Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  126


Автор: Мөлдір Дарханбаева

Күпті ойға көмілді көңілім...

Күпті ойға көмілді көңілім,
«Қайдалап» жатырмын, жан жырым?
Соңынан жүгіріп «желінің»
Шаршадым, жүнжідім, алжыдым.
Мен солай шарқ ұрып, жынданып,
Қалтафон артынан құлаймын.
Мұңдардан, жылдардан жырға арып,
Жүгірем, шабытқа сұр-айдын.
Тағы да адасам, ақымақ
Ақылды әріге көміп кеп.
Өлеңнен ұялы «жат» ұнап
Отырам желіде «ежіктеп»...
Жер шұқып, аспанға «өрнек» сап,
Уақыттың бағасын ұрлаттым.
«Өлең?» деп, туғанда «кермек» сәт
Телефон артынан үн қаттым...
Қолдағы қажетсіз бұл қорап,
Қалдырар жанарсыз, базарсыз.
Төрінде тұрмаса жыр-қонақ
Бір күні өледі ажалсыз...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу