріге байтақ дала тарлық етсе,
Кең сарай өлгендерге қабір іші.
Ғайыптың құсы екен ғой ғұмыр деген,
Ұшқаны, қонғаны да білінбеген.
Қуылған сол сарайдан сені жоқтап,
Жылаймын бәйіт айтып жырымменен.
Кеткен соң бастан билік жараса ма,
Еркінде бодандықтың таласа да.
Семейде не мұсылман, не қазағың,
Түспепті сүйегіңе арашаға.
Ілесіп келе жатқан тым арғыдан,
Бәленің басқан ізін кім аңдыған?
Айдаһар сырттан төніп жұтынғанда,
Ысқырып іштен шығар шұбар жылан.
Қорымдар күңіренеді жат қорлаған,
Не қалды жерімізде тапталмаған?
Қабатын аттап бассаң аяғыңды,
Өзіңе өзің құрған қақпан жаман...
- Әй, балам, бұрын-соңды қайсы қазақ,
Осылай болып еді сайқы мазақ?
Тұқымы хас тұлпардың азған кезде,
Көк есек қос құлағын қайшыламақ.
Қонбаса Көкала үйрек қайта жерге,
Қалады не қасиет байтақ елде?
Көктегі періштелер төмен түсіп,
Шығады ібіліс пен шайтан өрге.
Төрлетсе ата жауың кердең қағып,
Тұрғаның босағада телмең қағып.
Мазарын мазақ етсе мыңқ етпейтін,
Намысы сөнген халық - өлген халық!
Дауысы Кемпірбайдың болды ғайып,
Орнымда қала бердім мен мұңайып.
Сол сәтте аспан жақтан Көкала үйрек,
Қанатын көбелектей келді жайып.
Төбемде айналады шыркөбелек,
Білмеймін бұл ғажапқа кім не демек?
Үйректің кейпінде деп ойлаушы едім,
Құс емес, ұсқыны да мүлде бөлек.
Торғындай қанаттары дірілдейді,
Сусылдап ұшқаны да білінбейді.
Төгіліп сүйкімді бір нәзік сәуле,
Толқытып жүрегімді күлімдейді.
Қон десем иығыма ол қонбайды,
«Қайтесің, - дейді, - мендей сормаңдайды?»
Сайраған Кемпірбайдың кеудесінде,
Ежелгі еркін күнін армандайды.
Сұрайды: «Кемпірбайды көрдің бе?- деп,
Сен де іздеп топырағын келдің бе?» - деп.
Жылайды бірі – көкте, бірі – жерде,
Не шара жаратқан соң тағдыр бөлек?
IV
Ұшады Көкала үйрек жерге қонбай,
Аспанның төрін мәңгі таңдағандай.
Ешкімге, ештеңеге сене алмайды,
Періште жолықпаса әлде қандай!
Жерінген жер бетінен соншалықты,
Кім оған зейін қойып, зер салыпты.
Киесі өлең-жырдың енді оралмас,
Төгетін ағыл-тегіл мол шабытты.
Кездесіп қияметтің өткеліне,
Қай заман Кемпірбайдың өткеніне.
Моланы медеу тұтып жүруші еді,
Амалсыз шығып кетті шеткеріге.
Сиқырлы Көкала үйрек құлағына,
Шалынбай аруақ үні тұрады ма?
Келеді қайдан болсын салып ұрып,
Баяғы бауыр басқан тұрағына.
Заматта бір қиырдан жетеді де,
Кетеді, шырайналып өтеді де.
Белгісі Кемпірбайдың қалмаған соң,
Алмайды басқа жанды қаперіне.
Демейді мүлгиін де, қалғиын да,
Ұшады аласұрып әр қиырға.
Аңсайды Кемпірбайдың бала күнін,
Айналған ұстатпайтын жел-құйынға.
Тамған жер Кемпірбайдың кіндік қаны,
Кеткендей тұңғиыққа сүңгіп тағы.
Зұлматтың ошағында күлге айналған,
Атажұрт Дегелең мен Мыржықтағы...
Қуалап ұйтқи соққан заман желі,
Қаңғып жүр Көкала үйрек содан бері.
Қым-қуыт түпсіз, терең кең әлемде,
Пенде жоқ мұны сезер жаман жері.
Қазағым, көрінгенге жалпылдамай,
Есің жи, бір-біріңді алқымдамай.
Халықтық қасиеттен жұрдай болсаң,
Қайырылып Көкала үйрек қонсын қалай?
Ол енді қона алмайды – зор қайғыда,
Зарлайды, жауыздарды қарғайды да.
Ажалсыз жаралған соң амалы жоқ,
Жүреді көк аспанда самғайды да.
Бар оның қанатында ғаламат күш,
Дамылсыз жер мен көкті аралатқыш.
Адамнан қайыр күтіп қапаланбас,
Алланың бір өзіне аманат құс!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter