Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  209


Автор: Несіпбек Айтұлы

Сақ - сұқ хикаясы

Татаршадан тәржіма
Медреселердің төрінде нағыз
Оқылар кітап, айтылар уағыз.
Жиналған қауым әр күні кеште
Сақ пенен Сұқты алады еске.
Жаңғырып әйнек есіктен сыртқа,
Жайылар аңыз естіген жұртқа.
Батасың мұңға, тартасың уайым,
Сақ пенен Сұқты аяған сайын.
Қасірет шегіп ғұмырда қысқа,
Екі ұлы кеткен айналып құсқа.
Сұмдықтың сырын Сақ – Сұқтан сұра,
Шешенің ауыр қарғысы, сірә.
Тыңдаңыз енді, Сақ – Сұқтың жайын,
Кейпінде құстың зарлаған дәйім:
Садақпен ойнап қой десе, қоймай,
Еліре түстік салса да ойбай.
Шешенің орнын білмедік тіпті,
Құлаққа сөзін ілмедік тіпті.
Қарайып қаны, қарғады сілеп,
Кенеттен көкті торлады түнек.
Бір кесе шайды болғанша ішіп,
Жөнелдік біздер құс болып ұшып.
Айымыз сөніп, күніміз батты,
Шешенің қандай қарғысы қатты.
Көк тікен жыртып тонымды жаңа,
Айықпас басты жанымды нала.
Қалсын деп үйде әкем зарлады,
Болсын деп Сақ – Сұқ шешем қарғады.
Оңынан соқпай желіміз енді,
Тарылды жүрер жолымыз енді.
Орманға бардық, бүлдірген тердік,
Көрмеген пенде қорлықты көрдік.
Тиген соң шеше қарғысы бізге,
Азап қой одан арғысы бізге.
Мақұрым қалып алғыстан талай,
Болғанбыз Сақ – Сұқ қарғыстан солай.
Су бойларында тоңып, тоздық біз,
Сақ – Сұқ болған соң дүние кездік біз.
Қондық қырларға, орақ ормаққа,
Құдай жазбады олай болмаққа.
Бардым орманға, кестім қос қайың,
Ақты қанды жас көзден күн сайын.
Су бойларынан балапан үйрек
Көргенде өксіп, жыладым күйреп.
Ақ көйлегімді қайда қалдырдым,
Анамды көрмей көзім талдырдым.
Бір жылға дейін тостым күні-түн,
Бір жылдан кейін үзілді үмітім.
Қайту жоқ бізге енді мәңгілік,
Жүрміз орманда жеке қаңғырып.
Екі туысқан екі бөлекпіз,
Қарғыс атқан соң кімге керекпіз?
Дауыл соққаны талға батады,
Біз кездескенше таң да атады.
Күн шықса көзден қанды жас ағар,
Қиямет келмей бізді кім табар?
Қайың кескелі бардым орманға,
Көрмей анамды қалдым арманда.
Мамық шәліні алып қайтарсыз,
Біздің шешейге сәлем айтарсыз.
Жаңбыр жауады, шеше, басыма,
Жылап келдік біз сенің қасыңа.
Бос қарғадым деп неге жылайсың,
Күнде Құдайдан кешу сұрайсың.
Бардым орманға жидек термекке,
Зарлап жылайсың бізді көрмекке.
Қос қарлығашты көру – арманың,
Шеше, жылама, өзің қарғадың.
Болдық осылай қарғыс алған соң,
Жылап қайтесің, Құдай салған соң.
Біздің киімді басып төсіңе,
Иіскеп қоярсың, түссек есіңе.
Көп жылай берме Сақ – Сұққа бола,
Бізді сағынсаң, кітапқа қара.
Кітап оқырсың, ғибрат аларсың,
Ұшқан құстарға көзің саларсың.
Ақ сүтің беріп өсірген кеше,
Кешіргей бізді, бақұл бол, шеше?!
Өзіңді енді азапқа салма,
Бақида жазсын көруге Алла!
Жанымды отқа салғаным жетер,
Екі баламды қарғадым бекер.
Терекке шықтым, жан-жақты шолдым,
Екі баламды көрмекші болдым.
Жартысы қалды жаймамның ірі,
Екі баламның қалмады бірі.
Дейсің де өстіп зарлайсың күнде,
Біздерді енді көрмейсің мүлде.
Сарғайсын зарлы, мұңдансын мұңлы,
Кінәлі өзің, қарғайсың кімді?
Медресе барсаң айтады тәмам,
Сақ пенен Сұқтың бәйітін саған.
Анадан тудық жазған соң Тәңір,
Тартудай тарттық қарғыстан зәбір.
Бойында Еділ шулар қамысы,
Орманда қалың Сақ – Сұқ дауысы.
Сары көйлегім кеттім кие алмай,
Үйден шыққанда, қош бол дей алмай.
Сайрар сандуғаш, бізді сұрама,
Өзің қарғадың, енді жылама.
Дүние қызығын көрмей барамыз,
Бізді қарғаған ғазиз анамыз.
Әкей қалдырған үйде қалдық біз,
Шешей қарғады – Сақ - Сұқ болдық біз.
Батып ұйқыға бір түс көрдік біз,
Жалғыз жүруге жастай көндік біз.
Су жағасында балалы үйрек,
Сыздады көрсек жаралы жүрек.
Алтыда бірге ұшып-қондық біз,
Жетіде кенет Сақ – Сұқ болдық біз.
Орман ішінен көрдім маралды,
Қарғыс тиген соң қанат жаралды.
Ұзақ тыңдадым сандуғаштарды,
Көңіл бұзылып, көзден жас тамды.
Дейсің қайғының батты салмағы,
Екі баламның бірі қалмады.
Шеше, тоқашты көп қып пісірдің,
Нендей кейіпке бізді түсірдің?
Мешіт ішінде қалды әкеміз,
Шетте телміріп, жүрміз жеке біз.
Жасыл белбеуді байлай алмадым,
Үйден кетерде сөйлей алмадым.
Шеше, кір жудың судың бойында,
Сақ – Сұқ болар деу жоқ-ты ойыңда.
Бардым орманға, қалдым арманда,
Зарлап жүремін күнде сол маңда.
Ойнап екеуміз қайда бармадық,
Шешей қарғар деп ойға алмадық.
Шеше қарғысы сездік төнгенін,
Ұштық қасыңнан, әке, көрмедің...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу