Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
21.05.2022
195

Ерік берсе, жыр жазар ем көз ілмей...
Ерік берсе, жыр жазар ем көз ілмей,
Алғаш рет ақын болған кезімдей.
Ей, тәкаппар!
Ей, аяулы қарт ғасыр!
Болмысымнан жүрмін әлі безінбей.
Жыр жазар ем, жұрттың бәрін таң қылып,
Тауларды да, бауларды да ән қылып.
Қазанымды айырбастап қаламға,
Кетер едім ен далаға қаңғырып.
Өлең шіркін, болар ма едің, тым аппақ,
Кетсек пе екен, көшсек пе екен, жырақтап.
Соңғы демде сөйлермісің сезім боп,
Жүрегімде қалармысың тұрақтап.
Ошағыма жарды тастап баланы
Құшағыма ап кетсем бе екен даланы!
Жарты жолдан бұрылам ғой, о, тоба,
Ақын етіп жарата ма ананы!
Күндіз-күлкі, жаныңды арбар жалған бақ,
Мені қойшы, өлең қалай қорғанбақ?
Ағыл-тегіл жылап алды ол бүгін,
Аспан жақты жалғыз өзі армандап...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇