Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  126


Автор: Несіпбек Айтұлы

Тағдыр

Көшеден кезіктірдім бір бұралқы,
Соншалық аянышты мұңлы қалпы.
Көңілім алай-дүлей бола қалды,
Боранға айналғандай күннің арты.
Қабысқан қос бүйірі үңірейіп,
Тастаған итаяқтай түбін ойып.
Секілді шүңет қасық сынап құйған,
Байғұстың көзі кеткен шүңірейіп.
Қолыңа жаутаң-жаутаң телмеңдейді,
Қуғанға, зекігенге мән бермейді.
Ұрыдай тығып кеткен заты қалған,
Көрінген күресінге өңмеңдейді.
Үйге әкеп байлап едім қыңсылады,
Тарыдай көз жасы тұр ыршығалы.
Тамағын тойдырсам да тыншымады,
Жақпады жіптің мойнын қыршығаны.
Сұмдықтай көрінді оған мұндай шара,
Босаттым, көнбес тіпті жүндей саба.
Өз басын өзі сұрап алғандай боп,
Бүлкілдеп бара жатты бір бейшара...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу