Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  2102


Автор: Дулат Бабатайұлы

Сары шымшық

Үйренішті әдеті –
Әркімнің ата жолдасы,
Адам деп ат қояйын
Әдетіне болмашы.
Әдеті билеп жетелеп,
Әркімді жүр оңдырмай,
Мойнына әсте алмайды,
Титығып құрып болдырмай.
Жаман әдет қоймайды,
Жарым лашық тіктіріп,
Жар басына қондырмай.
Жауқазын іздеп қаңғырып,
Тұмсығына шаң кіріп,
Тандайы кеуіп мәңгіріп,
Көлге келді бір шымшық.
Мойнын созып қоңыр қаз,
Жүзіп ішіп үйрек мәз,
Көл қорыған шырылдап
Қызғыштар да емес аз.
Байсалданып, құсыңсып,
Көлді кім онан қориды,
Шымшық құстан қу тұмсық?
Қанып ішіп саптаңды,
Жолдасына қайта кеп,
Қоразданып мақтанды,
Әдетін бастап ол жымсық.
«Барсам, көлде дүйім құс
Сақадай болып сайлана,
Аққу отыр ортада,
Әмірін шашып жайлана.
Қызғыштар жүр көл қорып,
Шыр көбелек айнала,
Жете алмады бәрі де
Сонда да менің айлама.
Сездірмей соның біріне
Суды ұрлап іштім де,
Кірімді әбден кетіріп,
Шомылдым суға түстім де.
Сол мезгілде, шарықтап
Қаршыға жүрді аспанда,
Қаз қамысқа тығылып,
Аққулар жаман сасқанда,
Суға сүңгіп үйректер,
Көлден бәрі қашқанда,
Мен орнымнан тырп етпей,
Ерлігім соның бәрінен
Ел сүйінді асқанда.
Түсуге маған бата алмай,
Қаршыға жүрді қаңғырып,
Қаршығадан шошынып,
Басқа құс кетті мәңгіріп.
Тез кетпей және күлдім де,
Ішпесін деп басқасы,
Былғап кеттім саңғытып».
«Ерлік ісің бәрінен, –
Деді оған жолдасы, –
Амалын да тапқасын,
Өзім де бұрын білуші ем
Қаршыға саған батпасын.
Ерлігіне ебі сай
Мақтаса, сені мақтасын.
Үйген күлдің түбінде
Балалар құрған тұзақ бар,
Мойнына қылы ілінсе,
Кім де болса тызақтар.
Епті болсаң, алып же,
Айнала шашқан тары бар,
Арпа, бидай аралас
Керегіңнің бәрі бар.
Азапталып жүргенше
Жауқазын қазып күні бойы,
Ерсің әрі ебі бар,
Керегінше же де, той».
«Қорықпаймын тұзақтан,
Әрі епті, әрі ермін» деп,
«Көріп тұр дестім тәңірден
Бұйрықсыз-ақ жермін» деп,
Келісімен тұзаққа
Епті шымшык ілінді,
Бағып жүрген сыртынан
Балаларға білінді.
Балалар келіп шымшықты
Ұстап алды, қуанып,
Өмірі бітті шымшықтың
Тандыр болып суалып.
Көл былғаған шымшықтың
Күшінің к...ті ашылар,
Көп ісінген көппенің
Шымшықтай көңілі басылар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

Балым
Балым 05.11.2024 16:12
Өте керемет!!! Бірақ өте ұзақ бірақ маған қатты ұнады??
Мирас
Мирас 22.11.2022 14:33
Керемет

Пікір жазу