Поэмалар ✍️

Отырардағы оқиға
І
Болса да көп данышпаның, бек, төрең,
Біреуі де Фарабиге жетпеген.
Азияда даналықтың шыбығы
Ең әуелі Отырарда көктеген.
Өркеш-өркеш төбелері даламның
Өрге тартып, ой салады маған мың.
Қыш кітаптың құпиясын оқы да
Ұстазына айнал дейді ғаламның.
Көл де көсір болмаса да көктемі,
Шөл далада шөп атасы көктеді.
Құбылаға басын иді бәрінің
Арыстанды қарабастың өкпегі.
Жаратқанға жарты болмай құрметі,
Жалбарыну – мұсылманның міндеті.
Арыстанбаб әулиеге ұқсап бақ
Мұхаммедтің болсаң егер үмметі.
Ей, жиһанкез бақыт іздеп қаңғырған,
Қармағың сал соққы жесең тағдырдан.
Отырарда қос өзен бар киелі
Алтын балық уылдырық қалдырған.
Екпінінде болмаса да бұла күш,
Өрге ағызып апарады Ұлы ағыс.
Бір сүңгісең, сұңғыла ғып шығарар
Отырардың қос өзені – Сыр, Арыс.
Арыстайын ұланының арыны,
Сырдан-дағы терең кеткен танымы.
Отырардай отты өлке бар қазақта
Дәл өзіндей перзентінің бәрі Ұлы.
Ұлы Отырар қираған жоқ – ойрансыз!
Тарих қария, жаңылмаңыз ойдан Сіз!
Тас қамалын
Текті туған ұлдары
Ділмен илеп, жырмен соғып қойғанбыз!
ІІ
Айнаш қыздың ұшқын тастап назы ұлға,
Отырардың от ойнады сазында.
Бекзат жігіт келін әкеп түсірді
Мың тоғыз жүз қырық бірдің жазында.
Көзін қадап құмартатын бар жасы
Көкмарданның піскен екен алмасы.
Осылар ғой, осылар ғой деп жатты ел
Шәміл мен Дүрияның жалғасы.
Сүйгендердің сақталған ба сабыры,
Атқақтады алпыс екі тамыры.
Ай өтпей-ақ айдай сұлу Айнаштың
Құрсағына құт дарытты Тәңірі.
Шаттығына шақалақтың іштегі
Жегені бал, шырын болды ішкені.
Екі ғашық көңілдерін ауласты,
Қырдан қызыл түлкі ауласа құсбегі.
ІІІ
Басында ошағының бағы жанса,
Өмірдің мұнан өзге мәні қанша?
Әйелдің бір бақыты сол емес пе
Жанында ақ некелі жары болса.
Жүзгендей сыңар аққу көлде тұнық
Жарасар жақсы жармен ер бекініп.
Әйелдің бір бақыты сол емес пе
Тұрса егер тал бесігі тербетіліп.
Айналса олар үйдің жарығына,
Қан жүрер тіршіліктің тамырына.
Әйелдің бір бақыты сол емес пе
Сезімі серік болса сабырына.
Өмірде кім бақытты, кім бақытты?
Жауабын таппай талай күн батыпты.
Өз үйін нұрға бөлеп, жұмақ етсе,
Сол әйел – нағыз әйел, шын бақытты.
IV
Шын бақыттың шын түсініп бағасын,
Жолыққалы тауып алған жарасым
Қос ғашықтың
Адам бөле алмаған,
Амал қанша, соғыс бөлді арасын.
Күркіретіп шайдай ашық аспанды,
Қаншық ұлып, ұлы майдан басталды.
Қорғатуға Кремлін Лениннің
Эшелонға тиеп жатты жастарды.
Запыранын ақтарғанмен күйікке,
Бекзат жігіт қол бұлғады биікте.
Қош айтысып қала берді сүйген жар
Сәбиімен үлгермеген сүйіп те.
Жүгендетпей арман атты пырақты,
Сол кеткеннен үш айы кем жыл ақты.
Тоғыз айда тоғыз рет хат келді,
Бәрінде де бір-ақ нәрсе сұрапты.
Соғыстағы сайыпқыран есілім
Сағыныпты өз босаға-есігін.
Сұрайтыны: «Бала өмірге келді ме,
Ақсақалдар кім деп қойды есімін?!».
Жасырынып оқығанмен тасада,
Сағынышын қағаз шіркін баса ма?
Сүйгенінің тоғызыншы хатына
«Сүйінші!» деп жауап жазды жас ана.
V
Қиырдағы қимас жанның тірлігі
Көрінген бе салсын қанша дүрбіні.
Сап тыйылып сағыныштың хаттары,
Қара қағаз келді ауылға бір күні.
Алғаш рет ұстатқанда білектен,
Айнаш қыздың тұла бойы дір еткен.
Екі жарты болып еді бір бүтін,
Күн кешеді қайта жарты жүрекпен.
Табылғанмен тән дауасы, бас емі,
Табыла ма енді Айнаштың хас Ері?!
Жанарында мөлтілдеген тамшылар –
Жанар емес, жарты жүрек жасы еді.
VI
Асыл жарым, асыл жарым,
Жанарымнан жас ұрладың.
Өзің барда жайнап тұрған
Қурап қалды жасыл бағым.
Сүйгенім деп сыйлағаным,
Қан жұтам да қиналамын.
Өлді деген хабарыңа
Енді қалай иланамын?!
Берік едік сертімізге,
Ортақ еді дертіміз де.
Амал қанша, ажал тажал
Қоймады ғой еркімізге.
Хабарыңды есіткелі,
Көңілімнің кешікті емі.
Мені қойшы,
Обал болды
Оңалыңа бесіктегі!
VII
Жөргегінен жетімдікке кенеліп,
Бақытсыздық бесігіне бөленіп,
Осылайша Оңал сәби, Оңал қыз
Өсті емшектен уыз емес, шер еміп.
Қанша жерден ұшырса да кептерді,
Жауап қатпай, келмеске Әке кетті енді.
Әкесінен айрылғаны аздай-ақ,
Анасын да қатал тағдыр көп көрді.
Сүйдіріпті күн нұрына шекесін,
Қидырыпты молдаларға некесін.
Бурыл атпен бір бейтаныс шал келіп,
Міңгестіріп алып кетті шешесін.
VIII
Жетімдік-ай, жетімдік-ай, жетімдік!
Тентіреткен мына тірлік не тірлік?!
Текелерді әке деуге бекіндік,
Ешкілерді шеше деумен жетілдік.
Жатқандардан астауынан артып құт
Бағымызға бұйыртпадың сарқыт түк.
Қашаннан-ақ жары Құдай жалғыздың,
Жанымызға Жаратқанды жар тұттық.
Жетімдік-ай, жайды ұқпайсың сен біздің,
Тумай жатып қырдан тезек тергіздің.
Енедегі екі емшекті қызғанып,
Сүт шықпайтын сұқ саусақты сорғыздың.
Тезек исін теңеп өстік әтірге,
Тасбақа жеп айналмадық кәпірге.
Жанарымның жасын сүрткен жалғыз жан
Қарыздармын немере ағам Бәкірге.
IX
Болса-дағы өміріне өкпелі,
Қызды оқытты қатал өмір мектебі.
Он сегіз жыл мейірімге шөлдетіп,
Он сегіздің келіп жетті көктемі.
Қос бұрымы аш белінен құлады,
Мұңды көзі ер біткенге ұнады.
«Қай жігіттің бағы екенсің, жетім қыз?»
Көрген жанның іштей осы сұрағы.
Менің-дағы жандырар деп бағымды,
Қараша үйге қара біткен ағылды.
Көрген жанды толғандырған сұрақтың
Дәл жауабы көрші ауылдан табылды.
Сертін беріп Мықтыбектей мықтыға,
Ұлан-асыр той жасалды «Шыттыда».
Тағдыр қызды жылатты енді шаттықтан
Сор мен бақтың егіздігін ұқтыра.
Ақ жүзінен сүртіп тұрып жас-терін,
Оймен ғана көріп соғыс әскерін,
Хақ Тәңірден
Ұрпағымның ешбірін
Жетім қылма деп тіледі жас келін.
X
Ана десем – ойыма сәби келер жұбанған,
Туа сала жанарын азат еткен тұманнан.
Сәби десем – ойыма Ана келер жұбатқан,
Мейірімі саулаған төсіндегі бұлақтан.
Ақ тілекті Анаға бала қымбат өмірде,
Ақ жүректі балаға Ана қымбат өмірде.
Анасынан баласы, баласынан Анасы
Безіп жатса – сау емес безген жанның санасы.
Алла біреу әлемде, Алла жалғыз деп сана,
Алладан соң әркімде Ана жалғыз тек қана.
Анам, балам дегенде мейірі зор аңның да,
Аңнан төмен түспейік «Адам» аттың алдында.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter