Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
20.05.2022
107
Төмендетпей қарсы алдан жел екпінін...
Төмендетпей қарсы алдан жел екпінін,
Аспан құйды төбеден шелек мұңын.
Біреу мендей дәл осы тағдырды да
Өткеруі басынан керектұғын.
Бұл өмірді мен емес сұрап алған,
Жасаған да жоқ едім сірә, қолдан.
Мен болмасам біреуді дәл осылай
Тосып алар еді ғой сынақ алдан.
Мың оралды аяққа жаза етегі,
Білем тағдыр мұны да аз етеді.
Қыр соңымнан сабылған қайғы үйірі
Біреуден де қалмауы қажет еді...
Иығыма салмағын артып әр күн,
Көрсетеді бақыттың жарты қалпын.
Жан жүйкесін жұқартар әркімдікі
Өз қайғысы өзіне тәтті бәлкім...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter