Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  136


Автор: Несіпбек Айтұлы

Нөсерден соң...

Шіркін-ай, неткен ғажап мына жалған,
Жаудырап көз алдымда тұна қалған.
Әп-сәтте күлімсіреп шыға келді
Көк аспан жаңа ғана жылап алған.
Алысты жақындатып жайнаған күн,
Жарқырап кетті бәрі айналамның.
Ашылып көңілімнің күйсандығы,
Келіп тұр бұлбұл құстай сайрап алғым.
Арылып көкжиек те мұнарынан,
Ап-айқын көрінеді тым арыдан.
Тұныққа шөліркеген қос жанарым
Сусындап шыға алмай тұр құмарынан.
Тау тұнық, орман тұнық, көл де тұнық,
Жібектей желпіп өткен жел де тұнық.
Ішінде мөлдіреген дүниенің,
Дариға, тұра берсем тербетіліп...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу