Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
20.05.2022
164
Тойда
Әр түрлі ала-құла жұрт жиылған
Бұл тойға қайдан келдім тұтқиылдан?
Біреулер төңкерді де, теуіп кетті
Көңілдің тостағанын сүт құйылған.
Қазаққа келгенменен пішіндері,
Қазақша бір ауыз сөз түсінбеді.
Бүйрегі шіркіндердің бүлк етпейді,
Білмедім, не бәлекет ішіндегі?
Жас тұнып жанарыма жас ботадай,
Өлеңнен тілген едім таспа талай.
Төгілтіп жыр оқып ем алдарында,
Бетіме бажырайды тасбақадай.
Соғады суық ызғар сөздерінен,
Жылылық көре алмадым көздерінен.
Қарадым мен де оларға ажырайып,
Қалдырмай кесірлерді өз жөнімен?..
Іші арзан, жандар екен сырты құнды,
Болмадық кісінескен жылқы құрлы.
Үн-түнсіз бұрылдым да жүре бердім,
Жасырып жұлықтағы жыртығымды...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter