21.05.2022
  421


Автор: Несіпбек Айтұлы

ҚАРАӨТКЕЛ ҚЫРҒЫНЫ

Астана – ескерткіштің ең ұлысы,
Ұлт үшін құрбандардың барлығына!..
Автор



І
Төңкерген әлдеқашан тайқазанды,
Япыр-ай, айтсам екен қай заманды?
Мияулап тарғыл мысық секілденіп,
Алады ұйқы бермей, ой мазамды.
Зер салып үңілмесең белгісіне,
Заманның арғысы не, бергісі не?
Қобыздай күңіреніп қоя берер,
Кезіксең көкірегі шерлісіне.
Тыныстап уақыт қашан көзін ілген,
Тартады өз жолымен өзі білген.
Арпалыс адам жүрген жердің бәрі,
Тірлікте көбі жылап, азы күлген.
Сарынын жеткізгенмен жел ызыңдап,
Өткеннің бәрі де елес, бәрі жұмбақ.
Сарғайған сарнауменен кәрі тарих
Біткен жоқ бас-аяғын әлі жырлап.
Тұңғиық дүниенің түбі шексіз,
Кім ашар құпиясын құдіретсіз?
Сағымға айналмайтын жан болмайды,
Бүгін бар көрінгенмен, ертең жоқпыз.
Қызығып қайран қазақ дүние-боққа,
Жем болып көрінгенге жүрген жоқ па?
Қадірін бір-бірінің біле бермес
Бас аман, бауыр бүтін, қарын тоқта.
Жайсаңын жарға жығып тобыменен,
Өкіріп өлгеннен соң еңіреген.
Бауырын байлап беріп қолыменен,
Басқаның тұлыбына мөңіреген.
Қазақтың айтып бітем қай қылығын,
Сондықтан сорға батқан қайғылымын.
Жарытпас үйір салып жаман айғыр,
Алдырған топ қасқырға тай-құлынын.
Ел шауып, керуен тонап жау-жаламен,
Мұратқа жеткен жан жоқ олжаменен.
Болмаса кіндігінде бір кінәрат,
Ер жігіт жұртын қорғар қалжа жеген.
«Қазақтың өлісінің бәрі жақсы»,
Дәл басып жаманын кім танымақшы?
Ашпасаң аражігін ажыратып,
Шындыққа ұрпақ қалай жарымақшы?
Қазақтың атасының бәрі батыр,
Көбісі бері де емес, арыда тұр.
Ерлігін Есім ханның еске салып,
Қасқайып Қасым ханның жолы жатыр.
Бабалар сансыз жаудан елді қорып,
Салыпты сар далада шаңды жорық.
Аңсаймын солар мінген тұлпарларды
Ағызған ауыздықтан қанды көбік.
Алқынбас ақын, шіркін, желді көрік,
Сөйлесе еркіне бір ел жіберіп.
Кешегі ақсақалды сағынамын,
Бүгінгі шала қазақ шалды көріп.
Аяймын немересін шүлдірлеген,
Жарытып жатырынан тіл білмеген.
Мәңгүрттер селт етпейді міңгірлеген,
Үніне домбыраның күмбірлеген.
Домалақ, Қызай, Мұрын, Айпара анам,
Кешіргей күнәм болса байқамаған!?
Мүсірке көкектерді секектеген,
Ұяда жұмыртқасын шайқамаған.
Қайдасың, қара қобыз – кәрі жырау,
Алыстан сарыныңды таныдым-ау!
Береді бір күн бетін, бір күн сыртын,
Саудагер, сайқалдардың бәрі мынау.
Кетбұға, Ақтанберді, Дулат бабам,
Сендерсіз таңым атып, күн батпаған.
Түзетіп жібергейсің заман бетін,
Мойнындай жас баланың бұлғақтаған.
Күңіреніп жапан түзде жалғыз өткен,
Жұрт қайсы, Абай ата, сен түзеткен?
Қазақтың мал күзеткен бәрі кетті,
Болмасаң өзің ғана ел күзеткен!
Қазағың кеше де осы, бүгін де осы,
Не болар бүйте берсе, түбінде осы?
Көзді алдап, көңілді арбап құбылады,
Құлпырған қызыл-жасыл ғұмыр көші.
Жалғаннан жақсы да өтті, жаман да өтті,
Қайсысын тоқтатуға шамаң кепті?
Ит қуған асау тайдай ойнақ салып,
Қарамай алды-артына заман кетті.
Ежелден ел қыдырған ескі әңгіме
Аяңдап ақырында маған жетті.
Ұшығын ұстатпаса өзі келіп,
Таба алмас іздегенмен адам жоқты.
Тыңдауға керек сөзді халқым дайын,
Жарқылдап сөйлейтін бір келді ыңғайым.
Толғайын көне сүрлеу сорабымен
Саққұлақ айтып кеткен елдің жайын.
Ұрпағы Қанжығалы Бөгенбайдың
Төгілткен тіл ұшынан сөздің майын.
Дүние жүз қайтара өзгергенмен,
Сөз қалмас арттағыға кез келгеннен.
Тұсында Хан Кененің ғұмыр кешіп,
Қым-қуыт зобалаңды көзбен көрген.
Аңыз көп ел аузында ескідегі,
Түгендеп тауысқан жоқ ешкім оны.
Қолымен Ералының хатқа түскен,
Шешеннің көргені мен естігені.
Ералы – туған ұлы Саққұлақтың,
Тұнығын қанып ішкен ақ бұлақтың.
Дәметіп Саққұлақтың сарқытынан,
Мен дағы біраз жерге шапқылаппын.
Әкенің асыл сөзін теріп елден,
Ералы ұзақ жасап – бері келген.
Жылында мың тоғыз жүз отыз екі,
Семейде сексен беске келіп өлген.
ІІ
Жалғанның қызығына жан тоймаған,
Пенде жоқ ажал жетсе жантаймаған.
Абылай өлгеннен соң мұрагері –
Уәліні Орта жүзге хан сайлаған.
Ресей бұл шешімді қабыл көрген,
Уәліге шекпен жауып, шенін берген.
Тарбиған көк тырнағын жаза түсіп,
Есінеп жолбарыстай жонын керген.
Алыстан мүлт жібермей көздегенін,
Қалайда жасап баққан өз дегенін.
Оятқан түртіп мылтық ұшыменен,
Қазақтың бодандықты сезбегенін.
Даланың қусырылып еркін шағы,
Хандардың қалтылдаған алтын тағы.
Тартылса жөңкіп аққан арынды өзен,
Құрдымға құйылмай ма сарқыншағы.
Төмендеп шалқып-тасып толған айдын,
Кеміген ерден қайрат, елден айбын.
Қалқайып әрең тұрған қара қостың,
Ұшары жұмбақ еді желге қай күн.
Қаһары ақ патшаның сондай қатты,
Уәліні қуыршақтай қолда ойнатты.
Жуаси бастағанда асау дала,
Ішкені судай сіңіп, балдай батты.
Маңдайға бақ қонбайды жазылмаған,
Ұзаққа хан дәурені созылмаған.
Тік басып жүрген жанның жер бетінде,
Тұрады көрі күтіп қазылмаған.
Не шығар жазғырғанмен құдіретті,
Өлетін Уәлінің де күні жетті.
Жалғанды көндіре алмай билігіне,
Хандардың бірі келіп, бірі кетті.
Ақ патша аттың басын шұғыл бұрды,
Көрмеді хан билігін шыбын құрлы.
Даланы барған сайын баса-көктеп,
Қит етсе қисық басып, қырын жүрді.
Хандықты быт-шыт қылып бөлшектеді,
Ыдырап бір-бірінен ел шеттеді.
Қармағын қапқандарға жем лақтырып,
Шықпастай шырғалады шен-шекпені.
Қазақтың ши жүгіртіп арасына,
Май құйды жанған оттың шаласына.
Алакөз иттей болып ырылдасты,
Түскендер байлық-мансап таласына.
Тұратын ер азайып жел өтіне,
Бөлінді үріккен қойдай ел екіге.
Айналды шенқұмарлар зыр жүгіріп,
Патшаның қарғы таққан төбетіне.
Қуылып қазақ атақонысынан,
Қайқайып орыс басты қонышынан.
Ірітті іштен шыққан шұбар жылан,
Жалғасып жандаралмен жең ұшынан.
Басылып бағынышты ел еңсесі,
Өксіді өкініштен кең өлкесі.
Қосылып жылайтындай жер мен аспан,
Көрінсе Абылайдың көлеңкесі.
Амал жоқ ақ патшаның жарлығына,
Бөлінді Орта жүздің хандығы да.
Уәлінің тізгін кетті уысынан,
Бола алмай әке тағы мәңгі мұра.
Кім тұрған дүниенің артын аңдып,
Бұйырды Бөкей ханға жарты хандық.
Қапталды қаракесек ішіндегі
Төре еді шаңырағында шалқыған құт.
Көгертсе көп тілегі, ел батасы,
Жақсының домалайды өрге тасы.
Барақтың бөрі тектес бел баласы,
Бұл Бөкей – Әлиханның арғы атасы.
Талайды душар еткен мазағына,
Тағдырдың дауа бар ма ғажабына?
Бөкей хан қайдан білсін қызмет етіп,
Жүргенін ұрпағының ажалына.
Ақылмен тамсандырып төңіректі,
Өмірден асылдардың көбі кетті.
Уәлінің тірісінде билік тиіп,
Айғаным хан атынан әмір етті.
Айғаным – нақсүйері хан Уәлінің,
Ақ жүзі елестетер таң жарығын.
Ордаға тірек болған әйел заты,
Іргесін түгел қымтап жан-жағының.
Қаларын кім ойлаған қайда кімнің,
Бақ тайған басынан да Айғанымның.
Құлатпай қоймас түбі соққан дауыл,
Сырығы бір қисайса байрағыңның.
Жойылып Уәліден соң хан билігі,
Күзелді тіршіліктің жал-құйрығы.
Ақ патша жарлығынан кем түспеді
Ояз бен жандаралдың әр бұйрығы.
Кемерге соғылғандай толқын қатты,
Екпінін төнген қатер қарқындатты.
Алшаңдап аға сұлтан сайланғандар,
Бурадай басқан жерін солқылдатты.
Апайтөс арда жылдар қалды да алыс,
Жығылды ерлік туы, сөнді намыс.
Жөңкілте жоңғарларды қуғандағы
Сарқырап селге кетті бар қуаныш.
Өзгеріп жылдан-жылға ел сүреңі,
Абылай тұқымдары әлсіреді.
Қырқысып күні біткен хандық үшін,
Текедей бет-бетімен тентіреді.
Басынан бақыт құсы алты айналған,
Қай пенде опа тапқан шалқайғаннан?
Уәлі хан өтісімен дүниеден,
Аз уақыт Абайділдә хан сайланған.
Алды-артын замананың тектемеген,
Ағасы Қасым төре өкпелеген.
Түстікке қотарыла көшіп кетті,
Өкпесі қазандай боп көпке деген.
Қасымның қасарысқан бұл ісіне
Бүлк етіп қозғалмады інісі де.
Пендені ту сыртынан тану қиын,
Шығыпты кімнің кіріп, кім ішіне?
Қомдаған балапандай қос қанатын,
Ол кезде Кенесары жас болатын.
Бір дәуір белден асып бұлдырады,
Мұнартып батқан күндей кешке жақын...
ІІІ
Қанатын қыран құстай жайғанменен,
Талайдың өмірі өткен ойранменен.
Бар еді ағайынды екі жігіт
Арқада Сейтен менен Тайжан деген.
Шығармай батырлықтың сертін естен,
Көкжалдар кең далада еркін өскен.
Ақмола, Қараөткелді қоныстайтын,
Самалы салқын жазда желпіп ескен.
Күл төгіп жеті атасы кешегі өткен,
Жұрты осы әлімсақтан мекен еткен.
Дариға, туған жердің топырағы,
Аунаса жұмсақ еді текеметтен.
Екі өзен – Есіл-Нұра ен жайлаған,
Шалғыны керегедей тал бойлаған.
Еріксіз қолдан шығып бара жатты,
Айрылу атажұрттан қандай жаман?!
Күйінді Тайжан менен Сейтен қатты,
Жалмауыз жаттың көзі жайтаң қақты.
Сұм заман сыры бөтен, тізесі ауыр,
Жыландай белге соққан қайқаңдатты.
Орыстың айдарынан жел еседі,
Ол күнде қазақ қайтіп теңеседі?
Әу баста бекініске таңдаған жер,
Бүгінгі Астана орны емес еді.
Салмақ боп қорғанысқа шақ қаланы,
Нұраның жағасына тоқталады.
Жатқанда қазық қағып, қопын қазып,
Тобымен Тайжан батыр кеп қалады.
Өзеннің ну тоғайлы көк саласы,
Қасында Қабанбайдың ақ моласы.
Қаланың аты содан қалғаны рас,
Ешкімнің бұған енді жоқ таласы.
Ішінде көп тобырдың қара сіңір,
Төренің Қоңырқұлжа баласы жүр.
Қарасып, бас-көз бол деп осыларға
Кеткендей аманаттап бабасы бір.
Жүрегі шымыр етті мұны көріп,
Қайнады зығырданы жыны келіп.
Қорлыққа шыдай алмай жер астында,
Жатқандай жеті атасы күңіреніп.
Намыстың жанға батып жаншылғаны,
Қан толып екі көзге қалшылдады.
Ақырып ат үстінен төне түсті,
Ұшындай көк найзаның шаншылғалы.
«Төренің тумай кеткір арам ұлы!»
Деді де, тартып кетті Бегалыны.
Шетінен қара шекпен қан жалады,
Боялып сақалының қаба жүні.
Жылқысын түре қуып арқандағы,
Жаппасын быт-шыт қылып талқандады.
Ер, шіркін, алды-артына қарасын ба,
Аяздай ашу қысқан қаңтардағы.
Бітерін соңы немен кім біліпті,
Бастады Тайжан өстіп бір бүлікті.
Мұны естіп Қоңырқұлжа ісіп-кеуіп,
Қалайда кек қайтарар күнді күтті...
ІV
Жеткенше тіршілікке осы күнгі,
Соқпағы сан тұлпардың өшірілді.
Тайжаннан сескенген соң келесі жыл
Бекініс Қараөткелге көшірілді.
Сайланған аға сұлтан Қоңырқұлжа,
Бұл күнде көңілі жай, өмірге ырза.
Жүріп тұр ақ дегені алғыс болып,
Айтқаны орындалып оның мұнда.
Белгілі атам заман – әлімсақтан,
Талайлар жерін сатқан, елін сатқан.
Биліктің ық жағында ін күзетіп,
Қулықтың қилы-қилы жолын тапқан.
Кең жазық Қараөткелдің айналасы,
Қазақтың жатқа қияр қай баласы?
Ойласа осы жайды Тайжан батыр,
Суиды алдындағы қойған асы.
Адамға не бар екен жерден ыстық?
Жер үшін сойылдастық, ерден ұштық.
Жер үшін ұлтарақтай ұлы бабам
Намысын жауға атылған жолбарыс қып.
Атадан қалған жерді енді өріс қып,
Қуаныш, қайғыны да тең бөлістік.
Алыста талай ерлер көзін жұмған,
Тұмардай топырағын алданыш қып.
Бүйрегі бүлк етпейді қандай кісі,
Қашанда жер қайғысы – ел қайғысы.
Ойланып алсын бір сәт келісімге,
Жер үшін келетіндер қол қойғысы.
Десек те жер сенікі, жер менікі,
Қара жер барлық тірі пенденікі.
Тырс етіп кіндік қаның тамғаннан соң,
Жер – Анаң! Ол сенікі, сен де онікі...
Не келіп ел басына, не кетпеді,
Шайқалған судай толқып шелектегі.
Ақмола бекінісі атанды енді
Әйгілі Бөгенбайдың Қараөткелі.
Өте алмас жаман-жәутік арба айдаған,
Есілдің түбі терең нар бойлаған.
Көмкерген екі жағын қамыс-қоға,
Үкідей желкілдейді желге ойнаған.
Ерлердің жүзі келіп, жүзі кеткен,
Солардың қасиетті ізі неткен!
Жау қуып бара жатып бір жорықта,
Бөгенбай осы арадан жүзіп өткен.
Батырсыз белдескенін ел жыға ма,
Айқаспай алдаспанға қан жұға ма?
Ұрандап иірімге ат салыпты,
Үрленген қарын байлап қанжығаға.
Басынан төмен қарай құлдағанда,
Дүние таусыла ма жырлағанға.
Қараөткел деген атау содан қалған,
Ауысып бір заманнан бұл заманға.
V
Тайжанға Қоңырқұлжа қақпан құрды,
Сұмдықтың шоғын үрлеп, от жандырды.
Шақыртып казак-орыс жүзге тарта,
Бас қылып Бегалыны аттандырды.
Шошытып қонған елді жағадағы,
Есілді қарулы әскер жағалады.
Сезгендей төгілетін қан иісін,
Қанатын қарға-құзғын сабалады.
Шығыстан көтерілген күн мұнартып,
Соққан жел тына қалды ішін тартып.
Аяғы жауыздардың жетпесін деп,
Кең дала көсіледі жолды ұзартып.
Аттылы жасауылдар жүз қаралы,
Көз салып көкжиекке сызданады.
Қазақтың Құдай берген байтақ жерін
Өзінен сол қазақтың қызғанады.
Тағдырдың жонын тосып дауылына,
Көрінді Сейтен-Тайжан ауылы да.
Бегалы қасіретті бастап келді,
Кешегі бірге жүрген бауырына.
Қиратып кек алғанмен бүгін тез-ақ,
Тартарын ойламады түбінде азап.
Өкпеге қиғанменен ағайынын,
Өлімге қиятын ба бұрын қазақ?!
Оралмас кеткен дәулет, өлген әулет,
Не шара, келгеннен соң елге нәубет?
Тұқымың бордай тозып, тұздай құрыр,
Азғындық ұяласа қанға кеулеп.
Тып-тыныш өлген артық жөні келсе,
Өзіңнен өзің безіп жерігенше.
Иттер да ырылдасқан бір-бірімен,
Бірігіп ұмтылмай ма бөрі көрсе.
Қолында қалт жібермес қанды берен,
Бегалы мылтық атты алдыменен.
Қоршауда қалған ауыл тыпыр етсе,
Шапқандай қырып салмақ шалғыменен.
Өшігіп, аямасқа жат бекінді,
Күйдірер тиген жерін от секілді.
Үйінде Тайжан-Сейтен болмай шығып,
Бегалы бармақ шайнап қатты өкінді.
Мылтықпен тізерлетіп сан жігітті,
Тонады іске татыр мал-мүлікті.
Шырылдап қыз-келіншек, бала-шаға,
Қиырға құлын даусы жаңғырықты.
Жарақтың жоқтығынан қазақ – құрбан,
Тағдырдың тәлкегін-ай мазақ қылған.
Аюдай арпалысты Алыпқара,
Мылтыққа қарсы шауып кезеп тұрған.
Қара күш көп қаруға түк қылмады,
Бас салып, байлап-матап тұтқындады.
Бәрінен қорлық болды дүре соғып,
Желкелеп, қара жерге бұқтырғаны.
Әкетті жаяу айдап Ақмолаға,
Неғайбыл бар бола ма, жоқ бола ма?
Желеді ақбас атан сияқтанып,
Көнбеген мұрындыққа, ноқтаға да.
Жұлдыздай жарқыраған топта дара,
Тайжанның сұлу қызы Тоқбала да,
Тотыдай торға түсіп кете барды,
Сақтай көр байғұстарды, Хақ Тағала!

Күн сайын қабырғасы қалыңданып,
Ақмола бұлдырайды сағымданып.
Сорайып мойнын созған мұнарасы,
Тұрады қатер төнсе дабыл қағып.
Бір үй тұр қақ ортада сәл еңселі,
Тал өскен – айналасы көлеңкелі.
Осы еді аға сұлтан мекемесі,
Ұстаған уысында сол өлкені.
Төрде отыр Қоңырқұлжа құжырайған,
Тайжанның шығара алмай қызын ойдан.
Көз салып, терезеден масайрайды
Түрменің төбесіне мыжырайған.
Айғайлап шақырғанда ол гүр етіп,
Күзетші есіктегі келді жетіп.
Күн бата қызды алдырды қамаудағы
Мойылдай екі көзін мөлдіретіп.
Үзердей қызыл гүлді сабағынан,
Иіскеді ақ торғындай тамағынан.
Қыз бала шырылдайды бозторғайдай,
Қылғытып жұтатындай қара жылан.
Артылып әуреленді құр үмітпен,
Кәрі азбан көні кеуіп, күні біткен.
Әукесін салбыратып құлай кетті,
Жоқ еді өзі дағы мұны күткен.
Тоқалы сұлу Зейнеп сылқылдаған,
Секілді семіз байтал былқылдаған.
Батырға бұғаудағы көзі түсіп,
«Босат, – деп, – қол-аяғын!» қыңқылдаған.
Диюды бұқа мойын, бура санды
Шыдасын байлап ұстап бұл қашанғы?
Зейнептің қыбын тауып, мауқын басып,
Армансыз Алыпқара бір жасарды.
Ішінен Қоңырқұлжа қанжылады,
Күндіз-түн Алыпқара – аңдығаны.
Құтылмақ болды қызбен екеуінен,
Тарту қып жандаралға Омбыдағы.
Сорғандай уға малып бал қасықты,
Тұтқын қыз өмір сырын алғаш ұқты.
Екеуін бір түйеге мінгестіріп,
Айдаушы – үш жасауыл жолға шықты.
Тірі жан қозғалады жер төсінде,
Түйенің екі мұңлық өркешінде.
Батырдың қолы артына қайырулы,
Күзетші – жалғыз мылтық желкесінде.
Қарасы Тоқбаланың қарғадай-ды,
Қалайша қарғадай қыз зарламайды.
Үрпиіп ұйпаланған балапандай,
Сырғанап көзден жасы сорғалайды.
Құйтымдай жүрегінде қанша қайғы,
Жылаудан қаршадай қыз шаршамайды.
Жылжыған сары уайым секілденген,
Шудасын сары атанның жел тарайды.
Қасқа жол жеткізбейді, шалқалайды,
Қыз байғұс күннен көзін қалқалайды.
Сүйенген қос өркешке қос қайғының
Салмағын атан ғана арқалайды.
Түрі бар созылатын жол талайға,
Түйнектей қатқан шері тарқамай ма?
Салмағын атан ғана арқаласа,
Обалын аға сұлтан арқалай ма?
Сезбеді Қоңырқұлжа есіргенін,
Аяғын шектен шыға көсілгенін.
Шамына шаң тигізбес қазақ едік,
Қыз түгіл, жатқа бермес жесірлерін.
Азғаны шығар бұл да замананың,
Келмейді бетке басып табалағым.
Сыйлыққа есі дұрыс ел бере ме,
Ұрпағын жарып шыққан қағанағын?
Үш қонып жетті, міне, Ерейменге,
Желдіртіп айдаған соң жол өнбей ме.
Бір қайрат жасамаса тұяқ серпіп,
Тоқтыдай арам қатып ер өлмей ме?
Басына тізгін тартты бір бұлақтың,
Үстінен түсті үшеуі ырғып аттың.
«Шаршадың, шөк!» дегендей сары атанға,
Төбеден телміреді тұнжырап күн.
Екеуі кетті дәрет сындыруға,
Күзетті қалды бірі тындыруға.
Атылды түйе үстінен Алыпқара,
Шамасын келтірместен шыңғыруға.
Батырдың қыз түсе қап шешті қолын,
Зорлықтың зар жылатқан кесті жолын.
Күні-түн жалбарынған медет сұрап,
Жаратқан қабыл қылды жас тілегін.
Ақырды Алыпқара – қолда мылтық,
Зыр қақты жасауылдар қалған үркіп.
Байлатты өздеріне өз қолдарын,
Қайтеді басын оған енді ауыртып.
Көрінген бір биікке бұрып бетті,
Үшеуін алдына сап жүріп кетті.
Найзадай тік шаншылған қара шоқы
Еміп тұр емін-еркін тұнық көкті.
Басына сол биіктің шыға келді,
Айнала көзбен шолып құба белді.
Қылп еткен тірі жан жоқ таяу маңда,
Табатын жөнін біліп сұрап елді.
Алысты біраз тұрып барлағасын,
Байқады қылаңдаған ел қарасын.
Қызды да, өзін де аман алып қайтқан,
Батырдың ерлігіне таңғаласың.
Білдірмей жүдегенде арықтықты,
Тарихын ұмытпаған халық – мықты!
Орнында қара шоқы әлі де тұр,
Еске сап Алыпқара жарықтықты.
Атайды күні бүгін «Алыпқара»,
Сенбесең, Ерейменге барып қара!
Өтті ғой арыстандай қайран ерлер,
Жұлқысып айдауда да, жорықта да...
Қорлыққа шыдай алмай қудалаған,
Қасқырдай Тайжан батыр у жалаған.
Ішіне қалың қаржас ауып кеткен,
Томардай тірек таппай қу даладан.
VІІ
Жер үшін жан садаға, мал түгілі,
Даланың шамырқанды еркін ұлы.
Сібірдің аюына қарсы шапты
Көкжалдың көзі қанды бөлтірігі.
Аузына аждаһаның жақын бармай,
Қарасын дұшпанның кім батырғандай?
Бұрқ етіп көтерілді Кенесары,
Жанартау жазық жерден атылғандай.
Дүрлікті кең даланың шартарабы,
Кененің қылышынан қан тамады.
Жөңкілді қалың сарбаз жорық салып,
Тасыған көк өзендей Арқадағы.
Дүбірге Сейтен-Тайжан елең етті,
Тілеген жерден берді кереметті.
Мұндайда қимылдамай қалай жатсын
Кигендер кебін емес, кебенекті.
Астыртын Хан Кенеге салды кісі,
Қолында бір Құдайдың ендігісі.
Әліптің артын бақты Шорман, Мұса,
Екі дай – күбір-сыбыр елдің іші.
Қуалап қараңғыны үрке қашқан,
Аясын таң нұрымен сүртеді аспан.
Мұнартты көтерілген шаң көрінбей,
Мезетте жарық пенен түн таласқан.
Сарбаздар суыт тартып сар желеді,
Айбынды ту түбінде хан келеді.
Артында аунап түсіп қалып жатыр,
Арқаның арыстан жон сан белеңі.
Қасында нөкерлері – көкжал бөрі,
Ығады ызғарынан барған жері.
Көзіндей Абылайдың кешегі өткен,
Хан Кене – арқа сүйеп сенгендері.
Батырлар Хан Кенені қалқалаған,
Қарақшы, ұры да емес ел тонаған.
Шетінен еңіреген ерлер еді,
Қайғысын атажұрттың арқалаған.
Орыстың қаптай орнап бекінісі,
Қазақтың өзек жарды өкініші.
Кененің зая кетті ақ патшаны
Шақырған мәмілеге өтініші.
Қорлықты халқы көрген сөзге тіреп,
Хат жазған өз қолымен он жеті рет.
Аранын аша түсті айбат шегіп,
Иілмей империя өркөкірек.
Алыстан демін тартып абжыландай,
Қылт етіп жолын кессең қан қылардай.
Бүкіл ел әрі-сәрі күйге түсті,
Ағайын бірін-бірі аңдығандай.
Адасқан айыра алмай қасын достан,
Қысылмай, қазақ қашан басын қосқан?
Жем болған көрінгенге сондықтан да,
Сүрініп, сордан көзі ашылмастан.
Бөлініп-жарылған жұрт не көрмеді,
Келген жау қойдай тізіп көгендеді.
Сескеніп қарулы әскер қаһарынан,
Көп жерде Хан Кенеге ел ермеді.
Дүние теріс бағып сыңар жақты,
Аспанды айықбастай тұман жапты.
Балқожа, Шыңғыс төре, Қоңырқұлжа,
Түлкінің құйрығындай бұлаң қақты.
Тұрлыбек, Қазанғап би, Шорман, Мұса,
Жалтақтап екі жаққа болған құса.
Бір көзі ақ патшаға алақтады,
Бір көзі толқып тұрған елді аңдыса.
Кінәлап не табамын ол ғасырды,
Сеземін сырқыраған жамбасымды.
Сүйрелеп өрге тартса – өгіз өлді,
Төменге қоя берсе – арба сынды.
 
Жараспас айтпай тағы болған істі,
Оятып ұйқыдағы ар-намысты.
Байласаң бағындырып ит болады,
Жасқанып жарға бұққан жолбарысты.
Бүтін ел кейін тартса Кенеге ермей,
Кім келіп қысылғанда жебегендей?
Ырқына жүрмегенді шауып алды,
Ақырып Ақсақ Темір – Көрегендей.
Біреуі Балқожа би сүрінгеннің,
Кененің қаһарына ілінгеннің.
Қаржастың Мұсасы еді екіншісі,
Сырт беріп, сырғақтығы білінгеннің.
Қаржасқа келе жатыр, міне, аттанып,
Ел іші қорқып отыр құлақтанып.
Айбынды алты мың қол тоқтамақшы,
Ат басын жетер жерге тіреп барып.
Аяқтан тік тұрғызып тәмам көпті,
«Хан келе жатыр!» деген хабар жетті.
Көш жерден игі жақсы күтіп алды,
Шапқылап шықпасына амал жоқ-ты.
Шалқайып хан келгенде кімі жатар,
Қаржастар абыр-сабыр, жігі-жапар.
Көшпесе Кенеге еріп осы жолы,
Шабылып, шаңы шығып – күні батар.
Демдерін ішке тартқан ел екіұшты,
Ханға арнап тіккен үйге Кене түсті.
Қоршады ақ орданы күзетшілер,
Есікте екі жендет және сұсты.
Жайғасты келесі үйге батырлары,
Шынтақтап құс жастықты жатыр бәрі.
 
Тайқазан көтеріліп, тай сойылып,
Бал қымыз саба-саба сапырғаны.
Қарауыл қойылды да ауылға сақ,
Алыстау аттан түсті қалың жасақ.
Жаршылар олай-бұлай шапқылап жүр,
Қонақтың жер қайысқан қамын жасап.
Әп-сәтте істің жөні мәлім болды,
Көңілге секем алған сенім қонды.
Бас болып Сейтен-Тайжан жасағына,
Күзетті Алыпқара қалың қолды.
Көрмеген кектескенге іші жылып,
Кенеге келе алмайды кісі жуық.
Жар қабақ, өткір көзді, жал мұрынды,
Шабынған аш бурадай түсі суық.
Кең иық, арты сенек, қасқыр кеуде,
Жемтігін тырп еткізбес тас бүргенде.
Қырандай шамырқанған қызылсырап,
Саңқылдап өктем үні естілгенде.
Шойыннан шаршы дене құйылғандай,
Ішінде бір алапат құйын бардай.
Қабағын қатты түйіп қаһарланса,
Көрген жан Құдайына сиынғандай.
Кененің өзіне жөн өз білгені,
Ойының арғы түбін сездірмеді.
Тайжанды шақыртқызды алдыменен,
Қалғанын кісі құрлы көзге ілмеді.
Еңкейіп Тайжан кірді қара нардай,
Қырық күн бауырынан жарағандай.
Жалын жоқ жанарында, өңі сынық,
Жазылмас жүрегінде жара бардай.
 
Шиырыққан Хан Кененің жоқ шыдамы:
– Еруге ел дайын ба? – деп сұрады.
– Біздің жақ, – деді Тайжан, – әзір отыр,
Екі ойлы Мұса жағы, тақсыр, әлі.
Шарт етіп мына сөзге шытынады,
Кім енді одан қашып құтылады?
Түскенді шеңгеліне түтіп жердей,
Жалақтап, жалт-жұлт етіп жұтынады.
Ашудан анық еді өртенгені,
Қайырып сөзін келте қол сермеді:
– Мұсаға айт, өзі бастап үйін жықсын,
Көшеді қаржас түгел ертең! – деді.
– Бір күнге, – деді Тайжан, – құтқарыңыз,
Асығыс – ертең үйді жыққанымыз.
Жақында Шорман мырза дүние салған,
Жөн болар бата қылып шыққаныңыз.
Тез ойлап, кең пішетін ақылды еді,
Хан Кене сөзге тоқтап мақұл деді.
Бұйырып есіктегі нөкеріне:
– Билер мен батырларды шақыр! – деді.
Арада қайшалысып шабарманы,
Жүгірді жерге тимей табандары.
Жаңғыртып айналаны желдей жүйткіп,
Жаршылар хан жарлығын хабарлады:
Бүрсігүні ел көшеді,
Түндік бауын шешеді.
Ермеген жан қалмасын,
Басқа жерге бармасын.
Бұған біреу көнбесе,
Қылыш басын кеседі!
 
Жарлықтың салмағы ауыр, зілі қатты,
Тасындай тасқаяқтың зымыратты.
Талайдың тағдырына куә болып,
Тәңірдің тағы да бір күні батты...
VІІІ
Қазақтың көңілі бай кең даладай,
Хан келсе қара тұрмас жорғаламай.
Мұсамен салқын ғана амандасып,
Аттады Кенесары төрге қарай.
Айнымас ата салты іргелі елден,
Ант бұзып, аруақ аттап кім көгерген?
Жайғасып, Құран оқып, көңіл айтты,
Жақсылар қатар түзеп бірге келген.
Ызғарын сезді ханның Мұса дағы,
Кене де келген жерден қысамады.
Біткен соң дастарханға бата беріп,
Билер де айтар сөзін тұсамады.
Манадан іштеріне сақтап еді,
Бұлжымас хан бұйрығы – тоқтам еді.
Алыстан орағытып келді-дағы,
«Қысқасы, ауасың ба, жоқ па?» деді.
Түспей ме жайған торға қыран дағы,
Мұса да енді мойын бұра алмады.
«Алдияр, айтқаныңыз болсын!» деді,
Ант ішіп, ауызға алып бір Алланы.
Кененің жібігенін сезгендейін,
Жалғады сөзін қайта сәлден кейін:
– Хан ием, сұрау – бізден, сауға – сізден,
Болсаңыз тілегімді бергендейін?
Қайғыны көріп тұрсыз басымдағы,
Оның да оңай емес басылмағы.
 
Бәйтілге8 түсіп кетіп жүрмесе екен
Мал-мүлкі ағайынның қасымдағы.
Бір өзім қайда барам асып елден,
Қашанда қарашыңмын қасыңа ерген.
Келелі кеңесіңнен қалдырмасаң,
Шүкірлік, аз ғұмырға осы көрген.
Хан Кене: – Тілегіңді бердім! – деді,
Мұсаны одан ары желдірмеді.
Осымен сөз аяғы түйінделіп,
Келгендер ыңғайланды жол жүргелі.
ІХ
Қара түн тұтқынынан таң босады,
Ертемен ел көшуге қам жасады.
Шұрқырап иірілген қалың жылқы,
Бұрқырап ауыл үстін шаң басады.
Қоштасқан азан-қазан, улар шуға,
Боздаған түйе даусы зар қосады.
Жаңғырып адам менен малдың үні
Жырына Нысанбайдың жалғасады.
Кеш бата дүркіретіп жөнелді алып,
Тұс-тұстан ту көтеріп хан жасағы.
Қызарған қызыл шоғы күннің сөніп,
Жойқын көш суыт тартты түн бүркеніп.
Аспанда ақ жол тілеп аймен бірге,
Жайнайды алтын нұрын жұлдыз төгіп.
Ұйыған ұйқысына енді ғана,
Оянып дөңбекшиді жазғы дала.
Алысқа ат дүбірін алып қашып,
Соғады сүйіншілеп жел қуана.
8 Бәйтіл – жорықтағы сарбаздар үшін халықтан берсе қолынан, бермесе жолынан алынатын мал.
 
Қалың қол солқылдатқан сары адырды,
Маңдайға Ақмоланы ала жүрді.
Жортқан аң, қонақтаған құс шошынып,
Қолтығын сай-саланың пана қылды.
Қалдырып сүрлеу-соқпақ ұлы қырға,
Азанда тізгін тартты тынығуға.
Айнала жарқырайды шарайнадай,
Мөп-мөлдір таңның таза тұнығында.
Жайдары жаздың күні тамылжиды,
Хан Кене түске таман қолын жиды.
– Құтырды, – деді, – сатқын Қоңырқұлжа,
Қылығын білесіңдер оның қилы.
Шабуға мен бекідім Ақмоланы,
Бұйырса, жермен-жексен жоқ болады.
Қоңырдың қанын ішіп, көзін жоям,
Жетеді ел намысын таптағаны!
Дегендей қарайсыңдар бұған қалай,
Сөзіне жауап күтті шығандамай.
Жарылып көптің ойы екі жаққа,
Турасын бетіне айтты бұлаңдамай.
Шабуға қышығандай тақымдары,
Жартысы хан шешімін мақұлдады.
«Қоңырды байлап аттың құйрығына,
Қаланы өртейік!» деп лапылдады.
Қосыла кетсін бірден қалай бәрі,
Қалғаны сабыр сақтап абайлады:
«Ауған ел, айдаған мал тұсау болып,
Қырылып қалмаймыз ба?» деп ойлады.
Келе алмай бір түйінге отырғанда,
Үн шықты Алыпқара батырдан да:
– Кетеміз Ақмоланы қалай шаппай,
Күніміз төмен болып қатыннан да!?
 
Төндіріп басымызға қорлық күнді,
Талайға Қоңырқұлжа зорлық қылды.
Қорықсаңдар, өзім жалғыз ат қоям! – деп,
Орнынан «Абылайлап!» қарғып тұрды.
Толқымай сарбаз біткен тұра алмады,
Қосыла «Абылайлап!» ұрандады.
Әп-сәтте айбынданып шыға келді,
Ежелгі батырлардай Тұрандағы.
Сартылдап, сауыт киіп атқа қонды,
Сайланып сайысатын құралдары.
Хан дереу тізгіндеді қалың қолды,
Дүйім жұрт не болар деп аңырды енді?
Үш сапқа тұрғызды да сарбаздарды,
Майданның үш тарапқа шебін бөлді.
Кененің тапқырлығын ел біледі,
Жел есіп айдарынан желбіреді.
Ат беріп «Оң» мен «Сол» деп қос қанатқа,
Ортаны «Ұлы ту» деп белгіледі.
Туғаннан бірге беріп қолқанатты,
Құдайым Хан Кенені мол жаратты.
«Қызылжар жағынан кеп тиесің» деп,
Тапсырды Ағыбайға оң қанатты.
Шайқастан батыр, шіркін, шошына ма,
Емес қой бас-аяғы осы ғана.
Шығыс жақ бүйірінен бұзатын боп,
Бекіді сол қанатқа Басықара.
Дұшпаннан кек алатын келді кезі,
Қолға алды қақ ортаны ханның өзі.
Қасында Наурызбай – жас арыстан,
Ежелден оған таныс жау мінезі.
Көк аспан жаңғырықты, жер дүбірлеп,
Ішінен иман айтты ел күбірлеп.
 
Алдымен көшпен бірге малды қорғап,
«Ұлы ту» түстік жақтан болды кірмек.
Үйректей шұбайды көш балалаған,
Шулайды айдаған мал қоралаған.
Есілдің екі-ақ жерде өткелі бар,
Ұйғарды өткізуге сол арадан.
Өрт қойды ну тоғайға жағадағы,
Бытырлап жанды қамыс-қоға дағы.
Қып-қызыл отқа оранып қара толқын,
Маңайды түтін басты бағанағы.
Су кешті қайран ерлер, жалын кешті,
Басынан қиындықтың бәрін кешті.
Ежелгі Қуандықтың өткелінен
Өткізді аман-есен қалың көшті.
Тыңдасаң дүниені тым ілгері,
Естілер сан қайтара бүлінгені.
«Күйгенжар» деген атау содан қалған,
Бүгінгі Астананың түбіндегі.
Қараөткел Ақмоланың дәл қасында,
Қалған көш тәуекел деп келді осында.
Оқ жетер жерге таман таяғанда,
Көрінді қарулы әскер жар басында.
Шықпаса судан өтіп шеткеріге,
Қырғынның анық еді жеткені де.
Қараөткел қазағына оқ жаудырып,
Айналды қияметтің өткеліне.
Жасағы Наурызбайдың қаны қайнап,
Шеп құрып, садақ тартты «Абылайлап!».
Ішінен бірер адам шығын беріп,
Көш өтті арғы бетке «Уа, Құдайлап!».
 
Қалың қол көш өткен соң тоқтамады,
Құрсаулап, қыспаққа алды Ақмоланы.
Лап қойды «Абылайлап!» аққан селдей,
Алдынан бұрқылдады оқ бораны.
Басталды бітіспейтін қанды қырғын,
Түйді ерлер шүберекке жанды бұл күн.
Боздақтар ерден ұшты екпіндеген,
Белгісіз не болары енді кімнің?
Қазақты ат үстінде жаратқалы,
Найзамен қанша жауды шабақтады.
Үш барып, үш серпілді кейін қарай,
Жауған оқ маңайына жолатпады.
Батырлар қайта шапты қолды бастап,
Жебемен зуылдаған жауды жасқап.
Ел үшін еңіреген қайран ерлер
Басына өлетұғын тауды жастап.
Алар деп өзі берген жанды Құдай,
Ағыбай, Басықара, ер Бұғыбай,
Наурызбай, Тайжан, Сейтен, Алыпқара,
Шайқады мүйіздерін кер бұғыдай.
Шайқастың Басықара көк дауылы,
Кененің тумаса да жан бауыры.
Оққа ұшты ұмтылғанда ұран салып,
Қазаның ішіндегі болды ауыры.
Батырдың қаны тамған ертедегі,
Атайтын Басықара сол төбені.
Бұл күнде Қараөткелде жан білмейді,
Жамылған көк торғыннан көрпелері.
Көкжиек көз алдында дөңгелене,
Хабаршы жетті шауып Хан Кенеге.
«Өлгенше Басықара, – деп күйінді, –
Түспейді Қоңырқұлжа көрге неге?!».
 
Жасақтың күні қару-жарақпенен,
Жанарын күреңітті қадап төмен.
Өкінді қапы кеткен қыршындарға,
Қор болып шиті мылтық, садақпенен.
Долданып мінді қайта қаһарына,
Шақырды батырларын қатарына.
Бұзуға жаудың шебін жарлық берді,
Қалың қол атой салып қотарыла.
Ат қойды өзі бастап «Абылайлап!»,
Аспанға қара жердің шаңын айдап.
Киесі аман сақтап бара жатты,
Жүзінде қылышының жалын ойнап.
Тағы да оқ бұршақтай сатырлады,
Қоғадай қалың қолды жапырғалы.
Қарамай өлгеніне басып кірді,
Кененің жүрек жұтқан батырлары.
Тобықтан судай кешіп қызыл қанды,
Сарбаздар бекіністі бұзып-жарды.
Ойқастап ойран салды батыр Тайжан,
Астында күрең төбел ұзын жалды.
Кім білсін, кім құлады, кім жылады,
Шулаған айғай құлақ тұндырады.
Жер таппай жанын қояр өңкей кәпір,
Шошқадай соятұғын шыңғырады.
Қашқаны азын-аулақ тірі қалды,
Тауықтың қырғи тепкен жүні қалды.
Олжа боп дүние-мүлік, қару-жарақ,
Орнында Ақмоланың күлі қалды.
Ағайын жауға айналса бірге жүрген,
Өлгенше ызғар кетпес сұм көңілден.
Тайжанға таптырмады Қоңырқұлжа,
Тышқандай зым-зия боп інге кірген.
 
Хан Кене кешіре алмай қастандығын,
Қоңырдың естігенде қашқандығын:
– Жылқысын шабыңдар, – деп, әмір берді, –
Түссе де жерге айналып аспан бүгін!
Аттанды Алыпқара мың кісімен,
Айрылды Қоңырқұлжа күлкісінен.
Тігерге тұяқ қоймай шауып қайтты,
Ауылын он екі мың жылқысымен.
Қоздырып ұлы дүбір делебені,
Есілден өте тартты Кене қолы.
Жайланды хан көңілі бір тыныстап,
Тәңірдің шығар бұл да жебегені!..
Х
Емес пе елу деген ел құлағы,
Өсек сөз, әңгіме-жыр – аңдығаны.
Мұсаның ауылына хан келерде
Сонда еді Сағыр деген қанжығалы.
Сағырдың аты әйгілі ел ішінде,
Сыйлайтын үлкен-кіші сол үшін де.
Жіберген Саққұлақ та әдейі оны,
Бұл жолғы мән бар еді келісінде.
Хан Кене көнбегенді аса шалқып,
Бурадай бір-ақ шайнар, баса тарпып.
Шошынып отыр еді қанжығалы,
Қаржаспен кете ме деп қоса шарпып.
Ап-айқын арғы жағы енді ұққанға,
Сағырдың жүргендігі сондықтан да.
Білмегі – ханның ойы қандай екен,
Сақтықта қашандағы қорлық бар ма?
Сыңайын аңдай алмай ол да бірден,
Иіліп көппен бірге ханға кірген.
 
Танытып Кенесары жылы қабақ,
Сағырды ертіп алған жолда жүрген.
Қасына жақсыларды жинайтұғын,
Қайда екен сол бір жандар қимайтұғын?!
Батырдың бұтағы деп Бөгенбайдай,
Сағырды бұрыннан да сыйлайтұғын.
«Қайтасың рұқсат алып кейін менен,
Барасың Ақмолаға дейін!» деген.
Ізіне түскендерден секем алып,
Кім білсін күдік бар ма сейілмеген?
Еш пенде хан бұйрығын екі етпеген,
Көлденең жақын түгіл, жат өтпеген.
Сағыр да кете барған көшпен бірге,
Тайлақтай мұрындықтап жетектеген.
Қатерден қағып шыбын жанды Тәңір,
Тапқандай көштің соңы енді сабыр.
Күндік жер ұзағанда Қараөткелден,
Қайтуға ханнан мұрсат алды Сағыр.
Қоштасып, қайта тартты бұрылды да,
Қалың көш қала берді сырылды да.
Жолықты Мұса келіп бір бүйірден,
Жол табу қиын емес жырындыға.
«Білемін сөзге берік әдетіңді,
Дос едің кесіп берер қоң етіңді.
Бозайғыр бекетінің орысына
Бере кет мына хатты!» деп өтінді.
Соқты да Бозайғырға жолындағы,
Тапсырды аманатты қолындағы.
Ақ көңіл, адал жүрек аңқылдаған,
Бәлесін қайдан білсін соңындағы.
 
Еліне Сағыр сөйтіп кері қайтты,
Көргенін Саққұлаққа барып айтты.
Әңгіме бірден-бірге үдеп жетіп,
Көздерін естігеннің бадырайтты.
ХІ
Іштегі жібіте алмай шер-шеменді,
Хан Кене одан сайын өршеленді.
Білдірді Балқожаны тағы шауып,
Бетінен қайтпайтынын өлсе де енді.
Көкжалдай тілерсегін оқ жалаған,
Жақынға жауша тиді қолдамаған.
Болмаса туған елі түгел тірек,
Барымта не болады олжалаған?
Көп жортып шиырынан сыр аңдатқан,
Бөрінің жіліншігін қияр қақпан.
Жүргенде жорықта өзі патша әскері,
Ауылын басып қалды иен жатқан.
Тұра ма аңдысқан жау өшін алмай,
Кенеге кімнің жаны ашығандай?
Таланып хан ордасы, бала-шаға
Тау-тасқа безіп кетті есі қалмай.
Кісі өлді, қан төгілді қызыл-жоса,
Қайтеді заман бұлай бұзылмаса?
Жетектеп желмаясын алып кетті,
Күнімжан ханымменен ұлын қоса.
Жорықтан оралған хан қатты өкінді,
Түнеріп, көкірегі кекке тұнды.
Алдын-артын билерімен ақылдасып,
«Түстікке кетпей болмас!» деп бекінді.
 
Үйірді қара бұлтты жау басына,
Қоймады ақ бөкендей аумасына.
Түсер деп ғазиз басын ойлаған жоқ,
Тағдырдың мазағы мен саудасына...
ХІІ
«Сіз үшін суға түсіп, от кешеміз,
Шөгеміз нар түйедей, шөк десеңіз.
Түстікке барғысы жоқ біздің елдің,
Хан ием, – деді, – қаһар төкпесеңіз!?»
Тайжандай қимаса да қабыланды,
Тілегін сәл ойланып, қабыл алды.
«Қайыр-қош, – деді, – аман жүр көріскенше,
Өзіңдей ұмытпаспын бағыланды!».
Қияды ерлер қалай өскен жерін,
Кір жуып, кіндіктерін кескен жерін.
Екеуі бір-біріне байқатпады,
Ып-ыстық көздеріне жас келгенін.
Арқадан ауды Кене, Тайжан қалды,
Күндерге күн қосылып, ай жалғанды.
Жұлқысқан екі жақтың бірі қалар,
Қоңыр да кек алуға сайланған-ды.
Қаржастар қайта көшті қонысына,
Даланың мал жүздіріп сонысына.
Астыртын хабар берді Мұса дағы,
Былтырғы хат жіберген орысына.
Залымның арандаған пышағына
Аяйсың асыл текті Мұсаны да.
Өзімен өзі алысып біздің қазақ,
Сыймаған кең даланың құшағына.
Сау етті бір топ әскер сартылдаған,
Мылтығы үрейді алып тарсылдаған.
 
Бегалы бастап келген тағы, міне,
Итіндей қуғыншының арсылдаған.
Дегендей қолға түстің сорың қайнап,
Тайжанды тұтқындады қолын байлап.
Дүрелеп ел көзінше алды-дағы,
Жөнелді Ақмолаға – өлімге айдап.
Батырдың көкжалменен серті бірдей,
Өмірден арпалысты ол түңілмей.
Тепкілеп ат арбадан түсірді де,
Қуысқа тықты апарып көр түбіндей.
Не шара, ұшырған соң бастан бағын,
Көрді ғой көресінің жастан бәрін.
Өкініп Кенеге ермей қалғанына,
Жіберді шайнап-шайнап бас бармағын.
Басады төбесінен түрме төніп,
Қамаған Сейтенді де түнде әкеліп.
Соққыдан сілікпесі шыққан Тайжан,
Қиналды бір ыңырсып, бір жөтеліп.
Ұйықтатпай, сұраққа алып діңкелетті,
Кезекпен ырылдатып сұр төбетті.
Беттері шылп етпейді, шіркіндердің,
Шынымен кім кінәлі білсе нетті?
«Еркіңмен Хан Кенеге қосылдың, – деп, –
Сұрайды қасың менен досың кім?» деп.
Сіресіп Тайжан жауап қайтарады:
«Өздерің алдыменен басындың!» деп.
Қуысқа қайта апарып тепкілейді,
«Мойында, қылмысыңды!» деп тілейді.
Қайырып тапаншаның шүріппесін,
Әкеліп маңдайына оқ тірейді.
 
Күптей боп ісіп кетті бар денесі,
Қалжырап болды, міне, енді өлесі.
Сыймайды таң атқанша тілі аузына,
Құритын шығар мүмкін шөлден осы.
Түрменің үш ай жатты түкпірінде,
Ойласа кінәлі емес тіпті мүлде.
Арса-арса қабырғасы ырсияды,
Кейпі жоқ көрінетін мықты күнде.
Шүмпиіп жақ суалған, шашы қауға,
Тамтық жоқ аяғынан, басынан да.
Әйтеуір кеудесінде шыбын жан бар,
Бір сәтке «Тәуба!» дейді осыған да.
Ақыры сүйретіліп сотқа келді,
Сот емес, жанып тұрған отқа келді.
Шығармақ қайтсе-дағы қылмысты қып,
Куәға шақырыпты топтап елді.
Қараса, Сағыр отыр қанжығалы,
Тайжанға қарай алмай ол бұғады.
«Құдай-ау, мұның қандай қатысы бар,
Жүр ме екен, – деп ойлады, – алжығалы?».
Сары сот ұзын мұртты, қасқа маңдай,
Сөйледі көпті көзбен жасқағандай.
Қасында Қоңырқұлжа сызданады,
Төңкеріп дүниені тастағандай.
Сұққандай қандауырды көк тамырға,
Көрсетті бір қағазды сот Сағырға.
Көрмеген ішін ашып жан білмейді,
Сөз барын май құятын отқа мұнда.
Ұсынып тілмәшына «Оқы!» деді,
Қағазды Сағыр танып отыр еді.
Халқына бір қиянат жасағандай,
Өртенді күйіп-жанып көкірегі.
 
Сүрініп сөзден бірақ алдырмады,
Бәлеге ешкімді де қалдырмады.
«Берген соң Мұса мырза апардым» деп,
Бұлтақтап, бос шелектей даңғырлады.
Мұса да азу басқан аянбапты,
Ақмола оқиғасын баяндапты.
Кененің жүрген ізін жіпке тізіп,
Тайжанға содан кейін аяңдапты.
Сұрағын жалғады сот әрі қарай,
Қолында билік барға бәрі де оңай.
Тайжан да құрылғанын енді білді
Өзіне зымиянның торы қалай.
Аяйтын түрлері жоқ өлсе тіпті,
Құртуға мұның көзін бел шешіпті.
Боштайы Тұрсынбайдың аға сұлтан
Мөр басып, бүлікші деп көрсетіпті.
Көндіріп қаралауға сан жігітті,
Ақсақты тыңдай қылып желдіріпті.
Тұрлыбек Көшенұлы деген біреу
Бәленің бәрін құстай төндіріпті.
«Мойныңа аласың ба? – деді, – осыны,
Көресің қасарыссаң көресіні!».
Құдай-ау, несін алсын – жазығы жоқ,
Тұрса да жұтайын деп көр есігі.
Ойланбай отқа салып қайран басты,
Жер үшін жұлқыласты, майдандасты.
Қызғышқа көл қорғаған қылмыс па екен,
Қалайша кінәлісің дейді албасты?
«Жоқ, – деді атып тұрып, – қылдай кінәм!» –
Жүзінде түскен таңба сұм қайғыдан.
Түнеріп сала берді қара түндей,
Тіршілік райынан күнде айныған...
 
ХІІІ
Айдалып жаяу үш мың шақырымға,
Қорлықтың Сейтен кетті тақымында.
Баласы Азнабайдың ер Тайжанды
Атуға алып шықты ақырында.
Қиылған кісендеулі қол-аяғы,
Үрейлі үлкен көзі алаяды.
Дегендей қайда апара жатырсыңдар,
Мұржалар мойын созып сораяды.
Алдыда – Ысқақ татар, қолда – Құран,
Аспайды Қараөткелде молда бұдан.
Қандарын ішке тартып, сұп-сұр болып,
Төрт жендет қоршап алған жан-жағынан.
Ажалдың елшісіндей ала баған,
Күтіп тұр анадайда бағанадан.
Ойына оралады Қоңырқұлжа,
«Өзіңе сол керек!» деп табалаған.
Сұм тағдыр тырп еткізбес сорлағанда,
Тайжанды таңды апарып сол бағанға.
Қарады Қараөткелге ақтық рет,
Көрінді боялғандай ол да қанға.
Қауыздай қауқарсыз боп кебектегі,
Япыр-ай, өстіп өлу керек пе еді?
Қараөткел тым болмаса тіл қатпады
Тұрғанда бұл пәниден ары өткелі.
Үміті қалмаған соң тосар басқа,
Амал жоқ бойын тіктеп қасармасқа.
Түбінде бір келетін жерім ғой деп,
Бекінді жанарына жас алмасқа.
Тұрса да қаймықпады тажал мұнда,
Хан Кене елестеді көз алдында.
 
Адамның арыстаны кезіккенде,
Сәті бар сескенетін ажалдың да.
Кемсеңдеп татар молда дұға оқыды,
Аузына әзер түсіп білетіні.
Үстінен ұшып өтті қоштасқандай,
Қарқылдап қара қарға бір-екілі.
Қорыққанмен жан қалмайды шошып енді,
Өңменін оқ өтеді тесіп енді.
«Молдеке, елге сәлем, – деді, – айтыңыз» –
Ең соңғы шыққан лебіз осы болды.
Жендеттер қақ жүректен қадап атты,
Молданың көзден жасын домалатты.
Қарға адым қара жерді жатқа бермей,
Өлсе де жамбасына ала жатты...
ХІV
Осылай ауыр күнді ел өткерген,
Кім бізге қысылғанда көмек берген?
Ғасырлар қанды судай тасығанда,
Қазақпыз кешіп өткен сан өткелден.
Кіндігі атажұртқа байланбаған,
Талайлар тіршілікті ойрандаған.
Қараөткел қасіреті еске түссе,
Балықтай тыпырлаймын қайраңдаған.
Түсімде жүреді ылғи арыз айтып,
Жабырқап Басықара, Тайжан маған.
Уақыттың сұмдығына қайран қалам,
Япыр-ау, қалайша осы ойланбағам?
Тірілер өз атына көше беріп,
Заманда емін-еркін тайраңдаған,
Астында мынау әсем Астананың
Үн-түнсіз жатырсың-ау, қайран бабам!?.
 
Жұртыңның жазылған соң тағдырына,
Жалғанның налымаңдар тарлығына.
Азғаны дүниенің – азаматтар
Азайса құлақ асар ел мұңына.
Қозғалса қара халық қорған болмас,
Алтыны сақтап қойған сандығына.
Көміліп топыраққа қалған жоқ па,
Айбынды Алтын Орда хандығы да.
Астана – ата-баба арманы ғой,
Бөленген Азаттықтың таң нұрына.
Аққан жас, төгілген қан, қиылған жан,
Айналған ұрпақтардың ән-жырына.
Астана – ескерткіштің ең ұлысы,
Ұлт үшін құрбандардың барлығына!..
Әумин!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу