Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  128


Автор: Серік Әбіл

САЗ САҢЛАҒЫ

(Күйші, сазгер,фольклоршы Камал Мақайұлына)
Бар ғұмыры асқақтаған асыл əн,
Бақыт құсы ұя салған басынан.
Талантының тас бұлағы тасыған,
Қызғалдақты қызықтаған жасынан.
Арманының арғымағын терлетіп,
Əз халықты əн- күйімен тербетіп.
Елі үшін еңбек еткен елжірей,
Сезім сырын сексенде де селдетіп.
Тағып талай көкірекке қыр гүлін,
Сан əуенмен сайратып саз бұлбұлын.
Кеңесімен ұғындырып келдіңіз,
Əшім ата күйлерінің күмбірін.
Көкірегінде көркейіп сан гүл өскен,
Күллі əлемге күй таратқан Күнестен.
Театрдың босағасын беріктеп,
Шарапатты шаңырағын тірескен.
Асыл ата ғасыр бойы тынбаған,
Егіз үнмен ел тағдырын жырлаған.
Біздің өмір болды өнердің бесігі,
Сіздің əн мен күйіңізді тыңдаған.
Сара сарын сан əуені самғаған,
Ата дəстүр қасиетін жалғаған.
Алтын сандық бар асылын арнаған,
Қыран қиял шабыт шыңын шарлаған.
Əр дəуірдің əрлендіріп дерегін,
Шертпе күймен шер тартқан шеберім.
Жемісіңмен ұрпақтарды жебедің,
Сара туған саз саңлағы дер елім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу