Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  175


Автор: Серік Әбіл

ЖЕТАРАЛ

Жетаралым, Жетаралым, қасиетті мекенім,
Қадіріңе жетемін.
Менің шалқып жүргендігім,
Шаттанып сан күлгендігім,
Тағы сенің құдыретің екенін.
Түсінемін – тұғырым,
Сондықтан да мəңгі мақтан етемін.
Араларға айлар салып келдім тағы сағынып,
Алдыменен мұңымды алайыншы шағынып.
Қайғым қоса бас көтереді- ау қағынып,
Денем ысып, жүрек қысып,
Тынысым да тарылып


Ой-хой, шіркін, менің туған жерім-ай,
Арылған ба адамдардан аққу - арман, ақ үміт.
Жетаралым, Жетаралым, мынау менің көңілім,
Үліңгірдің толқынындай тулайды.
Қамықтырып қу қайғы,
Кешегі өткен күндерім құлағымда шулайды.
Жетаралым, Жетаралым!
Табынамын саған мың.
Басы жатыр төсіңде атамның да анамның.
Тағы дағы сен куəсің, Жетарал,
Тағдырына Шаймұраттай ағамның.
Тым құрыса осылардың бірі болса бетіңде,
Бірақ, бірақ,
Жаның басқа болғаннан соң жəне де.
Жол басады екенсің,
Келгенінше шамаңның.
Сəулесіне бағынып сағынышқа жаралған,
Салымсыздау санаңның...
Жетаралым, Жетаралым!
Өзіңді де, өмірді де түсінем.
Ер қадырлы болады ғой елге еткен ісімен,
Төңірекке құлақ түріп,
Мұң- қайғыны лақтырып,
Жібердім мен тағы сенің күшіңмен.
Иегіммен тас шайнаймын ендеше,
Айырылсам да тісімнен...
Өз тұсында қара күште жан баласы озбаған,
Əкем менің сен туралы талай аңыз қозғаған.
Жетаралым, Жетаралым,
менің саған махаббатым,
Əне сонда қоздаған.
Қайран əке, əуел менің иіскеп алып желкемнен,
Болашағым, айналайын, құлыным,
Болса үмітің бой көрсетер ертеңнен,
Тарихқа көз таста, өткен күннен жиренбен.
Мен жасаған сексен жыл сенің үлкен сабағың,
Болса бойда талабың.
Жайшылықта барлық іске назар салып қарағын,
Басқалардан алымды болар сонда қадамың,
Ұсақтықта ұлылық бар соны ұмытпа, қарағым.
Бұл күндері далаң-дағы, тауың-дағы өзгерді,
Ендігі ұрпақ табиғат пен тарихқа
Бас иетін кез келді.
Сүйіп тыңдар құлақ аз сұңғыла ой сөздерді,
Алтынменен алмастырып алды адамдар жездерді,
Қыранның да, жыланның да
Жалғандығын көз көрді.
Баяғыда анау өзен өткел бермей ағатын,
Тиянағын ақыры Үліңгірден табатын.
Сансыздаған аққу- қаздар баяу қағып қанатын,
Əсем əнге салатын.
Тіпті, кейде өзен суы сабасына сия алмай,
Ағындармен жөңкіліп əрең тыныс табатын.
Ардалардың арасынан Жетарал қалыптасып қалатын,
Содан барып Жетарал деп аталған
Сенің өскен бесігің.
Осы туған топырағыңның тарихын сен алып ұш.
Жетсе қайда қанатың.
Туған жермен тұлғаланар сенің-дағы санатың,
Жұлдызың да осында маңдайыңнан жанатын,
Үлесің де осында алда күнгі алатын...
Ит тұмсығы өтпейтұғын,
Үліңгірдің бойындағы сексеуіл мен жыңғылдан,


Жол бермейтін қоңыр аңдар жағалауды жым қылған.
Боз қараған, боз талдар боп ну орманға ұласып,
Қоңыр самал баяу есіп тұратұғын гүл-қырдан.
Айналайын ізбасарым, түлегім,
Мен де осында түледім.
Ертеңіңді ойласам елжірейді жүрегім,
Қайран мекен тым өзгеріп кетті ғой,
Жаннат жердің бірі едің...
Тағы соны қайталаймын,
Туған жердің қасиетін ұмытпа,
Үліңгірің шомылдырған тұныққа.
Балам соны есіңе ал сылтау көп қой сыныққа,
Болмашыға бой ұрып, жылуыңды суытпа.
Киесі бар мынау сенің жеріңнің,
Киесі бар мынау сенің еліңнің.
«Үліңгірдің гүрілдеген толқыны,
Ұрпағының дауысына дарыған» -
Деген сөз бар келе жатқан арыдан.
Қасиеті ол да сенің төріңнің,
Бойтұмардай жолы бар сезімдегі сенімнің...
Байқайсың ба, Үліңгірге келгенде,
Қара бұлт та кетеді қақ жарылып.
Əне соны көргенде,
Қайғыңнан да қалғандай боп арылып.
Сабасына түседі тұрған көңіл тарығып,
Болашаққа жол ашқандай ақ үміт.
Сездің бе, ұлым, айналайын серігім,
Сезіміңді туған жердің тарихына телідім.
Мен өлсем де, Үліңгірің, Жетаралың тұрғанда,
Жетім деп дəл айта алады сені кім,
Туған жерің, туған елің болсын мəңгі сенімің.
Қайран əке! Қайран əке!
Осыны айтып шаттанып.
Қаһарланып, маңғазданып, мақтанып,
Жетаралда желдей есіп жүрді де,
Сызығына жеткен күні кете барды аттанып.
Бірақ, бірақ, өткен өмір тарих,
Қалды менің жүрегімде жатталып.
Жетаралым, Жетаралым!
Экран боп тұра алдымда бойыңдағы бар үлгің,
Жолы басқа болғаны шын жөргектегі əр ұлдың,
Ал, ендеше
Серігің кеп тəңір тауға бір ат ағаш орнатты,
Шаңырағын көшіріп төсіңдегі Əбілдің.
Ал, ағайын, ал, ел-жұртым, біздің үйге барыңдар,
Болмаса да қорада шулап жатқан қалың мал.
Ақ далаға ұқсайтұғын пейілі,
Көрінетін көзінен анаға тəн мейірі,
Дарқан көңіл жарым бар.
Тым қорыса əне соның қолынан,
Сусынға бір қаныңдар,
Көзбен көріп жатсаң қолымдағы барымды ал.
Туған елім, туған жерім, нем бар сенен аяйтын,
Ту көтерсем тағы өздерің тұлпарыңа балайтын.
Арысыңа, жарысыңа сал мені,
Кезімдемін бір бəйгеге жарайтын,
Кезімдемін бір бəйгеге жарайтын!
Күні кеше қасиетті қарт бабам,
Мені туған топырағымның тарихымен баптаған.
Ал, ендеше болсам бүгін топтан озып шаппаған,
Туған елім, туған жерім есептеме мені онда,
Үмітіңді ақтаған.
Есептеме мені онда,
Арманыңды ақтаған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу